Дидағаң еске түскенде...
Шерағаң «Қазақ әдебиеті» газетінде редактор кезінде кейбір мақалаларды Дидахметтің қолына беріп: «Дидаш, мына мақала маған ұнады. Бірақ тақырыбы мәнін ашпай тұр. Оқып шығып, тақырыбын қойшы», – дейді екен. Дидағаң жаңа тақырып қойып, апарып бермей ме, сонда Шерағаң: «Әп, бәрекелді! Міне, тақырып! Журналистің бәрі сендей тақырыпқа тапқыр болса, шіркін!», – деп ризашылығын білдіріп, жаңа санды талқылау кезінде оны басқаларға үлгі тұтқан.
Редакция Алматының Киров көшесіндегі қосқабатты үйде. Оның үстіңгісінде біздің ұжым да, астыңғысында түрлі коммерциялық ұйымдар орналасқан.
Газет аптасына бір рет шығады. Редактор – Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджан.
Тілшілер кезекті санның материалдарын дайындау үстінде. Қарбалас шақ. Әлден соң біз отырған бөлменің есігі ашылып ішке редактордың орынбасары Дидахмет Әшімхан кірді.
– Аманхан, сен үнемі қазақша «қ» мен орысша «х» әріптерін шатастырып ала береді екенсің. Мақалаларыңнан соларды түзетумен шаршадым.
Аманхан ыңғайсызданып:
– Ия, Дидаға, сол екеуінен жаңылысып қала беремін. – Өңі қызара бөртіп, орнынан тұрды.
– Менің кабинетіме келші, саған қайсысының қай жерде қолданылатынын түсіндірейін, – деді ренішті үнмен.
Сәлден кейін Аманхан арсың-гүрсің сөйлей басып, қайтып келді. Өңінде жымың-жымың күлкі бар. Мен:
– Құрдас, мәзсің ғой. Дидағаң қалай түсіндірді?
– Дидағаңның педагогикасы да күшті екен. Екі әріпті қолданудың ең оңай жолын үйретті. Тіпті студент кезімде тілден сабақ берген Мырзатай Серғалиев та маған солай түсіндірген емес. Енді еш қателеспейтіндей болдым, – деді ол жайраңдап. Әй, алаңғасар құрдасым-ай!
– Сонда қалай? – Кеңес Төлебаев киіп кетті. Ол біз секілді ауылдың емес, қаланың жігіті. Аманхан құлағына аузын тақап сыбырлады. Кеңес қарқылдап күліп жіберді. – Ио, мое!.. Тамаша түсіндірген екен!
Қазақ «Кімді айтсаң сол келеді» демеуші ме еді. Түстен кейін тіл маманы Мырзатай ағамыздың өзі келе қалмасы бар ма? Бойшаң, толық денелі, қыр мұрынды, бидай өңді кісі еді. Баяғы студенттерді көтермелей сөйлейтін жайдары қалпы. Өзі тәп-тәуір әдебиеттің сыншысы да болатын. Мақалаларын «Жұлдыз» журналы мен «Жалын» альманағынан оқып тұратынбыз. Студенттердің арасында беделі де жоғары еді.
Бәріміз орнымыздан тұрып, сәлем бердік. Ол бізге қарап:
– Қалтай, өңшең сайдың тасындай жігіттерді жинап алыпты ғой. Енді газет оқырманға ұнамай қайтсын. Көкейге қонымды, өзекті мәселелерді қозғап жатсыңдар. Тарихи дүниелер қаншама. Діни тақырыптар да аз жазылған жоқ. Қалтайға ризашылығымды білдірейін деп келіп едім, – деп редактордың кабинетін бетке алды.
