Қал-ағаң шығарған «Түркістан»
Сонымен 1994 жылы 12-қаңтарда жаңа газеттің аты «Түркістан» деп бекітіліп, алғашқы саны 28-қаңтарда жарық көрді. Тұтас түркі елдері тоқ болсын деген ниетпен «Түркістан» атауын Түркістандағы Тайқазан бейнесінде жазылған Еркін Нұразхановтың таңбалы жазбасымен шықты. Кейін сол таңба-жазба «Түркістанның» тұмарындай болып кетті.
Биыл қазақтың көрнекті қаламгері, газетіміздің тұңғыш бас редакторы Қалтай Мұхамеджановтың туғанына 95 жыл, алдағы жылы 28-қаңтарда «TÚRKISTAN» басылымының шыға бастағанына 30 жыл толмақ. Біз осы екі айтулы датаның қарсаңында газетіміздің алғашқы құрамында жұмыс істеген Көлбай Адырбекұлының материалын жариялағанды жөн көрдік.
Бас редактор Қалтай Мұхамеджан бізді тосыннан кабинетіне шақырды. Төрт көзіміз түгел жиналдық. Соңғы күндері Қал-ағаң көңілсіз жүрген. Сол күні қабағы қату көрінді.
– Мына түрік ағайындармен келіскеннен гөрі түлкімен шахмат ойнағаным әлдеқайда оңай екен. Бұлар келісімшартты орындамады. Жігіттер, мен «Заман Қазақстан» газетін жабамын. Оның орнына Ақпарат министрлігі қаржыландыратын жаңа халықаралық статусы бар газет ашатын болдым. Бұл жөнінде бүгін Президентпен келістім. – Сөзінің түйіні осы болды. Біз әліптің артын бағып, үнсіз отырмыз.
Бас редактордың бүгін бұл мәселе жөнінде ақи-тақи шешімге келгені түнерген кескінінен көрініп тұрды. Ол ашық тұрған есіктен хатшы қыз Сатаеваға дауыстады. – Айнаш, ана Әли Байрам мен Мұстафа Гүрсал маған келсін.
Екеуі есіктен кіріп, Қалтайдың қарсы алдындағы орындықтарға жайғасты. Жалпы, Қал-ағаңның «Заман-Қазақстан» газетін жабу жөнінде айтып жүргеніне біраз болған. Факс арқылы Ыстанбұлдағы «Zaman» қоғамына өз ойын да жазып жіберген еді. Олардың біздегі өкілі Әли Байрам мен Мұстафа Гүрсал да хабардар болатын. Қапы қалмайық, Қалтайды райынан қайтарайық деп алдын ала қамданса керек. Біздің алдымызда ғана кабинетіне кіріп шығыпты. Ол екеуіне қарап, салқын қабақ танытып, газетті жабатынын жеткізді. Содан соң өзінің бірінші орынбасары Әшімхановқа мойнын бұрды. – Дидахмет, мына екеуі әлгінде маған келіп, мынаны тастап кетті.
– Ол столының тартпасынан бір конвертті алып, Дидағаңның алдына тастай салды.
– Мынаны аш, ішінде не барын көрейік.
Дидахмет конвертті ашты.
– Қал-аға, доллар екен.
– Сана. – Қал-ағаң қатқыл үнмен сөзін шолақ қайырды. Дидахмет тілдей көк қағаздарды стол үстіне тізіп қойды.
– Қал-аға, мың доллар.
– Мұны менен басқалардың бәріне бірдей етіп бөліп, таратып бер.
Сол сәтте Әли Байрам орнынан ыршып тұрды.
– Қалеке, бұл сіздің үйіңіздегі Фатима жеңгейге тартқан сыйымыз. Оны бұлай таратқаныңыз жөн емес. – Өңі күреңітіп, маңдайынан тер бұрқ ете қалды. Қал-ағаң оған жалт қарады.
– Әй, Әли, бұл менің әйеліме емес, осында газеттің ыстық-суығына төзіп жүрген мыналарға тиесілі. Осыны алғаннан әйелімнің мүйізі шыға қоймас. Әр нәрсенің жөні болуы керек қой. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар. «Заман-Қазақстан» жабылады.
Өкілдер қандай уәж айтарын білмей, кабинеттен шығып кетті.
