Әлемде су желілерінің 60 пайызы әбден тозған

Әлемде су желілерінің 60 пайызы әбден тозған

Әлемде су желілерінің 60 пайызы әбден тозған
ашық дереккөзі
1059
Халықаралық сарапшылардың көпшiлiгi келешекте су тапшылығы қарулы қақтығыстарға әкеп соғуы мүмкiн деп қауiптенедi. Ал 2025 жылға қарай Жер шары тұрғындарының үштен екiсi су тапшылығының зардабын тартпақ. Ресми деректерге сүйенсек, дүние жүзiндегi 1 миллиард адам iшуге жарамды суға зәру болса, жыл сайын 3 миллиардтан астам адам сапасыз судың кесiрiнен түрлі дертке шалдығуда. Бүгiнде су тапшылығы тек орталықазиялық елдердiң ғана емес, бүкiл әлемнiң бас ауруына айналған мәселе. Давостағы Дүниежүзiлiк экономикалық форумда қазiргi таңда судың мұнайға деген тұтынушылық сұраныстан жоғары екендiгi де айтылған. Бұл ретте, әсіресе сумен жабдықтау және су бұру саласында желілердің 60 пайызға тозуы, соның салдарынан судың тұтынушыға жеткенше 40 пайызын жоғалтуы өткір тұрғаны шындық. Мәселен, суды жоғалту көрсет­кіш­тері АҚШ-та 11, Ресейде 21 және Ұлыбританияда 23 пайызды құрайды. Экономикалық ынты­мақ­тастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) және McKinsey&Co. Халықаралық кон­салтингтік компаниясының есе­бінше, әлемде 2030 жылға дейін, инфрақұрылымға деген инвес­тициялардың қажеттілігі 65-75 трлн. АҚШ долларына артатын көрінеді. Осыған байланысты көптеген елдер мемлекет пен жеке меншіктің әріптестігіне (МЖӘ) жүгінуге бел буып отыр. Ал сумен жабдықтау және су бұру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің әлемдік тәжірибесіне тоқталсақ, Дүниежүзілік банктің су саласындағы зерттеулеріне сәйкес, соңғы 20 жылдың ішінде 32 дамушы елдерде және өтпелі экономикалы елдерде коммуналдық сумен жабдықтау саласында 65-тен астам ірі МЖӘ жобалары іске асырылған. Мысалы, Дүниежүзілік банкпен тізе қосқан көптеген жеке операторлар, атап айтқанда, Батыс Африкада, Бразилияда, Мароккода және Филиппинде суды жоғалтуды айтарлықтай азайтты. Сонымен қатар жүргізілген талдау шаралары жеке сектордың араласуы нәтижесінде сумен жабдықтау және су бұру үшін төлемдердің жиналуын елеулі түрде арттыратындығын және қызмет сапасының айтарлықтай дәрежеде ұлғаятындығын көрсетті.

Су секторын дамытудағы әлемдік тәжірибе

Жеке сектор 1992 жылдан бас­тап, Азия су нарығын дамытуға қатысып келеді. Азияның әр елінде жеке сектордың қатысу деңгейі әртүрлі. Үндістан көбінесе ВОТ (Build-Operate-Transfer) қызмет көрсету шарттарын қолданады. Керісінше, Филиппин мен Индонезияда су секторы тарихында ең ірі концессиялық келісімдер жасалды. Қытай билігі болса, су секторына шетелдік инвестицияларды тартуды көздейді. Бұған мысал ретінде Сычуань провинциясындағы екі жобаны («Үш аңғар» су торабынан бастап, Янцзы өзенінің ағыны бойынша) айтуға болады. Оның біріншісі – өңірдің түрлі қалаларындағы Қытай мемлекеттік ұйымдарының күшімен 19 су тазартатын құрылысты (жалпы құны 220 млн. доллар, оның 100 млн. доллары – Дүниежүзілік банктен қарыз) салу. Жалпы құны 78,5 млн. долларды құрайтын (өнімділігі күніне 300 мың м3 тазартылған ағындар) екінші жоба Suez трансұлттық компаниясымен бірлесе іске асырылуда. Ал мұндағы шығынды Қытай үкіметі мен Suez компаниясы өз мойнына алып отыр. Латын Америкасына келер болсақ, жеке операторлар су секторын дамытуға ХІХ ғасырдың аяғында кірісе бастады. Бүгінде шарттық міндеттемелердің пысықталуы, жеке қатысудың көлемі және сектордың жұмыс көрсеткіші тұрғысынан алсақ, Чили өңірлік көшбасшы болып табылады. Аргентинада 1990 жылдары жеке секторды тартудың көлемді бағдарламасы іске қосылған болатын, алайда қазір көптеген шарттардың күші жойылған. Сондай-ақ, Бразилия, Колумбия және Мексика муниципалдық шарттар арқылы жергілікті жеке инвес­торларды тартуда. Француздар – мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің дамуы үлгісінің заң шығарушысы ретінде саналады. Қазіргі уақытта, XVIII ғасырдан бері осы секторда жұмыс істеп келе жатқан жеке операторлар халықтың көпшілігіне (сумен жабдықтау саласында 81 пайыз және су бұру саласында 63 пайыз) қызмет көрсетеді. Францияда барлығы 14 мың 900 сумен жабдықтау кәсіпорны және 14 мың 400 су бұру кәсіпорны бар. Су саласындағы ең ірі трансұлттық корпорациялар да осы елде. Француз есеп палатасының (Cour des Comptes) мәліметіне сәйкес, МЖӘ-нің барлық шарттарының 85 пайызына жуығы жалдау келісімін жасайды. Сәйкесінше, негізгі инвестициялық шығындарды билік көтереді.

