Азаматтық алудың машақаты

Азаматтық алудың машақаты

Азаматтық алудың машақаты
ашық дереккөзі
1324
Азаматтық – жер бетінде тіршілік еткен әрбір адамның белгілі бір елде өмір сүруіне хақылы екенін және сол елдің заңды азаматы екенін айқындайтын басты құжат. Әйткенмен дүниежүзіндегі әрбір жанды-жансыз заттың, тіптен үй жануарының да тиісті құжаты бар. Заңды құжаты бар әрбір заттың  өз хақысы да белгіленген. Сондықтан да кез келген елдің азаматтық құжатын алу – абыройлы міндет. Олай дейтініміз азаматтық құжаты жоқ адамның қоғамдық статусы және әлеуметтік мүмкіндігі төмен. Себебі азаматтық –  адамның құқықтары мен міндеттерінің жиынтық  ұғымын білдіретін құжат. Тіптен адам қолындағы азаматтығынан айырылып қалуы да мүмкін (әрине, заңда көрсетілген талаптарды бұзған жағдайда). Сондықтан да азаматтық құжаттың қаншалықты киелі һәм маңызды екені түсінікті. Қазақстан азаматтығын алу туралы заң бойынша кім­дер аза­мат­тық ала алады, кімдер ала ал­майды деген мәселе емес, біз бұл ма­қалада шетелден көшіп кел­ген эт­никалық қазақтардың аза­мат­тық алу мәселесін сөз етпекпіз. Себебі 1991 жылдан бері атажұртқа орал­ған ағайынның ең басты «бас ау­руы» – азаматтық алуы. Бұл про­цес­­тің машақаты мен кедергілері көп. Әр жылдар әртүрлі жеңілдіктер жа­салды. Заң жобалары да ұзақ зерт­теліп, түзетулер мен толық­тыру­­лар енгізілді. Қоғамда жиі тал­­қылауға түсті. Бірақ қандас­тар­дың азаматтық алу мәселесі әлі жеңілдеген жоқ. Бұған дейін жазылған бас­па­сөз бет­теріндегі деректер мен құзырлы орындардың берген мәліметтеріне сүйенсек, азаматтық ала алмай жүр­ген қандастарымыз әлі де көп. Өткен 2-3 жылғы мәлі­мет­терге көз жүгіртсек, 2017 жылы Еңбек және ха­лық­­ты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Көші-қон комитетінің өкілі Бағлан Қасеновтің айтуынша, 2 мыңдай оралман куәлігінің мер­зімі өтіп кеткен. 2018 жылы қарашада Парла­мент депутаттары қандастардың аза­маттық алу мәселесін жеңіл­де­тілген тәртіппен шешу туралы Үкі­­мет­ке хат жазып, депутаттық сауал жолдаған. Депутаттық сауал­да «Азаматтық ала алмай жүрген қандастардың саны 7 мыңға жуық екені» айтылған. Екі цифрдың да аз көрсеткіш емес екені белгілі. Жеті мың тағ­дыр, жеті мың мәселе. Алайда 2019 жы­лы наурыз айында оралман мәр­­те­бесінің уақытын ұзарту ту­ралы Тұңғыш Президент Н.Назар­баев­­тың жариялаған бір жылдық мора­то­рийі – жоғарыда айтылған аза­мат­тығы жоқ қандастардың кө­бі­нің аза­маттыққа ие болуына оң ық­па­лын тигізді. Бұған газеттің қандастарға арналған ATAJURT  жобасы ая­сында өңірлерді аралап, азамат­тар­дың тыныс-тіршілігімен танысу барысында нақты көз жеткізген едік. Елбасының оралман мәртебе­сін ұзарту туралы бастамасының ая­сын­да бір ғана Қарағанды облы­сын­да мыңға жуық қандас азамат­тық алған. Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министр­лігі­нің өткен жылдың 26 тамызда жариялаған мәліметі бойынша, акция шеңберінде елімізде 5 789 эт­никалық қазақ «оралман мәр­тебесі» куәлігінің мерзімі ұзар­тыл­ған. Оның 4 909-ы азаматтық алуға құжаттарын тапсырған. Егер бұл акция жарияланбаса қаншама қандастардың аза­маттық алу мәселесі және азамат­тар­дың әлеуметтік жағдайы қиын­дай түсері сөзсіз еді. Сондықтан да мұн­дай жеңілдіктің аса қажет еке­нін дәлелдеу үшін бұдан басқа қан­дай мысал келтіруге еді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев президенттік міндетті қа­былдаған­нан кейінгі мәлім­деме­сінде Көші-қон саясатында Елбасы­ның ұстан­ған бағытын жалғас­тыра­тынын жеткізген болатын. «Қандастарды қағазбастылық­тан, бюрократиядан мейлінше арылту үшін Елбасы жариялаған ак­ция әлі де жалғасын табуы қа­жет», – дейді көші-қон саласы­ның бі­лікті маманы Талғат Мүрсәли.

