1904
Сартай батыр және мың бала
Сартай батыр және мың бала
«Жау жүрек мың бала» фильмі жарыққа шыққалы ел ішінде баласына Сартай есімін берген қандастарымыз көбейді. Ойын балалары Сартай боп ойнап, «жаумен алысып» жүргенін де жиі көретін болдық. Бірақ оны тек аңыз кейіпкері немесе фильмнің жиынтық образы деп қабылдайтындар аз емес. Сартай – XVIII ғасырда өмір сүрген, жоңғарлармен шайқаста ерен ерлік көрсетіп, қазақ жерін жау қолынан азат ету жолында даңқы шыққан айтулы батырлардың бірі, даңқы жастайынан шыққан би.
Қазақ елінің тұтастығы және ұлттың дамуы мен тәуелсіздігі үшін күрескен тарихи тұлғаның бірі – қазақ батыры әрі би Сартай Байжанұлы. Ұлтымыз үшін ауыр сын болған ұлт тарихында мәңгілікке қалуға тиіс айтулы оқиғалардың бірі – Бұланты шайқасы.
XVIII ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ үшін қасіретті жылдар болды. Жан-жақтан бөрідей ұмтылған жоңғар-қалмақтар халықты қырғынға ұшыратты. Жоңғарларға қарсы алғашқы ірі шабуыл Ұлытау аумағында Бұланты, Білеуті өзенінде болды. Бұған үш жүздің барлық әскері қатысты. Жауға алғаш соққы Сарысудың батыс жағалауында Шұбартеңізде берілді. Қазақтардың екпіні қатты еді. Жау амалсыз аттың басын кері бұрып Білеутіге қарай шегінді. Осы кезеңде кіші жүз биі Байжан баласы Сартай батыр Әбілхайыр ханның жасағын іздеп шыққаны жайлы жырда былай суреттеледі:
Сартай батыр
Қозы жауырын, қу жебе,
Сартайдың қолында.
Дула деген ағасы,
Келе жатыр оңында.
Қайып ерен қырық шілтен,
Сартайдың тобында.
Мінген аты Шалғасқа,
Мың баласы соңында.
Азамат қайтпас жігермен,
Қазақтың қалың әскері,
Бұланты деген бұлаққа,
Осылай келіп тірелген.
Алдында қалың жау тұрды,
Қара бұлттай түнерген.
Зеңбіректер зіркілдеп,
Алысқа дабыл жіберген.
Бір айта кетерлігі, жоңғарлар мылтықты сатып алумен, тартып алумен қатар оны өздерінде жасауды қолға алған. Ал қазақтың мылтыққа, зеңбірекке қарсы қолданғаны – айбалта, садақ, найза, қылыш еді. Бұланты шайқасы бұл азаттық жолындағы Ұлы Отан соғысы болды. XVIII ғасырда Каспий теңізінен Алтайға дейін жайылған қазақ даласында ұлтымыз үшін қиын қыстау сынақ жылдары болып, ел басына «ел болу, не табанға түскен құл болу» күні туды. Сондықтан Байжан би мен Бүкірек батыр және ел арыстары Сартайдың талабын қолдап, «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» үш жүздің басын қосу үшін барлық қазақ рулары арасынан елім, жерім, қазағым деп жанып тұрған, өжет, тапқыр, ақылды, қайратты жігіттерді іріктеп алып, қол жинап жаттықтыруды жолға қойып, оған аянбастан тер төгіп бірлесе атсалысқан. Сол «Мың баланың» қайтпас ерлігі жау бетін қайтарып, жоңғарлар мен өткен алғашқы ұлы шайқаста қазақ қолы жеңіске жете бастады. Байжан би Сартайдың бала кезінен ширақ, буыны қатты, атқа үйір болуына байланысты, оған «Шалғасқа» атты ақ қасқа құлынды атап, шабандоздыққа баулыған. Бұл құлын Сартаймен бірге талай шабыстардан өтіп, жауға шабар атына айналған. Сартай 6 жасқа келгенде әкесі «Сен азамат болдың, болашақта елді қорғайтын нағыз батыр боласың» деген сенім мен шеберлерге күміспен көмкерілген ер жасатып, қамшы өргізіп берген. Қазіргі кезде бұл құнды дүние, яғни «ашамай» ер батырдың ұрпақтары Көкебай Қуаназардың тапсыруымен Орал қаласындағы өлкетану музейінің, «Алтын орда» залында көрермендер назарына ұсынылып