«Инфекция ауызға қалай түсуі мүмкін?»: Тісін емдеткен соң қайтыс болған студенттің туыстары дәрігерлерді сотқа беретінін мәлімдеді

17 жастағы студент тамыз айында жоғары екі тісін емдету үшін емханаға барып, стоматологқа қаралады.

«Инфекция ауызға қалай түсуі мүмкін?»: Тісін емдеткен соң қайтыс болған студенттің туыстары дәрігерлерді сотқа беретінін мәлімдеді
communityimpact.com
737

Ақмола облысында тісін емдеткен соң қайтыс болған 17 жастағы студенттің туыстары қайғылы оқиғаға дәрігерлерді кінәлап отыр, деп хабарлады turkystan.kz Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Қара жамылған отбасы ұлымызды сенделткен ақ халаттылар тіпті тісін де жұлып бермеді дейді. Қызыл иегі қабынып, қызуы көтерілген Асылжанның жансақтау бөлімінде жан тапсырғанын айтады.

17 жастағы Асылжан тамыз айында жоғары екі тісін емдету үшін емханаға барып, стоматологқа қаралады. Алайда тіс дәрігері жасөспірімнің тісін рентгеннен өткізіп, кейін қызарып тұрған тамағын көрсетуге терапевтке жіберді дейді ата-анасы. Сол уақыттан бастап колледж студентінің дене қызуы қайта-қайта көтерілген екен.

ЗӘУРЕ ҚҰШЫНОВА, марқұмның анасы:

– 4-қыркүйекте балам терапевтке барып, справка ашты. 6 қыркүйекте дене қызуы 42-ге дейін көтерілді. Жедел жәрдем шақырдық. Олар қызуды түсіретін антибиотик берді. Қан қысымын өлшеп, тамағын тексерді. Тұз ерітіндісімен, легольмен емдеу керектігін айтты. Келесі күні емханаға келіп, фильтрдан өтсін деді.

Екінші рет дене қызуы көтерілгенде жігіттің жағдайы тым нашарлап, облыстық балалар ауруханасына түскен. Тіпті бір аяғын баса алмай қалды дейді анасы. Жансақтау бөлімінде 10 күн жатқан Асылжан ақыры көз жұмған екен. Марқұмның анасы өлімге дәрігерлерді кінәлайды.

ЗӘУРЕ ҚҰШЫНОВА, марқұмның анасы:

– Инфекция ауызға қалай түсуі мүмкін? Әлде стоматолог құралдарды өңдемеген бе? Балам үшін кінәлілер жазаланса деймін. Баланы қайтару мүмкін емес, бірақ бұған қатысқандардың барлығы жазалануы керек, өйткені мұндай жағдайлар қайталануы мүмкін. Дәрігердің кінәсі дәлелденбесе, сотқа беремін.

КАМИЛА ӘБДЕЛМАНОВА, Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

– Аталған мәселе бойынша Денсаулық сақтау басқармасы мемлекеттік мекемесі жанынан арнайы комиссия құрылды. Тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін медициналық талаптарды бұзушылықтар болған болса, тиісті шаралар қабылданатын болады.

Ал 17 жастағы еңгезердей ұлынан айырылған ана істі соңына дейін жеткізбей қоймаймын деп отыр.

Серіктес жаңалықтары