Азаматтық алуда кездесетін кедергілер

2013 жылы 10 желтоқсан күні бе­­кі­тілген «Қазақстан Респуб­лика­сының кейбір заң актілеріне еңбек миграциясы мәселелері бойынша түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес қандастарға азаматтық Қазақстанға көшіп келген соң 4 жылдан кейін беріледі деп көрсетілген. Бұл заң қандастар мен олардың құқығын қорғаушы­лардың наразылығын тудырып, қоғамда қызу талқылауға ұласты. 2018 жылы заңға қайтадан өзгеріс­тер енгізіліп, шетелден келген эт­никалық қазақтар 1 жылдың ішін­де азаматтық алатын болған. Бірақ сол уақытқа дейін жарамдылық мерзімі шектеусіз түрде беріліп кел­ген «оралман» мәртебесі 1 жыл­ға ғана жарамды болып бекітілді. Азаматтық алуға басты ке­дер­гілердің бірі – «оралман мәртебесінің»  мерзімді уақытының қысқалығында емес, азаматтық алуға тиісті құжаттарды жинаудың машақатында. Тарихи Отанына оралған әр қазаққа 5 күн ішінде «орал­ман куәлігі» беріледі. Тұрақты тір­кеу­ге отырып, ықтиярхат алады. Ары қарай жергілікті Ішкі істер ме­­­­кемелеріне тиісті құжаттарын то­­лық өткізсе, жеңілдетілген тәр­тіп­­пен 3 ай ішінде, ары кетсе бір жыл­да азаматтығын алады. Бірақ бұл жұмсақтап айтқанда сөз жүзін­де. Ал іс жүзінде қандастар көпте­ген өткелден өтетіні белгілі. Енді тиіс­ті құжаттардың тізіміне жеке-жеке тоқталып өтсек.

Оралман куәлігінің жыры

Шетелден көшіп келген қан­дас үшін оралман куә­лігін алу қиындық тудырмайды. Ары кетсе бір аптада дайын (5 жұмыс күн) болады. 1 жылға ғана бе­рілетін оралман куәлігінің жа­рам­ды мерзімі өтіп кеткен қан­дас­тар көп. Ал оралман куәлігінің уа­қыты өтіп кеткен соң азаматтыққа тап­сыру мүмкіндігінен айырылады. Тек заңда көрсетілген шарт бойын­ша азаматтыққа тапсыруға болады. Мы­салы, азамат сол елдің азамат­ты­ғынан шыққаны туралы анық­тама әкелуі қажет. Ал бір жылға ға­на жарамды оралман куәлігі қай­та ұзартылмайды. Тек бұрынғы өзі тұрған елінен азаматтықтан шық­қаны туралы анықтама әкеліп қа­на Қазақстан азаматтығын алуға құжат өткізе алады. Ал бұған қара­ма-қайшы келетін және бір мәселе бар. Мысалы, Қытай елі ондай анық­таманы бере салмайды. Олар­дың да өз та­ла­бы бар. Егер Қы­тайдың азамат­тығы­нан шыққыңыз кел­се, басқа елдің азаматы бол­ға­ныңызды анықтай­тын анық­тама­ны Қытай тарапына тапсыруы ке­рек. Сонда ғана олар  «азамат­тық­тан шықты» деген анықтама береді. Оның өзін екі жылдан кейін ғана ала алады. Осындай екі  елдің бір-бі­ріне қара­ма-қайшы заңдардың зар­дабы қан­дастарға тиіп келеді. Қолданыстағы жаңа заң жо­басына сәйкес, «Қазақстан­да оралман мәртебесін алған этни­калық қазақтарға жеңілдетіл­ген тәртіппен азаматтық алу үшін қо­лайлы жағдай жасалды. Бұл мәрте­бе бір жылға жарамды. Мәртебені ұзарту оралман мәртебесі тоқта­тыл­ған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімге өтініш берген кез­де жеңілдетілген тәртіппен аза­мат­тық алу үшін ғана көзделеді», – дейді Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау вице-министрі Ахма­ди Сарбасов.