Мырзатай ағаның біздің тілшілерге сүйсініп тұрғанының жаны бар. Қалтай аға Дидахмет пен мені «Қазақ әдебиетінен», Абзал Бөкенді «Егемен Қазақстаннан», Сәбит Дүйсенбиевті «Қазақстан пионерінен» шақыртқан. Ол кезде «Егемен Қазақстанның» редакторы Шерхан Мұртаза болатын. Қалағаң: «Шерхан, «Түркістан» газетін жаңа аштым. Енді осы газетті көтеру үшін маған танымал журналистер қажет-ақ. Сенде ондай жазғыштар көп қой. Тілшің Абзал Бөкенді маған берсең жарар еді», – деп қолқа салғанда Шерхан қатты қиналған екен. «Қалтай, маған буынсыз жерден пышақ ұрғандай болып тұрсың. Кімге жақсы журналист керек емес. Абзал – менің үмітімді ақтап жүрген сарбазым. Оны саған қиып беру маған да оңай емес. Оң жақ қабырғамды ойсыратқандай болып тұрсың. Жаңа газетің үшін амал жоқ көнемін», – деген. Тілшілер Мырзан Кенжебай, Қайнар Олжай да Қалағаңның сондай талғамымен шақырылған майталмандар.
Қалағаңа белгілі жазушылар, журналистер, атақты ғалымдар, шетелдерден келген қонақтар күн құрғатпай бірінен соң бірі келіп тұрады. Редакциядағы уақытының көбі солармен әңгіме-дүкен құрумен өтетін. Ал газеттің барлық ұйымдастыру жұмыстары Дидағаңның мойнында.
Келесі күні редакцияға академик Зейнолла Қабдолов келді. Үстінде жаздық жеңіл киім. Оның екінші қабатқа көтерілгенін жұрттан бұрын көріп қалған Жұмагүл Солтиева ұзын дәлізде сәлемдесіп жатты. Ер мінезді әйел. Академиктің қолын қайта-қайта сілкілеп тұрып:
– Зейнолла аға, аман-есенсіз бе? Үйдегі жеңгейдің қал-жағдайы қалай? Университеттегі біздің ұстаздар есен-сау ма? – деп сұрақтарды үстемелеп қойып жатыр. Қабдоловтың қолы бұлғақтап, оған жымия қарап тұр. Академикпен жамырай амандастық. Дидағаң:
– Аға, былтыр ұстазыңыз Мұхтар Әуезов туралы жазып жатырмын деп едіңіз. Ендігі бітірген боларсыз. Әуезовтің тағдыр-талайын сіздің артық білетіндер кемде-кем-ау, – деді.
– «Менің Әуезовімды» жуырда ғана жазып бітірдім. Қай бір күні «Жұлдыз» журналына апарып бердім. Алдағы санына жариялайтын шығар. Бұрын жұрт біле бермейтін көп жайды ашып айттым. Оқып көрерсіңдер, – деп бір қойды да. – Қалтаймен кездеспегелі екі-үш айдың жүзі болды. Өзін сағынып қалдым. Сөйлесіп қайтайын деп келдім, – деді. Дидахмет:
– Қалағам өзінде отыр, жүріңіз, аға, – деп кабинетіне қарай жол бастады.
Мен Солтиеваға қарап:
– Жұмеке, амандасамын деп академиктің қолын сілкілеп иық жақ буынынан жұлып ала жаздадыңыз ғой, – дедім әзілге бұрып. Жұмагүл күліп жіберді.
– Шынымен мен солай істедім бе? Ерсілеу болған екен. Соны өзім білмеймін, – деп ағынан жарылды.
Жұмагүл аузын ашса, көмейі көрінетін жан. Өзінің айтуынша, жас кезінде ерке өсіп, ер балаларша киініп жүріпті. Қыздардан гөрі солармен ойнағанды жақсы көрсе керек. Ер адамға тән қылығы содан қалыптасып кеткен секілді.
Жазушы-драматург Асқар Сүлейменов те арагідік редакцияға соғып тұрады. Басында кинодағы ковбойлардікі секілді етекті шляпа, үстінде денесіне қонымды ықшам былғары қара куртка, бұтында қыры сынбаған қара шалбар, келісті жігіт еді. Талғаммен киінетіні байқалып тұратын. Ол басқалар секілді бөлімдерді аралап жүрмейтін. Сырттан кірген бойда бірден Қалағаңның кабинетіне тартады.
Газет әр аптаның жұма күні жарық көреді. Сағат он бірде әдеттегідей Қалағаңның кабинетіне лездемеге жиналамыз. Қалағаң таңертең мақалалармен танысып шығып, сүбелілерін талдай бастайды. Талғам-талабы күшті. Мақаланың мәнін дөп басатын. Айтқан сындары да орынды. Сөз арасында Сүлейменовтің келіп-кеткенін, газеттерде көрініс таппай келе жатқан мәселелерді қозғап, бірнеше идея тастап кеткенін айтты. Біз үшін оның идеясы өте құнды еді. Газетте сол бағытта біраз материалдар жарық көрді. Дидағаң алдағы санға баратын мақалаларды маған әкеп береді. Олардың макетін сызу, жауапты хатшы, менің міндетім.