Халық сапалы сумен қашан қамтылады?

Еліміздің сумен жабдықтау және су бұру аясындағы ахуалына келер болсақ, бұл ретте, салада шешілуі тиіс бірқатар түйткілді мәселелерді айта кетейік. Олардың қатарында ұзақ мерзімді тарифтік реттеу, тәуекелдерді азайту, жеке операторлар сапасы, бәсекелестікті дамыту, шетелдік инвесторларды тарту мәселелерін айтуға болады. Сонымен бірге, жеке бизнестің қаражаттарын сумен жабдықтау және су бұру саласына тартуды ең алдымен қызметтердің қолжетімділігінің және сапасының тиімді құралына айналдыру қажет. Қазіргі таңда Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметінің қаулысы бойынша Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес, 2019 жылға қарай орталықтандырылған сумен жабдықтауға және су бұруға қолжетімділікті 100 пайызбен қамтамасыз ету жоспарланған. Бағдарламаны іске асыру нәти­жесінде өңірлік дамуға және әлеуетті өсуді жандандыру бойынша өңірлік бастамаларды ілгерілетуді қаржылай қолдауды ұлғайту көзделген. Халықты сапалы ауыз сумен және су бұру қызметтерімен қамтамасыз ету өңірлердің негізгі даму факторларының бірі екені даусыз. Ауыз сумен қамтамасыз етудің белгілі бір дәрежеде жақсарғанына қарамастан, бүгінгі таңда республика халқының едәуір бөлігі әлі де тиісті сападағы сумен толық көлемде қамтамасыз етілмей отыр. Көптеген тазарту құрылыстары өзінің пайдалану ресурстарын сарқыған және жөндеуді талап етеді, өзгелері артық жүктемемен жұмыс істейді. Бұл сарқынды суларды тазалау технологияларының жобалық деректеріне сәйкес келмеуіне әкеп соқтырады. Бұл жайында толығырақ сарапшы-маманның өзінен сұрауды жөн көрдік. Азат Құтпанбетов, мемле­кет­тік-жеке меншік әріптестік орталығының сарапшысы: – Шағын су арналарының мәселелері де күн тәртібінде өткір тұр. Шағын қалаларда сумен жабдықтау және су бұру облыс орталықтарына қарағанда мейлінше қымбатқа түседі, ал халықтың төлем қабілеттілігі айтарлықтай төмен. Осыған байланысты ауылдық жерлер мен шағын қалалардың су мәселесін шешуге дайын инвесторлар табу да күрмеулі мәселеге айналып отырғаны сөзсіз. Бюджет қаражатын тиімсіз және ұтымсыз пайдалану фактілерін болдырмау, 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған халықты ауыз сумен және су бұрумен қамтамасыз ету бойынша баламалы және үнемді шешімдерді іздеуді кеңейту мақсатында сумен жабдықтау мен су бұру секторын дамыту мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Бірінші, сумен жабдықтау мен су бұрудың жаңа объектілерін салу және қолданыстағыларын реконс­трукциялау кезінде жүйелі тәсілді енгізу. Екінші, сумен жабдықтау және су бұру су шаруашылығы секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру және сумен жабдықтау мен су бұру объектілерін қаржыландыруға жеке капиталды барынша тарту; Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасында айтылғандай, қазіргі кезде қалалық және ауылдық жерлердегі сумен жабдықтау және су бұру кәсіпорындарын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік үлгісіне кезең-кезеңмен көшіру қажет. Бұл елімізде енді бастау алуда. Сондықтан мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктегі әріптестік түсінігі маңызды ұғымға айналғаны жөн. Жүйені дамытудың, оның ұзақ мерзімдегі тұрақтылығын дамытудың ортақ мақсаттары болған кезде ғана жобалардың да сәтті жүзеге асырылатыны анық.

Серіктес жаңалықтары