Азаматтық алу үшін талап етілетін құжаттар

Азаматтық алу үшін жина­ла­тын құжаттардың тізімін және оның жүзеге асу барысын ег­жей-тегжейлі жіктеу ұзақ процесті қажет етеді. Себебі жинайтын құ­жат­тардың тізімі көп. Сонымен қа­тар заң біреу болғанымен әр өңірдің істі жүзеге асыру тәсілдері әртүрлі. Көші-қон саласында қан­дас­тардың құжаттандыру мәсе­ле­сімен айналысып жүрген «Атажұрт» бос­қындар мен қандастарды қол­дау қоғамдық қорының төрағасы, заң­гер Талғат Мүрсәлидің айтуына қарағанда, мұндай әртүрлілікті қө­ші-қон заңының әлі де жетіл­діріл­меуінен дейді. Сонымен азаматтық алу үшін талап етілетін құжаттар: сот­талмағаны туралы анықтама, ұлты қазақ екенін растайтын анық­­тама, сол елдің азаматтығынан шығу туралы анықтама (шығу парағы) және елшіліктің келісімі. (Өз­бекстан қазақтарының «шығу пара­ғын» алуы біраз шырғалаңға салады. Бұл өзі бір үлкен тақырып). Осы төрт басты анықтаманың әр қайсысының құны – $10. Ал жыл­дам алу керек болса – $20. (Астана­дан алыс өңірден келетін қандастар кей анықтамаларды $20-ға алуға мәжбүр болатын кездері де жиі ұшырасады). Елшіліктің барлық қыз­­меті ақылы (доллар арқылы) жү­зеге асады. Әр анықтама 5 жұмыс кү­нінде дайын болады. Енді бұл алынған құжаттарды Сыртқы істер министрлігі­нің Консулдық қызмет департа­мен­тінен легализациядан өткізеді. Бұл қызметтің құны әрқайсы 10 мың теңге, 3 анықтама 30 мың тең­ге­ні құрайды. Бұл басты анықтама­лар­дан бөлек тағы да 20-ға жуық құ­жаттың тізімі бар. Бұрынғы заң бойынша азаматтыққа тапсыратын қандастар форма 086 медициналық анықтама өткізетін. Қазір ол талап алынып тасталды. Алайда Денсаулық сақтау ми­­­нистрінің 2011 жылғы 30 қыр­күйектегі №664 бұйрығымен бекітілген шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдардың Қ­а­зақстан аумағына келуіне тыйым са­латын аурулардың тізбесі:  на­шақ­ор­лық; психикалық бұзылу (ауру); туберкулез; лепра (гансен ау­руы); жыныс жолдарымен бері­ле­тін инфекциялар (ЖЖБИ) – ме­рез, мерез лимфогранулемасы (до­нованоз), шанкроид; жіті ин­фек­циялық аурулар (жіті рес­пира­торлық вирустық инфекциясы (ты­ныс органдарының жіті вирус­тық инфекциясынан) және гриптен басқа) қатарлы 6 түрлі анық­тамадан өтпеген адамға аза­мат­тық берілмейтіні туралы ар­найы бұйрық шыққан. Қандастар аза­маттық алу үшін бұл бұйрықта көр­сетілген 6 түрлі анықтаманы жи­­­найды. Бұл анықтамалардың бар­лы­ғы ақылы. Жиыны 27 мың теңгені құрайды. Сонымен бірге 6 түрлі анықтама 1 емханадан беріл­мей­ді. Әрқайсысы қаланың әртүрлі жеріне орналасқан болуы мүмкін және ұзын-сонар кезек күтуді елес­те­тіп көріңіз. Сонымен осынша құжаттың бәрін сергелдеңге түсіп жү­ріп жинаған қандастар тағы бір ке­дер­гіге тап болады. Ол – тұрақты тір­кеу мәселесі. Көші-қон заңында уа­қытша тіркеуге тұру, бейімделу, ық­палдастыру деген тармақтары бар. Бірақ бұл заңда толыққанды жү­зеге асып жатқан жоқ. Кейбір өңір­лерде мұндай бір жылға бері­ле­тін әлеуметтік жатақханалар бар. Алай­да бұл еліміздің барлық өңі­рін­де қарастырылмаған. Осы кезде ала­қанын ысқылап делдалдар шы­ғады. Тұрақты тіркеуге тұр­ғызу үшін ең кемі 90 мың теңге та­лап етеді. Бұл бір адамға ғана. Көп­балалы отбасылар үшін үлкен шы­ғын. Ал бұл қаржылардан мем­лекетке бір тиын түспейді. Тек дел­далдардың қалтасы қампаяды. Шетел паспорты азамат­тық алғанға дейін 6 рет ау­дар­тады екен. Әр аударма 3 500 тең­ге. Әрқайсысы нотариуспен заң­­дастырылады. Қысқасы, азамат­тық­қа тапсыру үшін әр қандас ор­таша есеппен 90 мың теңге жұм­сай­ды екен. (Тұрақты тіркеуді қос­пағанда). Тұрақты тіркеуге тұрып, төрт анықтаманы әкелген соң, екі ай ішінде ықтиярхат шығады. Одан кейін тағы да 3-4 құжаттың тізімі беріледі. Ол құжаттарды жи­нап, фотоға түсіп, азаматтыққа тап­сырады. Өткізілген құжаттар дұрыс болса азаматтық алты ай ішін­­де шығады. өйткені 6 ай бойы тиісті ме­­кемелердің тексеруінен өтеді.