Бірде Дидағаң маған:
– Мына академик Әлкей Марғұланның мақаласы еді. Келесі нөмірге салып жіберейікші, – деді. Көз жүгіртіп қарап шықтым да:
– Дидаға, осы мақала бұрын «Қазақ әдебиетінде» жарияланды ғой. Ыңғайсыз болмай ма? – дедім. Дидағаң:
– Иә, сол газетте басылған. Ұмытпаған екенсің. Алайда мен өңдеймін деп, біраз ойларының тігісін жатқызған болатынмын. Газет шыққан күні маған Әлкей аға телефон шалды. Үнінде ашу-ыза бар. «Дидахмет-ау, менің мақаламды не қылғансың? Өңдеймін деп өңін айналдырып жіберіпсің ғой», – деді қатты дауыстап. Ашудан күйіп-жанып тұрғанын сездім. Мен: «Аға, өңдегеннен негізгі ойыңызға еш нұқсан келген жоқ», – деп едім, сөзіме құлақ аса қоймады. Кейін қайта қарасам, сол кісінікі дұрыс екен. Ондай ғұламаның жазғанын сол қалпында беру керегін сонда ғана ұқтым. Содан мақаласының түпкі нұсқасын сақтап қойғанмын. Енді өзінің өмірден өтіп кеткені қашан. Дегенмен мақала әлі құнды. Аруағы риза болсын. Академиктің жазған қалпында жарық көрсін, – деді. Әлкейдің сол ғылыми еңбегі газеттің бір бетін тұтас алды. Қалтай аға жоғары бағалады.
Дидағаңның өзі мақаланы сиректеу жазады. Бірақ аз болса да саз. Көбіне уақыты тілшілердің материалдарын қорытумен өтеді. Ал мақалаға тақырып қойғанда Дидағаңдай шебер кемде кем-ау. Тақырып оқырманды оқуға шақырады. Шерағаң «Қазақ әдебиеті» газетінде редактор кезінде кейбір мақалаларды Дидахметтің қолына беріп: «Дидаш, мына мақала маған ұнады. Бірақ тақырыбы мәнін ашпай тұр. Оқып шығып, тақырыбын қойшы», – дейді екен. Дидағаң жаңа тақырып қойып, апарып бермей ме, сонда Шерағаң: «Әп, бәрекелді! Міне, тақырып! Журналистің бәрі сендей тақырыпқа тапқыр болса, шіркін!», – деп ризашылығын білдіріп, жаңа санды талқылау кезінде оны басқаларға үлгі тұтқан.
Кезекті лездемеде Дидағаң:
– Қалаға, біздің ұстазымыз Темірбек Қожекеев 70 жасқа толып отыр. Енді газеттер бере бастайтын шығар. Біз солардың алдын алып жазсақ қалай қарайсыз? – деді.
Дидағаң рұқсатты бекер сұраған жоқ. Қалағаң мен Темкеңнің арасында бір салқындық барын сезетінбіз. Әркім әрқалай сыбырлап, күбірлеп айтып жүрді. Алып қашпа сөздер. Күнде көз алдымызда жүрсе де Қалтай бізге ол жайында тіс жарған емес. Өмір болған соң кейде үлкендер арасында да келіспеушілік болады ғой. Бірақ біз үшін екеуі де ұлттың кесек тұлғалары.
Қалағаң бірден жауап бере қойған жоқ. Аздан соң қоңқақ мұрнын күректей алақанымен үйкеп жіберіп:
– Иә, ұстазды қадірлеу керек. – Үні торғындау шықты. Іле:– Қайсысың жазасың? – деді аңтарыла қарап.
– Өзім жазсам ба деп отырмын, – деді Дидағаң. Қалағаң келісті.
