314
Әр қазақтың төрінде Абай тұрса
Әр қазақтың төрінде Абай тұрса
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» деп жазған болатын.
Елімізде ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар басталып та кетті. Бұл әрине, көңілге қуаныш ұялатады. Осынау дүбірлі тойға орай біздің де ұсынысымыз бар.
Естеріңізде болса, Кеңес заманында үстел үстіне қоятын, биіктігі шамамен 15 сантиметрдей болатын металдан құйылған Абайдың мүсіншесі дүкендерде сатылатын. Оның бір кемістігі, мүсінше құйылған металл қара-қоңыр түстес еді, содан жұпыны көрінетін. Бірақ қазір осы мүсіншенің өзін еш жерден таба алмайсыз. Тіпті, ескі заттар сататын арнайы антиквариат дүкендерде де жоқ.
Егер әр қазақтың үйінде домбырамен қоса абыз ақынымыз Абайдың мүсіні тұрса, қандай жарасымды болар еді! Бұл әрі келер ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Осы орайда, Абайдың бұрындары жасалған мүсіншесін үлгі ретінде пайдаланып, күміс түстес ақ-сұр металдан құйып, көбейтіп сатылымға шығарса, сұраныс та аз болмасы анық.
Абай мүсіні сыйлы қонағыңа, жақын досыңа, туыс-туғаныңа сыйлауға әбден лайықты сый-тарту болар еді. Шеттен келетін меймандарымызға да Абай бейнесін сыйлап жатсақ, еш сөкеттігі жоқ. Осылайша барымызды бағалап, ардақты тұлғамызға ерекше құрмет көрсете білсек, елдігіміздің белгісі осы болар еді.
Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ,
Нұр-Сұлтан қаласы