287
Қазақстанның еңбек нарығына 17 мыңнан астам маман керек
Қазақстанның еңбек нарығына 17 мыңнан астам маман керек
Қазақстанның еңбек нарығына әр түрлі сала бойынша 17 мыңнан астам маман керек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов мәлім етті. Елімізде еңбекке жарамды азаматтардың 5 пайызы жұмыссыз бола тұра, 17 мыңнан астам жұмыс орнының бос тұруына не себеп?
Елімізде жұмыссыздық деңгейін барынша қысқартып, еңбек етуге қабілетті азаматтарды жұмыспен толық қамтудың барлық тетіктері қарастырылуда. Өйткені қоғам дамуының, адамзат өркениетінің өзегі өнімді еңбек екені әлімсақтан белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елең-алаң шақта жұмыссыздықтың белең алғаны шындық. Бірақ қазір жұмыс жоқ деген тек еріншектің айтар сылтауы ғана. Жұмыс істегісі келетін адамға мүмкіндік көп. Елбасы: «Жұмыссызға балық берудің қажеті жоқ, оған балық аулауды үйрету керек», – дегенде еңбек етуге жағдай туғызуды меңзегені анық. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында әлеуметтік-еңбек қатынастарының модельдерін қалыптастыру, жұмыспен қамту саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінгені бекер емес. Мемлекет басшысы халықты еңбекпен қамтамасыз етуді ұдайы назарда ұстап келеді. Жыл сайынғы халыққа Жолдауларында жаңа жұмыс орындарын ашудың, адамдарды жаңа кәсіптерге даярлаудың нақты жолдарын ұсынып, осы тапсырмаларды жүзеге асыруды жергілікті билікке қадап тапсыруда. Өз ісін ашамын дегендерге қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асырылуын да назарынан тыс қалдырған емес.
Еңбек нарығындағы жағымды жаңалықтың бірі – 2016 жылы елде қосымша 60 мың жаңа жұмыс орнының ашылатыны. Оған бюджеттен 100 млрд. теңге бөлу қарастырылған. Мұның барлығы дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасы аясында қолға алынып жатқан шаралар. Бұған қоса, ҚР Кәсіподақтар федерациясымен 2,3 млн. жұмысшының құқын қорғайтын қосымша 75 мың меморандумға қол қойылған. Жаңа Еңбек кодексінің аясында еңбеккерлердің қауіпсіздігі мен жалақысына қатысты мәселелер де қаралмақ. Өткен жылы Бас прокуратура жұмыс берушілердің еңбеккерлер алдындағы берешегі 4,1 млрд. теңгеге жеткенін анықтап, кешіктірілген жалақылар мен жұмыс кезінде зардап шеккендерге төленуі тиіс өтемақылардың берілуін бақылауға алды. Бұл – Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов келтірген деректер. Сондай-ақ, федерация басшысы қазақстандық кәсіпорындарда 17 мыңнан астам жұмыс орны бос тұрғанын айтты.
Мұндай статистиканы жуырда ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов те тілге тиек еткен болатын. Бүгінгі таңда еңбек нарығында бірқатар мамандықтар бойынша кадр тапшылығы сезілетінін айтқан вице-министр: «Біздің қолымызда ағымдағы бос орындар туралы ашық тізім бар. www.enbek.kz порталы – елдегі барлық бос жұмыс орындары қамтылған, барынша кеңейтілген база. Бүгінде бізде 17200 бос орын бар. Мен сізге алғашқы 10-дықты атап өте аламын. Мекемелер мен кәсіпорындарға: 622 мұғалім, 605 дәрігер, 565 есепші-кассир, 398 дәнекерлеуші, 360 бетоншы, 314 көлік жүргізушілері, 280 қызмет көрсету саласының әкімшілері, 277 жинаушы-жуушылар, 255 сату менеджері, 239 инженер керек», – деді вице-министр. Оның айтуынша, алдағы бес жылда еңбек нарығы тағы ондаған мың жұмыс күшін қажет ететін болады. Әсіресе, көлік жүргізу саласында жұмыс күшіне деген сұраныс өсе түседі екен. Келер бес жылда Қазақстанға 30 мыңнан аса көлік жүргізушісі қажет болмақ. Сондай-ақ, 18 мың 500 локомотив машинисі мен осы салаға қатысты мамандықтарды меңгерген 5 мың 700 адамға тұрақты жұмыс орны берілмек. Құрылысшыларға деген сұраныс та арта түседі: 26 мың құрылысшы-монтаждаушы, 24 мыңнан аса әрлеуші, 20 мыңнан аса қара жұмысшы, 11 мыңдай сәулетші мен инженерге сұраныс туады.
Біржан Нұрымбетовтың пікірінше, қызмет көрсету саласында да бос орындар көбеймек. Есесіне, ауыл шаруашылығы, жылжымайтын мүлік саласының мамандарына сұраныс азаяды деген болжам бар. Ал өнеркәсіп саласында жұмыспен қамту деңгейі тұрақты болады.«Біз үш жыл қатарынан болжауды екі бағытта жасап келеміз. Бұл біржылдық қысқамерзімді жоспар, онда біз бір жылда бізге қандай мамандар қажет екендігін шеше аламыз. Екіншіден, бесжылдық жоспар экономикалық макрокөрсеткіштерге сүйене отырып жасалады», – дейді Б.Нұрымбетов.