Сотталмағаны туралы анықтама

Сотталмағаны туралы анық­та­ма болмаса ықтиярхат бе­ріл­мейді. Ықтиярхат – әлемдік тә­жірибеде бар құжат. Этникалық қазақ­тар Қазақстан азаматтығын алу үшін әуелі «оралман мәртебесін» ие­леніп, со­сын ықтиярхат алады. Ық­тиярхат алу үшін сотталмағаны ту­ралы анықтама тапсыруға мін­деттелген. Көші-қон заңы 49 баптың 9 тар­мақшасындағы соттал­ма­­ғаны туралы анықтама Қы­тайдан келетін қазақтардан сұрал­май­ды. Себебі Қытай елі қылмысты бол­ған, сотталған адамды шетелге шығар­майды, паспорт бермейді. ол Қытай заңымен шегелеген. Бұл сая­сат көптеген қандастар мен ма­­ман­дардың наразылығын туды­рып, көші-қон процесіне кедергі екені айтылған соң, Көші-қон қыз­­меті мұндай анықтама алу шар­тын (әсіресе Қытайдан келе­тін­дерге) тиісті министрліктен емес, қоныс ау­дарушының тұрып жатқан ме­кеніндегі полиция бөлімшесінен де алса болады деп оңайлатқан.

Ұлты – қазақ

Азаматтық алу үшін қойы­ла­тын та­лаптардың бірі – ұлты­ның қазақ болуы. Азаматтыққа өті­ніш тап­сыр­­ған кез келген азаматтың ұлты­ның қазақ болуы шарт. Себебі Аза­­маттық туралы заң­ның 3-ба­бын­да былай делінген: «Қазақстан Республикасы жаппай қуғын-сүр­гін, күштеп ұжымдастыру кезең­дерін­де, адамгершілікке жат өзге де сая­си шаралар салдарынан Респуб­лика (Қазақстан) терри­тория­сынан кетуге мәжбүр болған адам­дар мен олардың ұрпақтары­ның өз терри­ториясына қайтып оралуы үшін, сондай-ақ басқа мем­лекеттер тер­риториясында тұра­тын қазақтар үшін жағдай жасай­ды». Сондықтан ол заңды анық­тама арқылы дәлелденеді. Кө­шіп келген елінің құзырлы орын­дарына жүгінеді. Бұл анықтама, әсіресе еуропа­дан көшіп келетін қандас­тар­ға үлкен кедергі. Бұл туралы га­­­зетіміздің №6 санында (13.02.20) «Түркиядан келген қандастар қазақ екенін неге дәлелдей алмай жүр?» деген тақырыпта мақала жариялан­ды. Түркия елінен көшіп келетін қан­дастар ұлты қазақ екенін дәлел­дей­тін анықтаманы бұрын Дүние­жүзі қазақтарының қауымдасты­ғы­нан алып келген. Енді елдегі Кө­ші-қон заңы бойынша бұл анық­тама қабылданбай отыр. Яғни, ке­дергі Түркия тарапынан емес, елі­міздің шығарған Көші-қон заңын­да­ғы талап кедергі болуында. Екінші, Иран Ислам Респуб­ли­касынан көшіп келетін қандастардың ұлты қазақ екенін анықтайын құжатты алуы қиын. Себебі Иран елінде азаматтардың құ­жатында ұлты жазылмайды. Сон­дықтан Иран еліннен көшіп келген қандастар ұлтының қазақ еке­нін дәлелдей алмай көп әуре-сар­саңға түседі. Қазақстан Көші-қон қызметі ұлты қазақ екенін дә­лелдейтін құжатты елшілік ар­қылы алуды талап етеді. Ал Иран елінің Консулы ондай құжат бермейді. Иран қазақтары ол анық­таманы алу үшін жергілікті мешітке жү­гінеді. Мешіт имамы «мына аза­маттың ұлты қазақ» деген бір жа­пырақ қағаз жазып береді (парсы ті­лінде).  Ал Қазақстан зайырлы мем­­лекет, Иран аты айтып тұрған­дай діни мемлекет. Осындай қара­ма-қайшылықтар Иран қазақтары­ның құжаттануына зор кедергі кел­тіріп отыр. Осы ретте Қытай, Ре­сей, Моңғолия қазақтары үшін бұл анықтаманы алуға көп кедергі жоқ.