отыр. Әкесі Байжан Сартайды жастайынан өмірді көрсін, айналасын біліп дербес шешім қабылдап үйренсін деп, аңғарғыш болсын деп жанынан тастамаған. Сауатын ашсын деген ниетпен сол кездегі білім көзі діни оқуға оқытқан, ел арасындағы халық мүддесіне қатысты өткізілетін жиындардан қалдырмай ертіп жүріп, ой мен тіл жүйріктігіне баулыған. Ел азаматтары Сартайдың жастайынан ересек адамдай, ақылдылығына, еңбекқор табандылығына, қарудың барлық түрін еркін қолданып, ат құлағында, қас батырдай ойнайтынына таңғалып, бұл баланың болашағы зор болатынына кәміл сенген. Ел қадірлісі Байжан би үзенгілес досы Бүкрек батырға «Сартайымыздың қасына жас біткенді, топтастырып оларды хас батыр қылып тәрбиелеуді қолға алсақ қалай болады?», – дегеніне Шыңғысхан тұқымы Бүкрек батыр «ертең Отанымызды қорғайтын осылар, оларға соғыс өнерін үйретуді өзіме аламын деген екен.
«Нағашы жұрттың жақсылығына сүйенеді, жамандығына күйінеді» дегендей Сартайдың нағашылары да тегін адам емес екені белгілі. Олар табын руынан атақты батырлары Бөкенбай мен Есет болатын. Сартай сол кездегі ұлтымызға төнген қауіпті, бабаларымыздың жетік тәрбиесін зерттеп, ұлтын, жерін аман алып қалу үшін, ең бірінші қазақ арасында татулық, бірлік керектігін, жауды толық жеңу үшін шағын топ емес, үш жүздің батырларынан құралып, арнайы дайындықтан өткізілген әскер жасақтау қажеттілігін талқыға салған.
Халқымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізуге атсалысқан Сартай батыр мен «Мың бала» ерліктерін көрсету арқылы халықты патриоттық отансүйгіштік сезімге тәрбиелей отырып, әлем жастары бір көруге армандайтын еліміздің төрінде Қазақ батыры Сартай Байжан ұлы бастаған «Мың бала» жорығына қатысты елдің рухын көтерер ескерткіш орнатылып бас қаламыз Нұр-Сұлтанда, және Алматы, Шымкент қалалары мен әр облыстар мен қалалардың көрнекті жерден көше атаулары беріліп, сонымен қоса білім мен тәрбие беру ошақтарында олардың ерлігі мен өмір жолдары дәріптелуі тиіс. Еліміздің тәуелсіздік алып еңсесін тіктеу бабалар рухына деген құрметімізді бұрынғыдан да арттыра түсу қажет. Бұл бабалар рухына деген құрметімізді бұрынғыдан да арттыра түсері сөзсіз. Сартай атамыз 1710 жылы туып, 1875 жылы өмірден озған. Бейіті қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданынан 63 шақырым жердегі, Қызылқұмдағы діни ұстазы Қасымқожа мен Жалаңтөс батыр ұрпағы, Дәулет бақсының жанында. Батырдың ұрпақтары бүгіндері елімізде әр қиырында жемісті еңбек етіп жүр. Солардың ішінде жүз мыңдаған адамның дерттен сауығуынан ерекше жәрдем еткен емші көріпкел дәрігер Жанарыс Еңсепов бар. Бүгіндері Жәкеңді күллі халық жақсы таниды.
Еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанның төрінде Сартай батыр мен «мың баланың» еңселі ескерткішін орнатқан жөн. Сонымен қатар «Мың бала» туралы толықметражды анимациялық фильм түсіруге болады. Тіпті мультсериал жасаса да артық емес. «Жаужүрек мың бала» деген атаудың өзі шетелдік мультфильм жасайтын компанияларға жетсе, қызығар еді. Ал оның оқиғасын шытырман сериалға айналдыруға болады. Жаңа министр Ақтоты Райымқұлова ханым осы жағын ойластырар деген үмітіміз зор.
Орынбек ҒАНИБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның еңбегі сіңген және Құрметті азаматы, Еңбек ардагері,
Индира БАРМАҒАМБЕТОВА