509
Қатаң жаза қауіпсіздікті күшейте ала ма?
Қатаң жаза қауіпсіздікті күшейте ала ма?
Жол қауіпсіздігін сақтау – басты міндет. Бірақ мұны бәрі бірдей ескере бермейді. Нәтижесінде, тасжолдың бойында болатын апат көп. Апат салдарынан болатын өлім-жітім де аз емес. Үкімет жол ережесін бұзғандарды жазалауды барынша қатаңдатуға тырысқанымен, жүгенсіз жүргізушілердің жауапсыздығына тоқтау болмай тұр.
Балдық жүйе енгізілсе...
Таяуда дәл осы жол қауіпсіздігі мәселесі елордада сөз болып, тағы бір тың ұсыныс айтылды. Бұл жолы өз ұсынысымен сенатор Андрей Лукин елді елең еткізді. Лукин айтқан жаңаша жазалау жүйесі қазіргі уақытта қоғамда қызу талқылануда. Әрине, пікірлер сан түрлі. Сонымен, Андрей Лукин жол ережесін бұзғандарды қалай жазалауды ұсынды? Депутаттың түсіндіруінше, ережеге бағынбағандарды жазалаудың жаңа түрі балдық жүйеге негізделеді. Яғни, жүргізуші ереже бұзған сайын ұпайынан айырылып отырады. Егер ол шекті межеден асып кетсе, көлікті жүргізу құқынан айырылады. «Жол ережесін бұзғаны үшін балл есептеу жүйесін әзірлеп, енгізуге қатысты тиісті ұсыныс жасалуда. Яғни, белгіленген лимит асырылған жағдайда арнайы бақылау-өлшеу құралдары арқылы жүргізуші куәлігінен айыру жоспары бар», – дейді Андрей Лукин. Депутаттың ұсынысын тәртіп сақшылары да қолдайды. Ұсынылып отырған бұл әдіс бұрыннан шет мемлекеттердің тәжірибесінде бар. Мысалы, Грузия билігі жол ережесін бұзған жүргізушілермен күресудің балдық жүйесін 2017 жылы енгізген болатын. Елде көлік тізгіндеген әр азаматқа 100 балдан тұратын лимит беріледі. Ереже бұзылған шақта, электронды реестр бойынша жүргізушінің балы шегеріліп отырады. Жол қозғалысында көп шалыс басып, лимиті таусылған жүргізуші куәлігінен айырылады. Кейін қайтадан сынақ тапсырып, қайта жүргізуші атануға мүмкіндігі бар. Аталған ереже 1 маусымнан бастап, қолданысқа енеді. Ішімдік ішіп, рөлге отырғандарды қатаң жаза күтіп тұр, бұл үшін 30 балл шегеріледі. Екінші рет қайталанса, қамауға алынып, үшінші рет қолға түссе, жүргізуші куәлігінен мүлдем айырылады. Айыппұл салудың жаңа ережесін ойлап табушылар басты қауіп дәл осы мас жүргізушілерден келетінін айтады. Жолда қауіпсіздік белдігін тақпау секілді ұсақ қателіктер үшін 5 балл шегеріліп отырады. Берілген лимит, яғни 100 балл бір жылға жетпей таусылса, көлік иесі куәлігінен қағылып, қайта аттестацияға жіберілуі мүмкін. Құқық қорғаушылар мен үкіметтік емес ұйымдар осындай жаңашылдық арқылы Грузия жолдарындағы апат санын азайтуға мүмкіндік алып отыр. Ал Украинада бұл жүйе 2015 жылы енгізілген. Тәртіпке сай украиндық жүргізушілерге жыл сайын 150 ұпай беріледі, ал жол ережесін өрескел бұзғаны үшін олар бірден 50 балл алып тастайды. Армениялықтарға бір жылда 9 ұпай ғана беріледі. Егер сол бір жыл ішінде жүргізуші ұпайларынан түгел айырылса, ол 6 айға жүргізуші куәлігінен айырылады. Дегенмен 3 айдан кейін теориялық емтихан тапсырып, куәлікті қалпына келтіруге болады. Жүргізушілер бір бағытты көшемен қарсы бағытта жүргені немесе жылдамдықты межеден 31-50 км/сағ-тан асырғаны үшін 3 балдан, мемлекеттік нөмірге қатысты қулық-сұмдықтар жасағаны үшін 2 баллдан, ал бұрылу мен