Ертеңіне Қалтай аға кабинетіне жазушы Дидахмет Әшімханұлы, ақын Әбдіраш Жәмішев, аудармашы Әбілмәжін Жұмабаев, суретші Еркін Нұразхан және мені шақыртты.
– Ал жаңа газеттің атын қалай қоямыз? Кімде қандай атау бар? – Ол бәрімізді шола қарады. Әбілмәжін аға оған аңтарыла қарады.
– Қалтай-ау, газетті ашып жатқан сенсің. Өзің қалай атағанды жөн көріп отырсың? Әуелі біз соны білейік. Қалтай іркілген жоқ.
– Маған салсаңдар «Түркістан тынысы» деп қоймақпын. Ал, сендер бұған қалай қарайсыңдар?
Біз салған жерден қолдап кетпедік. Мақалаларға тақырып қоюдың қас шебері Дидахмет не айтар екен дегендей соған қарадық. Ілкім сәттен соң ол сұрақ қойды.
– Қалтай аға, неге «Түркістан тынысы»?
– Ау, Дидахмет, газетті Орталық Азия республикаларына тарай ма деп отырмыз ғой. Географиялық ауқымы кең. Сондықтан «Түркістан тынысы» деп атаған жөн болар.
– Қал-аға, социализмде аудандық газеттерде «Жаңаарқа тынысы» дегендей атаулар көп еді. Осы «тынысы» деген қажет пе? Неге «Түркістан» деп атамаймыз?
Қалтай аға ойланып қалды. Артынша жанарынан қоңырқай өңіне қан жүгіріп, көздерінен жылу шашып, езу тартты.
– Гениально! – Сұқ саусағын жоғары көтерді. – Ай, арыстаным-ай! Дөп бастың. Әкел қолыңды. – Салалы саусақты қолын Дидахметке ұсынды.
Сонымен 1994 жылы 12-қаңтарда жаңа газеттің аты «Түркістан» деп бекітіліп, алғашқы саны 28-қаңтарда жарық көрді. Тұтас түркі елдері тоқ болсын деген ниетпен «Түркістан» атауын Түркістандағы Тайқазан бейнесінде жазылған Еркін Нұразхановтың таңбалы жазбасымен шықты. Кейін сол таңба-жазба «Түркістанның» тұмарындай болып кетті.
Үлкен форматтағы төрт беттік газеттің қамтыған тақырыптары әр алуан. Орталық Азия республикаларының қоғамдық өмірінің тыныс-тіршілігінен, түркілерге жататын ұлттардың салт-дәстүрінен, өз еліміздің тарихы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайлары, дін мәселесі жөніндегі білікті мамандардың мақалаларын жариялап отырдық. Әдебиет те назардан тыс қалмады. Газет тілшілері Жұмагүл Солтиева, Абзал Бөкенов, Нұрқасым Қазыбеков, Сәбит Дүйсенбиевтің ақын-жазушы, ғалымдар: Шерхан Мұртаза, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Қабдолов, Мұхтар Мағауин, Камал Смайлов секілді тұлғалармен сұхбаттары жарияланып, онда өзекті, өткір мәселелер қозғалды. Газетте Алаш арыстары мен тарихи тұлғалар жөнінде «Тұманды жылғы тұлғалар», «Ол... және ол туралы» деп аталған тың тақырыптар ашып, Алаш арыстары мен Кеңес өкіметі кезінде халық үшін қызмет еткен жандар туралы зерттеу мақалалар жарық көре бастады. Ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Талқы» сериялық мақалалары бірнеше нөмірге жарияланып, жұрттың ықыласына бөленді. Еркіннің саяси тақырыптарға салған әзіл-оспақ суреттері газеттің бірінші бетінен орын алды. Жаңа жылдан бастап газеттің тиражы да айтарлықтай өсті.
Қалтай ағаның қоғамдық өмірдің барлық салаларынан білім-біліктілігі терең еді. Ол кісіні дін мәселесі де ерекше толғандырды. Өйткені етек-жеңін әлі жинай алмай жатқан елімізге жан-жақтан секталар кіріп, өз ықпалдарын жүргізуге кірісіп кеткен. Қал-ағаң бұл тақырыпқа тілшілердің қалай келіп, ұтымды қозғауына бағыт-бағдар беріп отырды. Бір жолы ол лездемеде бізді тың жаңалығымен елең еткізді.