Жаңа санға Дидахмет Әшімханұлының «Темірбек көп, Қожекеев біреу» деген тақырыппен көлемді мақаласы жарық көрді. Лездемеде Қалтай:
– Дидахмет, ұстазыңның бар болмысын жеткізіп жазыпсың. Өзі де құрметке лайықты жан ғой, – деп шын көңілімен ризашылығын білдірді. Демек, Қожекеевті іштей жақсы көріп, құрметтегені ғой. Қалағаң кез келген мақаланы мақтай қоймайтын. Ал неге «Темірбек көп, Қожекеев біреуге» жылы лебізін білдірді? Сол мақаладан үзінділер келтірген асылық болмас.
«...Профессор Темірбек Қожекеев журналистердің бірнеше буыны үшін баяғы ащы да тұщы, қатты да тәтті студенттік күндерінің естен кетпес естелігі. Әрбір жеке адамның ішкі болмысын түсінгісі келетін, түсінгеніне әділетті баға бере алатын, көлеңкеден гөрі күнгейіне жақын жүруді жөн көретін адамдарға Қожекеев – құрмет иесі, белгілі маман, принципшіл азамат, үлкен ұстаз. Ал өзінен бұрын өзгені кінәлауға, ақтаудан гөрі даттауға, ірі ойдан гөрі кір ойға құмар кешегі кейбір шәкіртке Қожекеев – қара тастай қатты, хан қылышындай қатал, аш күзендей шақар. Ал менің жеке өзім үшін Қожакеев – ең алдымен ұлттық намыс, сосын биік рух, ерекше мінез! Бірақ мен әуелден бұл пікірде болғаным жоқ. Студент кезімде ол кісінің кейбір мінездерін өзім де «қаталдық» пен «шақарлыққа» балаған кезім көп».
«...Бұнысымен де мен Темкең табиғатына жете бойлай алмағаным рас. Соның реті кейін, арада жеті-сегіз жыл өткенде түскен.
86-жылдың аяғы мен 87-нің басы халқымыз үшін өте ауыр күндер болғаны белгілі. Мәскеуден келген (дұрысы жіберген) жаңа басшы «жаңаша сыпыра» бастады. Дәлірегінде, өз күні, өз мақсаты үшін бауырындағы баласын да сатып жіберетін мансапқор, жағымпаз, жандайшаптардың қолымен сыпырды. Оған алғышарттың бәрін республикадағы орыстілді, орталықтағы «коммунистік дінді» баспасөздер жасады. Олардың түпкі, жымысқы мақсаттарының бірі де бірегейі – ел бірлігін бұзу, қазақты қазаққа айдап салу, батыс, шығыс, орталық Қазақстанды оңтүстік облыстарға қарсы қою болды. «Известияда» жарияланған Щепоткиннің «Шырмауығынан» осындай иіс аңқып тұр еді. Оның түпкі мәнін түсінбеген, түсінсе де жеке бастың мүддесі үшін өз бауырына сойыл ала жүгіргендер әр төбенің басынан қылаң берді. Сол сойылдың басы Темкеңнің де төбесіне жай оғындай жарқ етті. «Қожекеевті де қайта тұрмастай сілейтіп салды. Қызметінен қақты. Баласын да жұмысынан қуды. «Енді ес жиып көрсін» дегендер де болды. Бірақ «Қожекеевтің «соққан сайын семіретінін» олар білген жоқ-ты. Ол жұрт күткендей «сілейіп» те қалмады, «сүмірейіп» те кетпеді. Қалай дейсіз ғой? Бұған жауап ретінде өзім куә болған бір жайларды алға тартайын.
Таңертең ертерек тұрып, Ленин проспектісінің шығыс жағындағы жіңішке сүрлеу жолмен күн сайын жүгіретін «жаман әдетім» бар еді. Жиегінде сылдырлап сылқым өзен сылаңдайды. Осы өзеннің бойынан мен енді күн сайын таңсәріде Темкеңді кезіктіретін болдым. Ол кісі сонау етектегі «Россия» гастрономы жанындағы үйінен «Алатау» қонақүйінің тұсына дейін бүлкектеп жүгіріп келеді де, су бойында біраз жаттығу жасап алып, қайтар жолда «Көктем» дүкенінің артындағы гаражына соғып, ақ «Волгасына» қайқая мініп жүріп кетеді. Күнде солай. Кезігіп қалғанда «Ассалау...» деймін ізетпен. «Әллік...» дейді ол баяғы декан қалпымен. Дейді де бүлкектеп кете барады. Алпыстан асқан деп тіпті ойламайсың. Қимылы ширақ, көзі отты, сөзі қашан да нық. Сосын кешке қарай Темкеңді тағы көремін. Жерді ойып жіберердей салмақтай басып, кеудесі мен басын тік ұстап, тәкаппар да маңғаз қалпымен Пушкин кітапханасынан шығып келе жатады».