Азаматтықты тез алудың бір жолы

2014 жылы Қазақстан Үкіметі сол жылдың 20 наурызында «Орал­ман­дар қоныстандырылатын өңір­лерді анықтау» туралы қабылдаған № 248 қаулысында Нұр-Сұлтан мен Ал­матыдан басқа 14 облысты ата-­ған. 2019 жылы Еңбек және әлеу­мет­тік қорғау министрлігінің бұй­рығымен қандастарды қоныс­тан­дыруға 5 облыс белгіленді, олар: Ақмола, Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қа­зақ­стан облыстары. Жоғарыда көптеген қандас­тардың азаматтық және жәрдемақы ала алмай сарсаңға түсуі­нің тағы бір сыры – «Оралман­дар қоныстандырылатын өңірлерді анықтау» туралы қаулы жайлы ақ­параттың жеткіліксіздігі. Шетел­ден көшіп келген қандастар ең бірінші осы аталған өңірлерге бар­са, азаматтықты тез арада алуға мүм­кіндік мол.

Шетелдік этникалық репатрианттардың азаматтық алу моделі

Бірінші және Екінші дүние­жүзі­лік соғыстардың алапат зар­дабымен бірге басқа да тарихи оқиғаларға байланысты әлемнің әр та­рабында жүрген диаспоралар та­рихи Отанына көшуіне мүмкін­дік бар. Бұл көші-қон саясаты Гер­мания, Израиль, Ресей және Қа­зақстан қатарлы елдерде жүргізілу­де. Қазақстан көші-қон саясаты әлем­дік тәжірибелерді де қалыс қал­дырған жоқ. Германия – этникалық ре­патриант саясатының моде­лін­де 100 мың адамға дейін аза­мат­тарды қабылдауға арналған квота бар. Бұл ретте Германияға кіру үшін этникалық немістерге тілді және неміс мәдениеті мен дәстүрін білуіне жоғары талаптар қойылады. Этникалық немістер ГФР-ге келген кезде арнаулы жеті қа­былдау ла­герлерінің біріне тіркеле­ді және белгілі бір жердің аума­ғында (әкімшілік) тұруға жолдама алады. Репатриант мәртебесін (біздің «орал­ман мәртебесіне» ұқсас) ал­ғаннан кейін «қандас» не­міс­тер ав­томатты түрде Герма­ния азамат­тығын алады. Әлеумет­тік қолдауға келетін болсақ, неміс тілін оқыту курсы төленеді және зей­нетақыны есептеу кезінде шық­қан еліндегі еңбек өтілі есепке алы­нады. Ресей Федерациясы – кө­ші-қон саясатында шетелде тұра­тын отандастардың ерікті түр­де қоныс аударуына жеңілдік көз­­делген. Шетелден көшіп барған этни­калық орыстар белгілі аумаққа тіркелген соң және азаматтық алғанға дейін мектепке дейінгі тәр­биелеу, жалпы және кәсіптік білім беру, әлеуметтік қызмет көрсету, денсаулық сақтау,  жұмыспен қамту мемлекеттік және муници­пал­дық мекемелері қыз­меттерін қамтитын өтемақы па­кетін беру арқылы жәрдемдеседі. Израиль – этникалық не­месе діни топқа тиесілі еке­нін дәлел­деген еврейлерге бастапқы ор­на­ласуға, күнделікті шығыстарға, пә­тер жалдауға және иврит тілін үй­­ренуге  қаржылай көмек көрсе­те­ді. Бұл ретте көшіп келу­шілер ше­карадан өтісімен бірден аза­мат­тық алады.   P.S. Қазақстан – дүниежүзіндегі әр қазақтың тарихи Отаны. Заңда көрсетілгендей әр этникалық қазаққа азаматтық беріледі. Жеңілдетілген жолдары да жыл сайын жетіліп келеді. Алайда басы артық құжаттар мен кедергілер қазақ көшіне әлі де салқынын тигізіп отырғаны жасырын емес.

Серіктес жаңалықтары