1200
Бұлбұл Кәпқызы: Қолөнер әйел адамның мінезін қалыптастырады
Бұлбұл Кәпқызы: Қолөнер әйел адамның мінезін қалыптастырады
Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы Баян-нұр елдімекенінде туып, атажұртқа келген белгілі қолөнер шебері Бұлбұл Кәпқызымен хабарласып, қазақтың қолөнері жайында айтқан әңгімесінен ықшамдап жазып алған едік.
– Терме тоқу немесе терме теру көбінде киізүйдің жабдықтарын түгендеуге арналған. Менің негізі істейтін ісім осы. Терме теру. Біз бұл өнерді әжелерімізден үйрендік. Олар мынаны былай істе, үйрен демейді. Бірінші көзі нашарлаған үлкен әжелер инесін сабақтап бер дейді. Содан бастап бір-бірлеп үйрендік. Бәрі өмірлік тәжірибемен келеді. Қолөнер де басқа өнер сияқты, «талант бір пайыз, қалғаны еңбек». Адамды адам қылатын еңбек деген рас сөз.
Іс істейтін әйелдің орны қашанда биік. Қазақтың жалпы салт-санасына берік орнаған бір киелі ұғым бар еді. Атқа міне алмаған жігітті қазақтар «бос тақым» дейді. Мұны есту қазақ жігіті үшін абыройсыздық. Сол секілді әйелге қойылатын талап – ісмер болу. Егер қолынан іс келмесе, оны бұрынғылар «олақ» дейді. Мұндай сөз есту қазақ әйелі үшін бұрын үлкен сын болатын. Қазір, әрине заман өзгерді. Ең құрығанда ұлттық өнерге құрметпен қарау керек еді. Бірде бір үйдің қасында әлдебір затты жауап қойған тұскиізді көрдім. Көненің көзіндей болған ою-өрнекпен көмкерілген сол бір әдемі бұйымды қалай адам көзі қиып жабындыға айналдырып жібереді деп таңғалдым. Сосын үй иесіне айттым, өз анаңыздың көз майын тауысып жасаған затын қалай далаға қалдырасыз деп. Осындайларды көріп қынжыласың кейде.
Бұрын кез келген қыз оң жақта отырып, жасауын өзі жасайтын. Іске ыспар қыздар өзінен басқалардың да жасауын жасап шығатын. Бұл оң жақтағы қыздың үлкен өмірге деген дайындығы ғой. Бәрінің тәрбиелік мәні зор. Қолөнер әйел адамның мінезін қалыптастырады. Іс істеу үшін үлкен төзімділік керек.
Қолөнердің пайдасын санап тауыса алмаймыз. Ең бірінші, қазіргі қоғамдағы жұмыссыз отырған қыз-келіншектер үйінде отырып-ақ кәсібін дөңгелетуге болар еді. Екінші қолөнер деген аты айтып тұрғандай, өнер және кәсіп. Қазақ халқы дүниеге көзқарасын, дүниетанымын, айтқысы келген ойын ою-өрнекпен жеткізген. Әрбір ою-өрнек мағынасына, бедерінің үйлесімділігіне сай қолданылады. Мысалы, қыз баланың көйлегіне құстың қанаты іспетті, ал бөркіне, сәукелесіне құс тұмсық тәрізді оюларды бейнелейді. Себебі ұзатылған қыз жат жұртта құстай еркін болсын деген мағына береді. Жалпы, қыздардың киіміне еркіндіктің символы болатын оюларды салып отырған. Ал ұл балалардың киіміне, әсіресе бас киіміне тау тектес оюларды салған. Өйткені еркін даланың ерке ұлдары әрқашан биік, асқақ болсын деген ұғым бар.
Қазір киізүйді мерекелерде ғана көреміз. Киізүйлерді нақты жағдайда ешуақытта қолданылмайтын қалың шым-шытырық, алабажақ термебаулармен шырмап тастайтын болды. Бір ғана мысал, астанаға барған бір сапарымда Ұлттық музейде тігулі тұрған киізүйді көрдім. Іші айқыш-ұйқыш баудан көрінбейді.
Айта берсек, әңгіме көп. Осы өнердің, осы саланың басы-қасында жүрген соң әр нәрсе өз орнымен, мән-мағынасымен қолданылса екен деген жанашырлықпен айтып жатырмын. Ертең ұрпағымыздың алдына ұлттық дүниетанымымыз орнықты, ұлттық құндылығымыз түгел жетсе деген ой.