«...Бірде кезекті рет кездесіп қалғанда: «Сен осы «Қазақ әдебиетінде» емессің бе, Әшімханып?.. Бүгін саған материал апарамын. Күт», – деді бұйрық раймен. Ол – баяғы декан, мен – баяғы студент сияқтымын.
Күттім. Материалы «Кім кінәлі?» деген екен. Отызыншы жылдардың ойраны. Баспасөзде бір-бірін кінәлаған, бірін-біріне аямай кір жаққан қазақ зиялыларының сиқы. Мен екі мәселені түсіндім. Бірінші, Темкең бос уақытын зая жібермей, архивтерді ақтарып жатыр екен. Екінші, уақытша басына бұлт үйірілген Темкең өз тағдырына ұқсастықты тарихтан тауып жүр екен. Отызыншы жылдардың зобалаңына кім кінәлі? Көбінде өзіміз екенбіз. Енді осы сексенінші жылдардың сергелдеңіне кім кінәлі? Тағы да өзіміз екенбіз. Қожекеев материалының айтар ойы осы еді. Ол жарияланды».
«...Ал Қожекеев – ұлттық намыс десем, бұған бір-ақ мысал да жеткілікті. Жоғарыда айтылған өзімен бірге қаһарға ұшыраған Медет деген баласын мен студент кезімнен білемін. Туған тіліне тағалаған жорғадайы былай тұрсын, осы жігіттің бойынан нағыз қазаққа тән бүкіл қасиет «менмұндалап» тұрар еді. Мектепте оқып жүрген кезінде әкесімен бірге жатақханаға еріп келетін кішкентай Медет бөлмелерге жүгіріп кіріп: «Папам келе жатыр. Папам келе жатыр» деп, талайымызды талай бәледен құтқарып та қалған-ды. Қаланың ер баласы осындай қазақы тәрбие ала білсе, ұлт көсегесі баяғыда-ақ көгермес пе еді... Әсілі, ұлттық намыс дегенді әуелі отбасынан іздегеніміз жөн шығар». (Халықаралық «Түркістан» газеті. 17 шілде 1996 жыл).
Лездеме кезінде Қалтай ағаның алдындағы телефон шылдыр ете қалды. Телефонның арғы жағындағы самбырлаған дауыс бізге де естіліп жатты. Темірбек Қожекеев. Ол қал-жағдай сұрасып, Дидағаңа, материалды жариялауға мүмкіндік бергені үшін Қалтайға, жалпы редакция ұжымына зор алғысын жеткізді. Қалтай: «Темке-ау, мына шәкірттеріңіздің сізге деген көңілдері ерекше. Өзім де мына Дидахметтің тамырыңызды тап басып, келістіріп жазғанына риза болып отырмын. Біздің жетпіс жылдық мерейтойыңызды құттықтауымыз осы. Риза болыңыз!», – деді жайраңдай күліп. Қожекеев тойының Меркеде өтетінін айтып, соған Қалағаңның өзінен бастап ұжымның бәрін шақырды.
«Ағайынның азары болса да, безері болмас». Дидағаңның сол мақаласы екі тұлға арасына жылылық, қимастық ахуалды қайта алып келді. Сөздің, қаламның құдіреті осы емес пе? Телефон тұтқасын орнына қойған Қалтай аға, – «Кешегі Колбиннің кезінде Темкең көресіні көрді. Бірақ сағы сынған жоқ. Мақалаңда сол жағын да өте жақсы келтіріпсің, Дидахмет», – деді. Кейде қатал тағдыр да араз адамдарды қайта табыстырып жатады. Қалтай ағаның өзі де үнемі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қадағалауында жүрді. «Қырағылар» желтоқсан оқиғасы кезінде оны да күдіктілер қатарына қосқан. Ұлы Алтай – милиция капитаны. Алаңдағы толқу кезінде режиссер Әзірбайжан Мәмбетовті жазалаушы жендеттерден қорғаймын деп арашаға түскен. Мәскеуден келгендер оны да уақытша тергеу изоляторына қамап, үстінен іс қозғап, қылмысқа тартқан. Ертеңіне-ақ Қалтайдың үйін тінтіп, жинаған бар байлығы кітаптарын шашып, ақтарып, түк таппай кеткенін біреу білсе, біреу білмейді. Алтай ҚазМУ-дың Заң факультетін бітірген. Сотта өзін-өзі қорғап, ақталып шықты. Бәлкім, Қалағаңның ойына сол кездегі өзінің ұлы үшін жан қиналысы да есіне түскен болар. Несін айтасың, Дидахметтің сол мақаласы олардың бір-біріне кешіріммен қарап, сыйластықтарына жол ашқанына біз де қуандық.
