Шерағаң «Қазақ әдебиеті» газетінде редактор кезінде кейбір мақалаларды Дидахметтің қолына беріп: «Дидаш, мына мақала маған ұнады. Бірақ тақырыбы мәнін ашпай тұр. Оқып шығып, тақырыбын қойшы», – дейді екен. Дидағаң жаңа тақырып қойып, апарып бермей ме, сонда Шерағаң: «Әп, бәрекелді! Міне, тақырып! Журналистің бәрі сендей тақырыпқа тапқыр болса, шіркін!», – деп ризашылығын білдіріп, жаңа санды талқылау кезінде оны басқаларға үлгі тұтқан.
Сонымен 1994 жылы 12-қаңтарда жаңа газеттің аты «Түркістан» деп бекітіліп, алғашқы саны 28-қаңтарда жарық көрді. Тұтас түркі елдері тоқ болсын деген ниетпен «Түркістан» атауын Түркістандағы Тайқазан бейнесінде жазылған Еркін Нұразхановтың таңбалы жазбасымен шықты. Кейін сол таңба-жазба «Түркістанның» тұмарындай болып кетті.