336
212 нысанға тексеріс, 46 миллион теңге айыппұл
212 нысанға тексеріс, 46 миллион теңге айыппұл
Nur Otan партиялық бақылау комитетінің отырысында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инфрақұрылымның дамуы туралы сөз болды.
Биыл 13-21 ақпан аралығында комитеттің жұмыс тобы Қазақстан бойынша 92 көлік нысанын, оның ішінде 25 теміржол вокзалы мен 31 автовокзал, сондай-ақ 24 теміржол және 12 автобус стансасын тексерді. Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекованың айтуынша, темір жол вокзалдарының 38%-ы ғана ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келтірілген. Дегенмен, мемлекеттік органдардың деректері басқаша сөйлейді.
«Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтеріне сәйкес, көліктік қызмет көрсету нысандарын бейімдеу және паспорттау жұмыстары барлық өңірлерде аяқталған. Яғни, нысандар ресми түрде қабылданып, барлық санаттағы адамдар үшін қолжетімді болып саналады», – деді Жанат Омарбекова.
Спикер қоғамдық көлікке ерекше назар аударды. Елімізде тұрақты автобус маршруттарында барлығы 11 563 автобус қатынайды. Алайда олардың төрттен бір бөлігі ғана ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жабдықталған.
Айтылған сынға жауап ретінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов министрлік қоғамдық нысандарға (мектептер, ауруханалар, әуежайлар және т.б.) қатаң бақылау жүргізетінін мәлімдеді.
«Өткен жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша 1 300 тексеріс жүргізілді. 212 нысан бойынша 46 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды. Әртүрлі мекемелердің қолжетімділігінің интерактивті картасы көрсетілген inva.gov.kz портал жұмыс істейді. Оған бүгінде 31 мыңнан астам нысанның деректері енгізілген. Жергілікті атқарушы билікке мемлекеттік органдардың нысандарын бейімдеу, қайта жаңарту үшін толық көлемде қаражат бөлінбейтінін атап өту керек», – деді вице-министр.
Мәжіліс депутаты, Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев қаржыландырудың жетіспеушілігіне күмән келтірді. Оның айтуынша, халық қалаулылары өңірлерге жиі барып, қолжетімді ортаны құруға назар аударады.
«Саяси ерік бар, жоспар орталық деңгейде бекітілді. Ақша бар, қаржыландырылып жатыр. Тек құмға сіңген судай болып кетіп жатыр. Ал пандус – бұл ғарыш айлағы ма?! Бұл ғимараттың тұрғанына 500 жыл болса да, пандус жасап, навигациялық тақталарды, көрсеткіштерді бекіту қиын емес», – деді комитет төрағасы.
Нұрғайша Әбдраман