Дидағаң газетке жаңа айшықты айдарлар алып келді. «Түбі туыс түркілер», «Қиырда жүрген қандастар», «Түркістанның танымдық мүйісі», «Азаттықты аңсаған алыптар», «Архивтен табылған асылдар», «Ел үшін ерлік», «Баяғы жартас, бір жартас», «Репрессия: боздақтар», «Ойлан, адам», «Тұманды жылғы тұлғалар», «Ол... және ол туралы», «Алаштың алтын қорынан» секілді рубрикалар мақалалардың шырайын ашты. Еркін Нұразханға да қоғамдағы келеңсіздіктерге байланысты сатиралық суреттер салдырып, газеттің бірінші бетіне жариялап отырды. Сол суреттердің әрқайсысы оқырмандарға сын мақалалармен бірдей әсер етті. Бір жолы Ақмоладан Амантай Кәкен маған телефон шалып, Еркіннің сол суреттері жұртқа ой салатынын айтқан еді. Ақын Сейфолла Оспанның ГКЧП кезінде «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы Нұрмахан Оразбековтың батылдығы туралы «Иә, бұл ерлік еді», Нұрқасым Қазыбектің «Ата жұртқа біз осылай оралғанбыз», менің бірнеше жылға созылған «Авторлық бағдарлама» айдарымен жарық көрген «Казахское дело» сериялы журналистік зерттеу мақалаларым мен басқа да тілшілердің ұтымды шыққан материалдары күні бүгінге дейін ел аузында айтылып келеді. XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап, Қазан қаласында шыға бастаған «Шора» журналынан аударылған тарихи-танымдық дүниелер де өз алдына бір төбе. Осылардың бәріне мұрындық болған – Дидахмет Әшімханов.
Журналистикасы мен жазушылығы бірдей Дидағаң арнау өлеңдердің де шебері еді. Жұртқа жанашырлығы тіпті бөлек. «Қазақ әдебиеті» газетінде жүргенде екеуміз «Дәуір» баспаханасына бірге бардық. Түннің біраз уағы болып қалған. Кезекші техник: «Газеттеріңіз басу машинасына салынып жатыр. Қолдарыңызды қойыңыздар» деген соң цехқа бардық. Ұзын цехта бірнеше машина жұмыс істеп тұрған. Жұмысшылар – жастары елуден асып қалған ерлі-зайыпты орыстар екен. Қолдары, бет әлпеттері айғыз-айғыз қара май. Үстеріндегі киімдерінің де теңбіл-теңбілден сау жері жоқ. Екеуі де мылқау. Бір-бірімен ымдасып, саусақтарын жыбырлатып сөйлеседі. Әйелі цехтың астыңғы қабатына түсіп кетті де, ері алып машинаны іске қосты. Біз қашан газет басылып шыққанша цехтың бір жақ басындағы күту орнында тұрдық. Бір кезде жұмысшыны біреу қатты соққандай етпеттей құлады. Дидағаң: «Анау талып қалды», – деп солай қарай тұра жүгірді. Мен соңынан ердім. Ол бара сала әлгіні аударып, арқасымен жатқызды да, май-май бетінен жиіркенбей, аузын аузына қабыстырып, үрлей бастады. Мен көкірегінен қайта-қайта басып жатырмын. Тынысы ашылар түрі жоқ. Дидағаң: «Сен тез кезекші техникке бар, «Жедел жәрдем» шақырсын», – деді де өзі үрлеуін жалғастыра берді. Қайтып келсем, жанында үнсіз тізерлеп отыр екен. Дидағаңның қалың ерніне де май жұққан. Ол: «Болмады, аман алып қала алмадым», – деді өкінішті үнмен. Сол кезде әйелі келіп, ерін құшақтап, еңіреп жыласын бір. «Жедел жәрдем» дәрігерлері зорға ажыратты. Сол бір оқиға, Дидағаңның жанталасқан әрекеті күні бүгінге дейін көз алдымнан кетер емес.