Елімізде жұмыс орындары көптеп ашылып жатса да, жұмыссыздық деңгейі неге төмендемей отыр? Әсіресе, оқу бітірген жастар арасында екі қолға бір күрек таппай жүргендер неліктен көп? Ресми деректер бойынша еліміздегі жұмыссыз жастардың деңгейі 5,6 пайызды көрсетіп отыр. Бұл көрсеткіш 2012 жылы 4,6 пайызды құраса, 2013 жылы 5,9 пайызға бір-ақ көтерілген. Ал 2014 жылдың статистикасы бойынша еліміздегі жастардың жалпы саны – 4,3 миллион, оның ішінде қала жастары 2,4 миллион, ауыл жастары – 1,9 миллион. Жастардың 2,2 миллионы жұмыс істесе, 1,9 миллионы оқиды. Ал 117 мыңнан астам жас жұмыссыздардың қатарында. Бұл мәселе әлемнің көптеген елдерін мазалап отырғаны белгілі. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне сүйенсек, қазір дүниежүзінде 15 пен 24 жас аралығындағы азаматтардың 13 пайызы, яғни, 75 миллион жас жұмыссыз. Олардың 6 миллионы жұмыс табудан біржолата күдер үзген.
Жастар арасындағы жұмыссыздықтың артуына себепші факторлар ретінде ең әуелі жоғары оқу орындарының нарық талабына сай маман даярлай алмауы, мамандарды әзірлеу үшін онда қажетті инфрақұрылымдардың болмауы, жұмыс берушілердің жас мамандарды жылы қабылдамайтындығы аталады. «Диплом бар, жұмыс жоқ». Жоғары оқу орнын аяқтаған жас мамандардың аузынан жиі естілетін сөз. Сарапшылар жоғары білімді жастардың жұмыссыздығын олардың мамандықты дұрыс таңдамауымен байланыстырады. Яғни, сұранысқа ие мамандықтардан гөрі бүгінгі күннің «сәнге айналған» мамандықтарын таңдауға құмар. Бұл құбылыс еңбек нарығының тепе-теңдігіне кері әсер етіп отырғанын жоққа шығара алмаймыз.
Жұмысқа орналасқысы келетін маманның алдынан шығатын тағы бір кедергі – жұмыс берушінің университетті енді ғана бітірген маманды құшақ жая қарсы алмайтыны. Оның орнына сол сала бойынша бірнеше жылдық тәжірибесі бар, даярлауды қажет етпейтін маманды жұмысқа алғанды құп көреді. Демек, тәжірибе жинақтау үшін жастар студент кезінен бастап мамандық бойынша қызметке араласуы қажет. Бірақ тәжірибелі маман іздейтін жұмыс берушілердің студенттерді қызметке қабылдауы екіталай.
Сонымен қатар, жұмысқа орналасуға ниетті жас маманның міндетті түрде сынақтан өтуі керек. Дәл осы сынақтан өту мерзімі кезінде де заңға қайшы әрекеттердің орын алатынын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та сынға алған болатын. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында: «Еңбек кодексінде жаңа қабылданған қызметкерлер үшін сынақ мерзімі туралы норма бар. Алайда кейбір кезде ол ешбір қисынға сыймайтын жағдайға дейін жеткізіледі. Жоғары оқу орындарын бітірген жастар заңда белгіленген мерзім ішінде «сынақтан өтушілер» есебінде ешбір еңбекақысыз жұмыс істеп қана қоймай, сонымен бірге, оларды шамадан тыс жұмысқа салу жағдайлары да жиі кездесіп қалады. Оның үстіне сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін 3-4 сынаққа алынушының біреуі ғана штатқа кіргізіліп, қалғандары шетке қағылады. Әсіресе, мұндай берекесіз тірлікке мемлекеттік емес мекемелер мен жеке құрылымдар, соның ішінде ірі банктердің филиалдары көбірек барады. Бұл дегеніміз – біздің жастарымызды қанаудың бір түрі емес пе?!» – деп атап көрсетті.
Оқу бітірген жастардың ұзақ уақыт жұмыссыздар қатарын толықтыруына олардың бірден жайлы кеңсе, жұмсақ орындық іздейтіні де себеп. «Бүгінгі жастар құрылыс алаңдарына барғысы келмейді. Олардың барлығына кеңседе отыратын «таза» жұмыс керек. Ал ауыл шаруашылығындағы жұмыстың жеңілі жоқ. Онда қаладағы сияқты жылы жерде отырмайсың. Жоғары оқу орнын бітіргендер немесе колледжде білім алғандар болсын, дипломын ұстап бір ауық ауылға барады да, шамалы уақыттан соң кетіп қалады. Қалаға келіп, саудамен айналысады немесе айлығы аз болса да «жайлы» орынға жайғасады», – дейді қостанайлық кәсіпкер, «Ерлан компаниясы» ЖШС директоры Төлеген Жайлаубаев. Демек, жұмыс орындарын ашумен бірге, ол орындарды жұмыссыз жүрген мамандармен қамту тетіктерін де қатар қарастырған жөн.
Анар ЛЕПЕСОВА