1473
Бүркітші қыз Айшолпан туралы кітап шықты
Бүркітші қыз Айшолпан туралы кітап шықты
Небәрі 13 жасында әлемді таңғалдырған бүркітші қыз ретінде дүниежүзіне танылған Айшолпан Нұрғайыпқызы былтырдан бері Нұр-Сұлтан қаласында оқу құны бір жылда $20 мың құрайтын халықаралық Spectrum мектебінің шәкірті. Ол осы оқу орнына арнайы грант жеңіп алған. Сонымен қатар Айшолпанды әлемге аты әйгілі Оксфорд пен Гарвард университеттері оқуға шақырған болатын.
Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы алақандай Алтын-сөксе ауылында дүниеге келген қандасымыз Айшолпанмен хабарласып, өзі жайлы шыққалы жатқан кітап туралы сұраған едік.
Америкада қандасымыз Айшолпанның өміріне арналған «Бүркітші қыз» атты кітап дайындық үстінде. Жазуша Лиз Уэлш Айшолпанның ес білгенге дейінгі өмірін ата-анасынан жазып алған және есейгеннен кейінгі өмірін бүркітші қыз өзі айтып берген. Қазақтың саятшылық өнері жайлы жазылған айтулы туынды натурализм мен экзотикаға құмар америкалық оқырманның қызығушылығын арттырып отырған көрінеді.
Айшолпанның айтуына қарағанда, кітаптың тұсаукесері мамыр айында Америкада болады.
Сонымен қатар Айшолпан жайлы бірнеше деректі фильм де түсірілген болатын. 2014 жылы ағылшынның Daily Mail басылымында бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы туралы мақала жарық көрді. Сөйтіп әлемге саятшылық дәстүрді ұстанған ең жас қыз ретінде танымал болды. Одан кейін америкалық режиссер Отто Белл «Бүркітші қыз» атты деректі фильм түсіріп, «Оскар» сыйлығына ұсынды. Деректі фильм 15 үздік фильмнің қатарына енді.
2016 қыркүйекте АҚШ-тың Колорадо штатында өткен «Теллурайд фильм» фестивалінде қандасымыз Айшолпан отбасымен The Eagle Huntress фильмі арқылы қатысқан еді. Деректі фильм киномамандардың жоғары бағасына ие болып, ең таңдаулы деректі фильм қатарынан көрінді.
Қандасымыз Айшолпан Баян-Өлгей аймағындағы туризм саласының дамуына зор ықпал етіп келеді. Оның жасап жатқан елін, табиғат аясындағы қызғылықты өмірін көруге баратын туристер жыл санап артып келеді.