282
Н.НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті: Қорғаныс пен қауіпсіздік күшейтіледі
Н.НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті: Қорғаныс пен қауіпсіздік күшейтіледі
Ұлттық қауіпсіздік пен көші-қон мәселесіне баса назар аударылған отырыста Елбасы әлемдік экономикалық дағдарыстың кері ықпалына қарамастан, мемлекет халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін мүлтіксіз орындайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, территориялық тұтастық пен саяси-экономикалық тұрақтылыққа қатер төндіретін келеңсіздіктердің алдын алу шаралары да аса маңызды.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді. Еліміздің ұлттық қауіпсіздік стратегиясының 2015 жылы жүзеге асырылу барысы мен көші-қон саясатын жүзеге асыруға қатысты мәселелер талқыланған шараға Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері түгел жиналды. Әлемдік экономикалық дағдарыстың кері ықпалы мен келеңсіздіктерге қарамастан, Қазақстан мемлекеті өз жауапкершілігіндегі барлық әлеуметтік міндеттемелерді мүлтіксіз орындап, қорғаныс қабілеттілігінің, қауіпсіздіктің және құқық тәртібінің қажетті деңгейін сақтап қалатынын мәлімдеген Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біріншіден, Қауіпсіздік кеңесінің бүгінгі отырысында біз қабылдаған бұрынғы шешімдерімізді, бағдарламалардың орындалуын тыңдаймыз. Екінші мәселе, ішкі миграция мен сыртқы миграция жөніндегі екі мәселені қараймыз. Солардың ішіндегі елдің барлық саладағы қауіпсіздігіне істеліп жатқан қазіргі жұмыстар. Болашақта қандай жұмыс істеуіміз керек? Төңірегіміздегі болып жатқан ахуалды сараптауымыз керек. Соның бәрін жасаймыз. Миграция жөнінде де айтатын мәселелеріміз көп. Ақылдасып, бірге шешімдер қабылдауымыз керек».
Кеңейтілген отырыста Елбасы экономикалық өсімнің қарқынын бәсеңдететін жаһандық факторлар ықпалын, көршілес өңірлердегі діни-экстремистік және террорлық сипаттағы қатерлердің арта түсуін елеулі қауіптер мен сын-қатерлер қатарында тұрғанын ескертті. Дағдарысқа қарсы тұру үшін Қазақстан халқы ауызбіршілік танытуы тиіс.
Атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берген ҚР Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Н.Ермекбаев өз баяндамасында мемлекеттік органдардың 2015 жылғы жұмыс қорытындыларына баға берумен қатар, алдағы кезеңнің басымдықтары мен міндеттеріне назар аударды. Ол сондай-ақ, әлемдегі экономикалық ахуалдың тұрақсыздығы жағдайында Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар экономиканы әртараптандыру және қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін сақтау жөніндегі шараларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда құқық қорғау органдарының қызметін бұдан әрі жетілдіру, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы қадамдар жасау аса маңызды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова және Ішкі істер министрі Қ.Қасымов баяндама жасады. Ол еліміздегі көші-қон үдерістерін реттеудің маңызды екі мақсаты бар екенін айтты. Біріншіден, экономикалық өсімді ынталандыру үшін еңбек ресурстарын, соның ішінде қайта оралған қандастарымызды және жоғары білікті шетелдік мамандар легін ел ішіне жүйелі түрде орналастыру қажет. Екіншіден, Қазақстанға халықаралық террорлық топтардың идеологтары мен үгітшілерінің, қылмыс әлемі өкілдерінің, заңсыз мигранттардың келуіне тосқауыл болу қажет.
Отырыс барысында Ермекбаев Қазақстанда Конституция бойынша қос азаматтықтың мойындалмайтынын, соған байланысты мұндай жағдайларға жол берілмейтінін қадап айтты: «Ерекше атап өту керек. Біздің конституциямыз екі елдің азаматтығына рұқсат етпейді. Сондықтан осы екі елдің азаматтығын алдын алу және басқа елдермен бұл мәселе жөнінде мәліметтермен алмасу жөнінде Сыртқы істер министрлігіне және Ішкі істер министрлігіне тапсырмалар берілді. Жалпы айтқанда, осы отырыстың нәтижесінде әрбір мемлекеттік органға, Үкіметке және жергілікті органдарға тапсырмалар беріліп, орындалу, бақылау Қауіпсіздік кеңесінің аппаратына жүктелді».
Бүгінде күн тәртібіне шыққан басты мәселелердің бірі – жер телімдерін өздігімен басып алудың, бекітілген ережеден тыс бей-берекет құрылыстарды тоқтату керектігі айтылды. Сонымен қатар, іс-шараға қатысушылар ұйымдастырылған ішкі көші-қонның маңыздылығына назар аударды. Бұл азаматтардың ел аумағында орналасудағы теңсіздігін жоюды, сондай-ақ Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттарына жетуді қамтамасыз етеді. Қазақстан Президенті Қауіпсіздік кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Үкіметке және мүдделі мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма беріп, олардың орындалуын бақылауды Қауіпсіздік кеңесі аппаратына жүктеді.