– Кеше Президент Назарбаев қаланың интеллигенция өкілдерін жинап, пікір алысты. Сөз кезегінде мен қаптап келіп жатқан секталарды тілге тиек етіп, бұлар елдің ынтымақ-бірлігіне нұқсан келтіретін, бір ұлтты бірнеше наным-сенімге бөліп жіберетінін, сондықтан оларға тыйым салып, тек екі дәстүрлі дінді қалдыруын ұсындым. Оған Ливанды мысалға келтірдім де. Ал бұларға шектеу қоя алмаған жағдайда Дін жөніндегі комитет құрып, қатаң бақылау қажет екенін алға тарттым. Президент қолдағандай сыңай танытты. Секталар аңқау әрі аңғал қазақтарды қитұрқы амал-тәсілдерімен алдап-арбап ырықтарына көндіріп алып, ел ішінің береке-бірлігін бүлдіре ме деп қорқамын.
Газетте бұл мәселе де кеңінен қозғалды.
«Хабар» телеарнасына Ләйла Бекетова басшы болып келгеніне біраз уақыт болған. Бұрынғы басшы Шерхан Мұртазаның бағыт бағдарын өзгертіп, телеарнаға орыс тіліндегі көрсетілімдерді көбейтіп жіберді. Ел ішінде наразылық көбейді. «Түркістан» газетінің тілшілері де бұл мәселені бір емес бірнеше рет көтеріп, елге танымал жандардың Ақпарат министрлігінен ұлттық мүддеге қайшы келетін жағымсыз жайларын айтып, Ләйла Бекетованы орнынан босатуды талап еткендерін батыл жариялады.
Сондай күндердің бірінде Қалтай аға бөлім бастықтарын кабинетіне жинап, сөз бастады.
– Мен бүгін түске дейін Премьер-Министр Ұзақбай Қарамановтың жиынына қатысып қайттым. Бізде әлі атқарылмай жатқан шаруалар жетерлік екен. Жиыннан соң Экономика министрі Храпунов деген маған: «Калтай Мұхамеджанович, я от вас этого не ожидал», – деп бір емес үш рет айтты. – Ол енеңді ұрайынның менде қандай өкпесі барын түсіне алмай-ақ қойдым. Сендердің не білгендерің бар?
Дидахмет кеңк-кеңк күлді.
Қал-ағаң аң-таң.
– Ау, арыстаным, неге күлдің? Күлкінің ауылына мен де атымды байлағанмын. Айтсайшы, бірге күлейік.
– Қал-аға, Храпунов қазақтың білдей күйеу баласы ғой. Әлгі біз қайта-қайта сынап жүрген Ләйла Бекетова қарындасыңыз сол сабаздың әйелі.
Қалтай аға әдеттегідей жалпақ алақанымен қоңқақ мұрнын уқалап-уқалап жіберіп жымиды.
– Е, е, солай ма? – Дауысын созып, басын изеді. – Ол енеңді ұрайын соны сәдеттеген екен ғой. Маған енді түсінікті болды.
Көп ұзамай газеттер мен ұлт жанашырларының қысымымен Ләйла Бекетова қызметінен кетті. Біз жеңдік-ау. Бірақ...
Арада бірер жыл өткен соң Храпунов қала әкімі болып тағайындалды. Біздің редакция бұрын Балық министрлігінің Бөгенбай батыр көшесіндегі 150 ғимаратына жайғасқан бір басқармасының қос қабаттан тұратын ғимаратында еді. Кезінде оны қала әкімі Заманбек Нұрқаділов, Қалтайды сыйлағаны соншалық, бізге министрліктен тартып алып берген. Ол сол ғимараттан бөлек бір көп орынды «Рафик», бір су жаңа «Волга» және «Жигули» көлігін сыйға тартты. Оның мұндай жақсылығын қалай ұмытарсың.