айналу кезінегі қателіктер мен жаяу жүргіншілер өткелінде, жолайырықта ереже бұзғаны, басып озғаны, қауіпсіздік белдігін тақпағаны, рөлде отырып темекі шекені мен телефонмен сөйлескені үшін 1 балдан айырылады. Бұл жүйе біздің елде де қолдау тауып, іске қосылса, жол ережесін бұзып, мас күйінде көлік жүргізіп, қос жолақты кесіп өтіп, телефонмен рөлде сөйлескендер жүргізуші куәлігінен айырылады. Дегенмен, көлік жүргізушілерін жазалаудың жаңа тәсілі қашан енгізілетіні бізге беймәлім. Бұл әлі де ақылдасуды, талдап-таразылауды қажет етеді. Ал егер қоғамда бұл жүйеге қатысты оң пікір қалыптасатын болса, депутаттар заңнамаға өзгеріс енгізуге дайын. Бірақ әзірге бұл әдісті қолдаушылардан гөрі наразылық танытушылардың қарасы басым болып тұр. Жүргізушілер жаңа жазаның енгізілуін құптамайды. Олар «Сергектің» әуресінен арыла алмай жүргенде, жаңа жүйемен алысуға құлықты емес. Ал екінші бір топ жазаны қатаңдату арқылы жолдағы қауіпсіздікті сақтауға мүмкіндік туатынын айтады. Әзірге тәртіп сақшылары жүргізушілердің жолдағы тәртібін «Сергек» камералары арқылы қадағалауда.«Сергек» сенімді ақтай ма?
Жаңа жүйені ұсынған депутат көлік жүргізушілері «Сергектің» жазасынан оңай құтылып кетіп жүр деп отыр. Жасыратыны жоқ, бұл бейнеқондырғылар еліміздегі ірі қалаларда тәртіп орнатуда. Нақты статистикалық деректерге сүйенсек, ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласында 6 183 «Сергек» камерасы орнатылып, 2019 жылдың 10 айында 1 млн 219 мың жүргізушіге 6 млрд 784 млн теңге айыппұл салынған. Қазір бұл соманың 86 пайызы өтеліп үлгеріпті. Бейнебақылау камералары көлік жүргізушілерінің жылдамдықты шамадан тыс асыруы, жеке көліктердің автобустарға арналған арнайы жолақтарға шығуы, Stop сызықшаларынан асып кетуі секілді ереже бұзуды тіркейді. Тағы да статистикаға сенсек, бүгінге дейін «Сергектің» арқасында елордадағы өлім-жітім көлемі екі есе азайыпты. Мәселен, 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында жол апатынан 60 адам көз жұмса, 2018 жылы 34 адам ажал құшқан. Ал қоғамдық орындарда ауыр қылмыс саны 39 пайызға, аса ауыр қылмыс саны 18 пайызға төмендепті. Ал Алматы көшелерінде өткен жылдың соңында 400 «Сергек» бекеті орнатылып, 1 қаңтардан бастап іске қосылды. Бұл шамамен 2 мың камераға жуық. Дәл осы Алматыдағы «Сергек» камералары 8 күннің ішінде 2,5 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактісін тіркеп, көлік жүргізушілеріне 42 млн теңге айыппұл салыныпты. Ал өткен жылы Алматыда 500 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактісі тіркеліп, жүргізушілер 3 млрд 600 млн теңге айыппұл арқалаған. Алдағы уақытта Алматы көшелеріне тағы 307 «Сергек» бекеті қойылады деп жоспарланып отыр. Мұндағы басты мақсат – жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бірақ мұнымен жүргізушілер келісе бермейді. Жол үстінде қате басқан әр әрекетіңді таспаға жазып отыратын «Сергек» жүргізушілерге қосымша қысым дейтіндердің қарасы қалың. Қанша жерден бейнеқондырғы жол үстіндегі тәртіпті реттеп, жүгенсіздерді жөнге салуға мүмкіндік туғызады десек те, жүргізушілер «Сергекке» риза дей алмаймыз. Жүргізушілердің