Бір жолы екеуміз жұмыстан үйге бірге қайттық. Жеңіл көліктің рөлінде Дидағаң. Абай даңғылына түскенде мен: «Дидаға, бірнеше әңгімелеріңіз бен повестеріңіз кітап болып шықты. Жазғандарыңыз жұртқа ұнайды. Айтыңызшы, ең алғашқы әңгімеңізді қалай жаздыңыз?», – деп сұрадым. Ол: «Алғашқы әңгімемді «Жұлдыз» журналында отырған Қалихан Ысқақ ағама алып бардым. Үстел жанындағы орындыққа отырғызып, әңгімемді оқи бастады. Қолындағы қаламымен әр сөйлемімді түзетеді. Бұл менің шымбайыма қатты батты. Бүтін дүниемді, асыл қазынамды бүлдіріп жатқандай көрінді. Әңгімемнің соңғы жағына да түзетулер аз түскен жоқ. Қып-қызыл шимай-шатпақ. Әлгінде ғана аптығып келген көңілім су сепкендей басылды. Ағам: «Үйіңе барған соң, мына түзетулерді қарап шық. Жалпы, жазуға иекемің бар», – деді. «Көңіл жықпастықпен айта салғаны ғой» деген ой келді. Дегенмен оның сол түзетулеріне мән беріп, қайта жазып шықтым. Әңгімем дөп-дөңгелек, жұп-жұмыр болып шыға келді. Ағамның сондағы жөндеулері маған көп ой салды. Ол маған әңгіме жазудың сырын ашып бергендей болды. Солай, бәрі содан басталды. Әлі де төрт аяғы тең жорға секілді салған жерден жосып кете алмаймын. Кейде повесть секілді ауқымды дүниелерді қолға алғанда күні бойы ақ қағазға телміріп отырып, жарты бет те жаза алмай азапқа түскен кездерім аз болған жоқ. Сонда уақыттың босқа кеткені-ай деп қатты өкінетінмін. Шығарманың желісі әлі санамда піспегенін білген соң диванға жатып алып, кітап оқимын. Қашан оңтайы келгенше жаным жай таппайды. Күндердің күнінде әлгі повестің үзілген ұшығы шыға келіп, күрмеуі шешіліп, тұйықтан шығар жол табамын. Сол кезде үстел басына күн-түн тапжылмай отырып, қаламға ерік беремін. Әңгімем кейде бір күнде, кейде бір аптада жазылады.
Мен: «Джек Лондонның «Морской волк» романын аудардыңыз. Бұрын оның әңгімелерін басқалардың аудармаларынан оқып, біздің жазушылардан асып бара жатқаны шамалы екен ғой деген ойда жүруші едім. Сіз оның сол романын «Теңіз қорқауы» деп аудардыңыз. Оқып шықтым. Сонда маған Джек Лондон әлем әдебиетінде теңдесі жоқ жазушыдай көрінді. Аудармашы Әбілмәжін Жұмабаевтың талғамы күшті еді. Оның «Теңіз қорқауын» Қалтай ағаға қатты мақтағаны есімде. Сізге соны аудару қиынға соққан жоқ па? – дедім. Дидағаң: «Шетел жазушыларын кімнің қалай аударатынында шаруам шамалы. Өз басым романның орыс тіліндегі нұсқасын екі рет оқып шықтым. Кейіпкерлерінің образдық болмысын ойыма сіңірген соң барып, Лондонның жан дүниесіне кіргендей әсерге бөленіп, романның ырғағын тауып алдым. Содан үш аптада желдіртіп жазып шықтым», – деді.
Дидахмет өмірден ерте кетті. Журналистикаға да, көркем шығармаларына да жанын салды. Екеуіне де талғамы зор, талабы күшті, қаламына адал болды.
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