Қалада коммерцияның енді-енді жандана бастаған кезі. Қалтай аға ғимараттың үстіңгі қабатын редакцияға, астыңғы қабатын коммерциялық ұйымдарға арендаға берген. Аренда ақысын доллар түрінде алып тұрған едік. Сол бойда Дидахмет тілшілерге жетпіс, жүз, ал корректорларға отыз доллардан үлестіріп отырды. Арендаға беру мен одан редакцияға тиесілі қаражатты алудың да өз заңы мен тәртібі барын білсек-ші. Храпуновқа мұны кімнің жеткізгенін кім білсін, бір күні салық органдарынан бір топ тексеруші сау ете қалды. Заңға қайшы әрекеттерімізді түсіндіріп, үлкен сомада айыппұл төлететін шешім шығарды. Ондай қаражат бізде қайдан болсын. Оның үстіне өзге редакция қызметкерлері секілді біздің де айлық жалақымызды алмағанымызға бақандай үш ай өткені қашан. Арендадан түскенді ғана талғажау етіп жүрген жайымызды несіне жасырайық. «Жыртық үйдің Құдайы бар» демекші сондай кездерде Қалтай ағаның үйіне елде сыйласатын дос-жарандары соғым әкеп беретін. Қал-ағаң мен Фарида апай шара толы піскен етті жүргізушісінен редакцияға беріп жіберетін. «Кедейдің бір тойғаны шала байығаны» демекші сол соғымнан біздің де мұртымыз майланып қалатын. Автобуста басқа газеттің тілшілері Еркін Нұразханнан осы жайды естіп, өздерінің жағдайларының болмай жүргенін айтса керек. Сонда Еркін: «Бастығың народный болса, өзің голодный болмайсың» деген екен.
Сонымен Храпунов жіберген тексерушілер келіп, арендаға берудің заңы мен тәртібін айтып басымызды қатырып, ақыры үлкен мөлшерде айыппұл салатын болып, үш бет хаттама толтырды. Солай Храпунов талмау жерден соққы жасады. Бәріміздің сол алмаған үш айлық жалақымызды берсек те айыппұлға жетпейді екен. Оның үстіне тексерушілер айдың соңына дейін төлемесек ғимаратты алап қоятындарын ескертіп сес көрсетті. Қатты састық. Не істеу керек? Біз Қалтай ағаға қараймыз. Ал ол селт етіп, сасар емес.
– Айдың соңына дейін әлі біраз күн бар. Ойланып көрейік. Храпунов бізден алған айыппұлмен қай жыртығын жамайды екен. Бір мәнісі болып қалар, арыстандарым. – Жұмысқа асықпай келіп, кештетіп қайтады.
Бір аптадан соң күтпеген жай болды. Ел Президенті Біріккен Араб Әмірлігіне іссапармен шығатын болып, жанына Қалтай ағаны қосып алды. Ұшақта қасына отырғызып, арабтардың ұлттық ерекшеліктері, әдет-ғұрыптары жөнінде сұрап, кеңес құрған. Сөз арасында ел басшысын күлкіге қарық қылған. Сол делегация құрамында Храпунов та бар екен. Ол ұшақта Президенттің Қалтайға құрмет көрсеткенін көреді. Сапардан оралған соң көмекшісін редакцияға жіберіп, аптаның соңында қонаққа келетінін ескертті. Ол сол күні түс әлетінде келді. Қасында бір топ нөкерлері бар. Қал-ағаңмен бұрыннан жақын адамдардай айқара құшақтасып амандасты да ашық-жарқын отырып сөйлесті. Қалтайда кез келген жанның қыбын тауып, юмормен сөйлейтін қасиет барын жұрт жақсы біледі. Ол сөйлей бастағаннан Храпуновтың екі езуі жиылмады.
– Ой, Калтай ага!.. Ой, Калтай ага!.. Мені әбден күлкіге тойдырдыңыз-ау! Көптен бері көңіл күйім дәл бүгінгідей көтерілмеп еді. – Солай таңданумен болды. Кетер кезінде Қалтайдың қолын ұстап, кездескеніне ризашылығын білдірді.
– Калтай Мұхамеджанович, маған айтарыңыз бар ма? Құлағым сізде.
– Виктор Вячеславович, әрине, айтарым бар. Мына біздің редакция жайғасқан ғимаратты көріп тұрсыз. Сталиннің тірі кезінде салынған екен. Қабырғаларының сылағы түсіп, кірпіштері мүжіліп, әбден тозығы жеткен. Ең астыңғы қабатына түссеңіз сізге өтірік, маған шын үлкендігі торайдай болған тышқандарды көресіз. Бір күрделі жөндеу жұмысы қажет-ақ.
– Калтай Мұхамеджанович, ертең сметасын жасайтын мамандарды жіберем. Келесі жылы күрделі жөнделетін ғимараттың қатарына қосайын.