сөзінше, «Сергек» онсыз да күнін әрең көріп жүрген адамдарды қанау үшін орнатылған. Әсіресе, көлігі көп Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы кептелістер жүргізушілерді әбден зәрезап қылып біткен. Ал мұндай кептелістерден жүйкесі тозған жүргізушілердің кейде еріксіз жол ережесін бұзатынын да жоққа шығара алмаймыз. Асығып келіп, Stop сызығынан шығып кететіндер де кейде арнайы автобус жолағына түсіп, ереже бұзатындар да табылады. Ал енді «Сергек» жүргізушілердің мұндай «еркелігіне» көз жұмып қарай алмайды. Сондықтан көлік тізгіндегендер бүкіл ғұмырын кептелісте өткізсе де, ережеге бағынуы шарт. Олай етпеген күнде тапқан-таянғанын айыппұл төлеуге жұмсайды. Нұржан ЫҚЫЛАСОВ, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны: – «Сергектің» болғанын өз басым қолдаймын. Жолда тайраңдап жүретіндерге тұсау болады деп сенемін. Әрине, «Сергек» арқылы ереже бұзғандардың бәріне айыппұл салынып, қазына қаржысы көбейеді. Бұл мемлекет үшін тиімді. Бірақ қит етсе таспаға түсіріп алатын «Сергек» қарапайым жүргізушілер үшін «бас ауруына» айналды. Пенде болғасын кей кезде абайсызда жол ережесін бұзатындар кездеседі. Мұндайдың бәрін қалт жібермейтін «Сергек» арқылы жүргізушілерге айыппұл жазылады. Ал бұл қарапайым жүргізушілердің қалтасын жұқарта түсетіні анық. Оған қоса жанармай бағасы да қымбат. Жеке өз басыма «Сергектен» еш пайда да, зиян да жоқ. Әрине, бейнеқондырғылардың арқасында жол ережесін бұзатындардың қатары азаюы мүмкін. Сондықтан мұндай бақылаушы құрылғылардың болғаны дұрыс та шығар. Әсіресе, ірі мегаполистерде. Алайда бұл қарапайым халыққа кесірін тигізбесе екен деймін. Аян ЖАҢАБЕКОВ, Алматы қаласының тұрғыны: – «Сергектің» негізгі қызметі – жол ережесін бұзушыларды бақылауға алу. Сол арқылы жол ережесін бұзатындар азаяды деп санайды. Мұнымен келісемін. Бірақ екінші бір мәселе бар. Адамның басына қай кезде қандай жағдай түсетінін білмейсің. Біреу ауруханаға асығып бара жатуы мүмкін. Енді біреу баласына асығып бара жатуы мүмкін. Мұндай кезде жүргізуші жол ережесін қасақана бұзбайды ғой. Кейде тіпті білместіктен ереже бұзатын жүргізушілер де болады. Ал «Сергек» соның бәрін түсіріп алып, артынан төлейтін айыппұлдың көлемін арттырады. Біздің Алматыда қауіпті аудандар бар. Яғни, қылмыс жиі тіркелетін аудандар. Тәртіп сақшыларының қолында статистикалық деректер бар ғой. Ендеше, «Сергекті» сол статистика бойынша қылмыс жиі тіркелетін аумақтарға қойсын, сондай аудандарда орналасқан үйлердің аулаларына қойсын. Сонда биліктегілердің қарапайым халықтың қауіпсіздігін ойлайтындарына сенім артуға болады. Жолдағы жүргізушілерді бақылайтын камералар «Сергексіз» де жетіп артылады. Жүргізушілерді біресе салықпен, біресе тіркеумен қорқытады. Енді қай жерде қателесіп, «Сергектің» қырағы көзіне түсіп қалар екенбіз деп алаңдап жүреді. Шын мәнінде, жол ережесін бұзатын жүгенсіз жүргізушілерге «Сергек» те тоқтау бола алмайды. Ал байқаусызда ереже бұзған кей жүргізушілер «Сергектің» кесірінен айыппұл арқалайды. Мәселен, күнін әзер көріп жүрген такси жүргізушілері үшін әр шалыс басқан қадамға айыппұл төлеу – тиімсіз. Тиімсіз дегеннен бұрын өте қиын.