427
Сәбит Досанов: Елбасы – ғасырда бір туатын тұлға
Сәбит Досанов: Елбасы – ғасырда бір туатын тұлға
– Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың ел басқарған 30 жыл уақытының ішінде ел тарихын қалыптастыруда жасаған оң істері көп. Қиын кезеңнің өзінде ел келешегін ойлап, жастарды «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқытты. Заманның қиын кезінің өзінде үлкен жобаларды іске асырды. Бір ғана «Бабалар сөзінің» 100 том болып жарыққа шығуы – қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған баға жетпес байлық. Елбасының әдебиет пен өнер өкілдеріне президенттік стипендия тағайындауының өзі үлкен қамқорлық.
Мен Елбасымен ең алғаш Қарағандыда обкомның хатшысы болып жүргенде таныстым. Сол кезден бастап жақын дос болып кеттік. Елбасының әдебиетке деген құштарлығы мен қызығушылығы өте жоғары, өзі жақсы жазады және шешен. Сөйлеген кезде сирек кездесетін сөздерді қолданады. Бәрінен бұрын, адамгершілік қасиетіне тәнті боламын. Елбасының сынды түсіністікпен қабылдайтын қасиетін де біреу білсе, біреу біле бермейді. Тұңғыш Президент туралы өзімнің «Кемеңгерлік құпиясы» деген кітабымда кеңінен жазған болатынмын.
Н.Назарбаевтың ел алдындағы еңбегі – Қазақстанды бүкіл әлемге танытуы. Елбасы – ғасырда бір туатын тұлға. Бұрыннан қалыптасқан мемлекетті басқарудың өзі кез келген президенттің қолынан келмейді. Ал қиын кезде Қазақстан сияқты мемлекет орнатып, іргетасын бекітіп, оның Қарулы күштерін құру оңай шаруа емес. Елбасы қазақ мемлекетін құрды, қалыптастырды, іргетасын бекітті, қабырғасын қатайтты, шаңырағын нықтады, уықтарын мықтады. Бұл – оның тарих алдындағы үлкен еңбегі. Мемлекеттің іргетасын қалай отырып, еліміздің әлемдік кеңістіктегі орнын да естен шығармады. Бүгінде Қазақстанды әлем мойындады. Қазір біз үйренуші мемлекеттен үйретуші мемлекетке, үйренуші халықтан үйретуші халыққа көтерілдік. Бұл – еліміздің ең үлкен жетістігі.
Н.Әбішұлының әлемдік саясаттағы орны ерекше. Ұлыбритания премьер-министрі болған Маргарет Тэтчер: «Қазір жаһандық саясатта 5-6 ірі және ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Мен оған сенемін және оның барлық бастамаларын қолдаймын» деген болатын. Джордж Буш, Барак Обама Кофи Аннан, Пан Ги Мун сынды әлемдік деңгейде беделі жоғары саясаткерлер өз бағасын берді.
Қазақтың екі үлкен бақыты бар. Бірінші бақыты – Алла Тағала берген Тәуелсіздік болса, екінші бақыты Қазақстанға осындай үлкен саясаткер, данышпан адамды президент етіп берді. Елдің өркендеуіне еңбекқор халық пен көш бастаған көреген көсемі негіз болады. Мұндай елдің алмайтын асуы жоқ. Осы екі негіздің арқасында біз талай қиындықты еңсердік. Ал енді алысқа бармай-ақ көршілес елдердегі қақтығыстарды көріп отырмыз. Мысалы, Украина мен Ресей қырқысып, туысқан халықтар біріне бірі оқ атып, бақытын содан жоғалтты. Бізде Құдайға шүкір, ондай заман жоқ, болмасын да.
Ұлт көшбасшысы туралы ойлағанда менің есіме Бұқар жыраудың Абылай ханға қарап айтылған «Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай» деген және Вольтердің «Мемлекеттік құтқару үшін бір ғана ұлы адам жеткілікті» деген осы екі сөзі түседі. Бұл сөздер Ұлт көшбасшысының тұлғасын, бекзат бейнесін ашып тұрғандай. Біздің Тұңғыш Президентіміз – қарадан туып хан болған, өзін-өзі тәрбиелеген, жетілдірген адам.
Елбасы – ерекше идеялардың иесі. Оның тағы бір қасиеті – мемлекет алдына биік мақсаттарды анықтап қоюы. Алғашында Елбасының идеясына сенбейсің, орындалмайтын фантазия сияқты. Бірақ арада уақыт өткен соң сол биік мақсатқа қол жеткізгенін көресің. Ел алдында тұрған үлкен мақсаттарға өзінің еңбекқорлығымен, талапкерлігімен жетті және Қазақстанды да солай жеткізді.