Сол кездесуден кейін аренданың айыппұлы жайына қалды. Ақпарат министрі болып Алтынбек Сәрсенбаев тағайындалған соң әлеуметтік жағдайымыз мүлде өзгерді. Айлық жалақымызды уақытында алып тұрдық. Авторларға аз да болса қаламақыларын беретін халге жеттік. Аренданың заң талабына сәйкес, ай сайынғы салық төлемін қаланың тиісті мекемесіне аударып отырдық.
Редакцияға ақын-жазушылар күн құрғатпай келіп тұрды. Күздің жауынды күні еді. Ағаштардың сарғайған жапырықтары түсіп, жалаңаштанып қалған. Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов ақсақал да есіктен енді. Үстінде сұр түсті ұзын етек плащы бар. Өңі солғын, жабырқау тартқаны көрініп тұр. Алдынан шығып сәлемдесіп, Қалтай ағаның кабинетіне алып бардық. Қалтай орнынан тұрып амандасты. Орындыққа жайғасқан соң жағдайын сұрады. Семейден келгеніне үш күндей болыпты. Осындағы бір баспадан кітабы шыққан. Баспагерлер қаламақының орнына бірнеше кітап берумен шектелгеніне ренішін, енді Семейге қайтарға қаражат та таппай отырғанын жасырмай, ағынан жарылды. Үлкен ғалымның осынша күйге түскеніне біз де қатты күйіндік. Қалтай аға хатшы қыз Айнашты бухгалтерге жұмсады. Есепші орыс тілді әйел.
– Рая, кассада қанша теңге бар? – Қалтай сұрақты төтесінен бір-ақ қойды.
Ол қыбыжықтап, салған жерден ашып айта қоймады. Бірдеңе дей бергенде Қалтай киіп кетіп, қатқыл үнмен бұйыра сөйледі.
– Қанша болса, маған соншасын алып кел.
Бухгалтер белінен жіңішке резіңке жіппен буылған кілең он теңгелік қомақты ақшаны әкеп Қалтайға берді.
– Қайым аға, мына қаражатты қажетіңізге жаратарсыз. Біздің сізге берер көмегіміз осы ғана.
Ақсақал мұны күтпесе керек. Жұқалтаң өңі алабұртып, ыңғайсызданып қалды.
– Қалтай-ау, мына ақша маған көптік қылады. Қарызға шамалысын алайын. Семейге барған соң зейнетақымнан қайтарамын.
– Жоқ, Қайым аға, сіз бізге қарыз емессіз. Қайта астыңызға ат мінгізіп жіберер едік. Әттең, қолдың қысқалығы! Енді барымызбен базар етуге тура келіп тұр. Осы мезіретімізге риза болыңыз.
Қайым ақсақал әлгіндегідей емес Қалтайдың кабинетінен жайдары жүзбен шықты.
Әбілмәжін аға өте парасатты кісі еді. Лездемеде газетке жарияланған мақалаларға өз ойын орынды айтатын. Сыны да сыпайы шығатын. Александр Дюманың «Үш ноян» кітабын тәржімалаған тамаша аудармашы. Біз ол кісіні бекзат болмысына қарап «Алтын шал» деп атап кеттік.
Кезекті лездеменің соңында Әбілмәжін аға Қалтайға сабырмен үн қатты.
– Қалтай-ау, сен менен оқып беремін деп Буниннің кітабын алып едің. Содан бері үш жыл өтті ғой. Енді қайтарсайшы.
Қал-ағаң қабағының астынан тесіле қарап, біраз үнсіз отырды.
– Әй, Әбілмәжін, басқалар білмесе де сен қожалардың алғанын қайтармайтынын жақсы білуші едің ғой. Кітабың енді менікі.
Сөзін анық естімей қалған Әбілмәжін құлағын қолымен қалқалап, оған ұмсына қарады.
– Не дейсің, қайталап айтшы.
Қалтай аға: «Құлағыңа болайын сенің». – Үні естілер-естілмес шықты. Іле қатты дауыстады.
– Әбілмәжін, енді ол кітаптан күдеріңді үз. Оның менікі болғаны қашан.
Әбілмәжін аға ренжи ме деп едік. Олай болмады. Тек езу тартты.
– Ой, Қалтай, саған дауа жоқ екен ғой. – Қолын сілтей салды.
Үлкендердің арасындағы осы бір жай да бізге жарасымды көрінді.
Газеттің бар ауыртпалығын көтерген қара нары Дидахмет еді. Қалтай оған мейлінше сенетін. Ол күмән тудыратын мақалаларды ғана Қал-ағаңның өзіне оқытып алатын. Ал ол оқудан жалықпайтын. Өзі әрдайым: «Менің хоббиім оқу» деп айтатын. Ара-тұра өзі де мақала жазып тұратын. Жазғанда қаламмен емес хатшы қызға диктовкамен бірден мәшінкіге бастыратын. Ұшқыр ойын жүйелі жеткізгеніне тәнті едік. Әсіресе, ұлт мүддесіне келгенде ешкімнің бет-жүзіне қарамай, ойын ащы мысқылмен жазып, айды аспанға бір-ақ шығаратын. Оның дәлелі мынау.
Тіл білімінің үлкен ғалымы, академик Ісмет Кеңесбаев Қазақ тілін мемлекеттік тіл жасау жөнінде ел ішінде айтыс-тартыс жүріп жатқан кезде одақтық «Красная звезда» газетіне орыс тілін қорғап сұхбат берген. Қалтай аға қатты ашынып академикке «Ақиқатқа жүгінейік, аға» деп аталған ашықхатын газетке жариялатты. Сол мақаласында оны ағалап отырып, тірідей іреп, бітеу күйінде «сойған». Мақаласының соңын «Сізден шындық табудан гөрі, маған піскен жұмыртқадан балапан алған әлдеқайда оңай екен» деп аяқтайды. Қалтай осы ұстанымынан ешқашан танған жоқ. Кейін «Егемен Қазақстан» газетінің арнайы тапсырмасымен де кең көлемде, тағылымды мақалалар жазды.
Уақыттан жүйрік не бар? Газеттің жұмысымен қарбаласып жүргенімізде Қалтай Мұхамеджанның 70 жылдық мерекесі де жақындап қалыпты. Шерхан Мұртазаның, Әбіш Кекілбаевтың және тағы басқалардың мақалаларын республикалық газеттер жариялап жатты. Біз де дайындық үстіндеміз. Соны алдын ала сезген Қалтай аға лездемеде «Мен туралы мақала жарияланбасын» деп қатаң ескерту жасады. Бізге бұл тоғыз қабат тосқауылдан да бетер болды. Ойымыз сан-саққа кетіп, Қал-ағаңды қалай көндірсек екен деумен жүрдік. Дидахметтің кабинетінде жаңа нөмірге берілетін материалдарды талқылап жаттық. Кенет ол ортаға тосын ой тастады.
– Қалтай аға ескертті деп қарап отыра бергеніміз жарамас. Қалайда ол туралы мақала беруіміз керек. Мақаланы мен өзімнің атымнан дайындаймын. Абзал, сен өлең арна. Бірақ мұны Қалтай ағамның туған күніне дейін құпия ұстайық. Біз келістік.
Алдын ала есептеп қарасақ газеттің жаңа саны туған күнінен екі күн бұрын шығады екен.
Қалтай аға жайшылықта жаңа санды ертеңіне газет болып шыққан соң бір-ақ көруші еді. Дәл сол күні түстен кейін мені кабинетіне шақырды.
– Қане, газетке қандай материалдар бергелі жатырсыңдар. Маған дайын беттерді көрсет.
Мен бірінші, екінші, төртінші беттерді алдына жайып салдым. Көзілдірігімен үңіле қарап, шолып шықты.
– Үшінші бет қашан дайын болады?
Үлкен кісіні алдаған қандай қиын.
– Қал-аға, компьютерден ақау шығып, үшінші бет беттелмей жатыр. Жөндейтін шебер әне-міне келіп қалар. – Тілім күрмеліп, тұтығып әрең айттым.
– Жарайды, мен күте тұрайын.
Кабинетінен шыққан бойда Дидағаңа барып, болған жайды жеткіздім. Ал шындығында үшінші бет те дайын болатын. Онда Қалтай ағаның мерейлі жасына арналған Дидахметтің «Ассалаумағалейкум, мерген сөздің атасы» деген көлемді мақаласы мен ақын Абзал Бөкеннің «Қабылан жүрек Қалағаң» деп аталған бірнеше шымыр шумақтан тұратын өлеңі бар. Дидахмет әрі-сәрі күйге түсіп, ойланып қалды. Әлден соң зіл тартқан басын көтерді.
– Жүр Қал-ағаңа барайық.
Мен құпиямызды ашатын болды-ау деп ойладым. Қал-ағаңның кабинетіне бірге кірдік.
– Қалаға, үш беттің материалдарын көріп шықтыңыз ба? Бізге қандай ескертпеңіз бар?
– Ия, көріп, шолып шықтым. Көкейге қонымды материалдар беріп жатыр екенсіңдер. Қойған тақырыптарың да ұнады.
– Ендеше, үшінші беттегі де осы тақылеттес мақалалар. Шебер келіп компьютердің ақауын жөндегенше іңір қараңғысы да түсіп қалар. Бекер босқа күтіп қайтесіз. Бізге сенім артсаңыз, үйіңізге қайта беріңіз.
– Арыстандарым, сендерге сенбесем, газет шығарып нем бар. «Түркістанды» түрлендіріп отырған сендерсіңдер. Ұзақ уақыт күтпей үйге қайта бергенім де жөн шығар. – Қалтай аға, орнынан тұрып жинала бастады.
Ертеңіне газеттің жаңа саны Қалтай ағаның столында жатты. Кабинетінің есігі қарыстай ашық екен. Содан Дидахмет ішке көз тастады.
– Қа-ағаң шұқшиып оқып отыр. Енді ашуланса да мейлі. Біз өз ісімізді бітірдік.
Қал-ағаң қашан шақырғанша демімізді ішке тартып, шыдамсыздана күттік. Бір кезде Айнаштың: «Редактордың кабинетіне лездемеге кіріңіздер» деген дауысы естілді. Алаң көңілмен жүрексіне басып ішке ендік. Ағаның қоңырқай жүзінде ашудың табы жоқ. Қайта мейірімнің шуағы шашып тұрды.
– Газеттің үшінші бетіне мен туралы мақала мен өлең берген екенсіңдер. Оқып шықтым. Айналайын арыстандарым, сендерге ризамын!
Біздің көңілімізден күдік қашып, мерейіміз тасыды.
...2001 жылы 7 мамырда Қалтай Мұхамеджан Мәскеу ауруханасында кенеттен өмірден озды. Республиканың мерзімдік басылымдары көз көрген қаламдастарының аза тұтқан мақалаларын жариялады. Арада бірнеше күн өткен соң бас редактор Шәмшиддин Паттеев мені кабинетіне шақырды.
– Иран республикасындағы Ислам университетінің профессоры Мұхаммед Хасан Замани осында келіпті. Жаңа ғана аудармашысы маған телефон шалып, оның Фарида апамызға көңіл айтқысы келетінін жеткізді. Соған алып баратын журналист қажет екен. Сіз апайды жақсы білесіз. Қонақтарды үйіне ертіп баруды сізге тапсырғалы отырмын.
Профессор Замани бурыл шашты, алпыстың үстіндегі кісі екен. Тал түс кезінде Қалтайдың үйінде болдық. Ол Фарида апама көңіл айтты. Қал-ағаның кітапханасын көріп, қайран қалды. Аруағына дұға бағыштады.
– Мен Қалтаймен осыдан үш жыл бұрын осында келгенде кездескенмін. – Профессор сөзін осылай бастады. – Әзіл-қалжыңның, күлкінің кені ме деп қалдым. Астары әзілдерін әдемі, мәдениетті түрде жеткізе біледі екен. Бәрінен де оның діни сауаттылығын айтсаңызшы. Өз басым тәнті болған едім. Шынымды айтсам, коммунистік қоғамнан осындай білімді, білікті жан шығады деп ойлаған жоқпын. Қалтай тек қазақтың ғана емес, дін исламның тұлғасы еді. Ол кісінің өмірден өткенін кеше Алматыға Тегераннан келгенімде естідім. Дін исламның тағы бір жарық жұлдызы сөнді деп қатты қайғырып, көзіме еріксіз жас алдым. Бірақ ол кісінің жазғандары мен ұлағатты сөздері өлмейді. – Ол сөзін Қалтай ағаға осылай үлкен баға берумен аяқтады.
Ал Қал-ағаның қадір-қасиетін өзінің өмірде барында біз бағалап, құрметтей алдық па? Баз біреулер «Халық жазушысы» деген атағы бар ғой дер. Әлемнің көптеген елдері театр сахналарында қойылған «Көктөбедегі кездесу» драмасы үшін Мемлекеттік сыйлықты да беруге болар еді ғой. Көптік қылады деп тартынып қалдық. Әттең...
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