Тұмауды жеңу оңай емес
Мамандар алдағы мереке күндері халық көп жиналатын орындарға барудан сақтану керегін ескертіп отыр. Сондай-ақ шетелге саяхаттайтын қазақстандықтарға да уақытылы вакцина алып, медициналық бетперде киіп, түшкіру немесе жөтел сияқты белгілері бар адамдармен тығыз байланыста болудан аулақ болуды ұсынады.
Ел арасында Гонконг тұмауы атанып кеткен H3N2 тұмауы биылғы маусымда алғаш рет Алматыда тіркелгенімен, уақыт өте келе еліміздің барлық аймағына тарала бастады. Дәрігерлер тұрғындарға аса сақ болуды ескерткенімен, елімізде тұмау, ЖРВИ дерті асқынып тұр.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният биыл тұмауға қарсы 2 млн 400 мың адам егілгенін мәлімдеді. Бұл жалпы халықтың – 12,1 пайызы. Қауіпті топтардағы адамдар да вакцина алған. Олардың ішінде балалар, созылмалы аурумен ауыратындар және жүкті әйелдер бар.
– Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері ЖРВИ-дің 1,3 млн жағдайы тіркелді, оның 66 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ауру деңгейі 8 пайызға төмен. Қараша айынан бері тұмаумен ауырғандардың 30 пайызы – балалар. Биыл тұмаудың А және В типті таралымы байқалады», – деді еліміздің Бас дәрігері.
Мамандар биыл коронавирустық инфекцияға қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты төмендегенін айтады. Министрдің айтуынша, биылғы жылдың басынан бері коронавирус 2,6 есеге төмендеген. Биылғы 10 айда 11 734 адам ауырып, 7 мыңға жуығы стационарлық ем қабылдаса, 1 300 адам екпе алған. Қазір 2 науқас ауруханада емделіп жатыр.
Астана қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиеваның айтуынша, жедел респираторлық вирустық инфекциялардың ішіндегі ең қауіптісі – тұмау.
– А және В тұмауы вирустың маусымдық өсуін тудырады. А типті вирус адамдарға да, жануарларға да жұғуы мүмкін. Құс және шошқа тұмауы А типті тұмаудың түрі. Вирустың бұл түрі табиғатта эпидемияға айналған ауыр немесе орташа ауырлықтағы ауруларды тудырады. В типті вирус тек адамнан адамға жұғады. Бұл вирус түрі әдетте жергілікті сипатта болады және А типті тұмау эпидемияларының алдында немесе олармен қабаттасуы мүмкін, – деді Жанна Пралиева.
2023-2024 жылдардағы эпидемиялық маусымда маусымдық тұмауға қарсы иммундау үшін жергілікті бюджет қаражатынан Ресейде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасының 160 мың дозасы қосымша сатып алынды.
Еліміздегі эпидемиялық жағдай тұрақты болмай отыр. Қарапайым халық тұмаудың коронавирустан, ЖРВИ-ден айырмашылығын ажырата алмайды. Өйткені үшеуінің де ұқсас белгілері көп. Оған қоса науқастардың ауруханаға бармай үйден емделуі де жағдайды ушықтыра түскендей. Үй жағдайында емделген науқас өзі жазылғанымен, отбасы мүшелеріне жұқтыруы мүмкін.
Эпидемиялық маусымның басталуына байланысты ЖРВИ, тұмау және COVID-19 ауруының ең жиі кездесетін белгілері, инкубациялық кезеңдері және ұзақтығы туралы дәрігер терапевт Ирина Андреева: «Ауру белгілерін нақты тізбектеп беру мүмкін емес. Сайып келгенде, коронавирусты тек тест нәтижесі мен дәрігер ғана нақтылай алады. Алайда ауру белгілерінде айырмашылықтар бар», – дейді. Мәселен, суық тиген кезде адамның мұрнынан су ағады, жөтеледі, тамағы ауырады. Ал COVID-19 кезінде жөтел пайда болады, мұрыннан су ағады, дене ауырып, жалпы әлсіздік пен ентігу басталады. Ал тұмауда суық тию белгілері коронавирус инфекциясына ұқсас болғанымен, тұмаудың белгілері айтарлықтай ерекшеленеді екен. Тұмаудың басты белгілеріне қалшылдау, бастың немесе өне бойдың ауыруы жатады. Сондай-ақ құрғақ жөтел, жалпы әлсіздік, тер басу, мұрыннан су ағу, жүректің айнуы, құсу, диарея сынды белгілері бар.
– Аурудың жеңіл және орташа ауыр түрінің белгілері пайда болғаннан кейін 10 күннен соң жұқтыру қабілеті айтарлықтай төмендейді. Алайда, кейбір ауыр науқастарда ауру басталғаннан 8-15 күн өткеннен соң жағдайдың нашарлауы байқалады, – деп түсіндіреді Андреева.
Тұмаудан әсіресе егде жастағы адамдар қатты жапа шегеді. Сондай-ақ тұмаумен ауыратын науқастарда аурудың алғашқы белгілері пайда болғаннан кейін 1 апта бойы жұқпалылығы сақталады.
Қытайда да тұмауға ұқсас вирус өршіп жатыр. Елдің солтүстігінде балалар арасында ЖРВИ кеңінен тарап жатыр. BBC-дің мәліметінше, елдегі кейбір аудандық ауруханаларда науқас бүлдіршіндер өте көп. Емдеу мекемелерінде оттегі маскаларын таққан кішкентайлар көбейген дейді басылым.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайда вирустың өршуіне алаңдап, ел билігінен аталған ауруға қатысты ақпарат беруді сұраған. Ал Қытай билігі тұмаудың өршуін коронавируске қарсы шаралардың тоқтауымен байланыстырып отыр.
Сондай-ақ Ұлыбританияда тұңғыш рет шошқа тұмауының H1N2 штамын жұқтырған адам тіркелді. Бұл ауру адамға доңыздан жұғады. Еске сала кетсек, алғаш 2009 жылы індеттің осыған ұқсас штаммы әлемде пандемия тудырып, 280 мың адамның өмірін жалмаған болатын. Алайда, дәрігерлер жаңа штамнан аса қауіп жоқ деп мәлімдеп отыр. Егер инфекция белгілері анықталса, дереу оқшауланып, басқалармен қарым-қатынаста болмауға шақырады.
Мамандар алдағы мереке күндері халық көп жиналатын орындарға барудан сақтану керегін ескертіп отыр. Сондай-ақ шетелге саяхаттайтын қазақстандықтарға да уақытылы вакцина алып, медициналық бетперде киіп, түшкіру немесе жөтел сияқты белгілері бар адамдармен тығыз байланыста болудан аулақ болуды ұсынады.
Нұржамал Өмірбекқызы,
терапевт дәрігер:
COVID-19 келесі жылы қайта
оралуы мүмкін
– Күніне тұмаудан емделуге ауруханаға 5-7 науқас келеді. Таралып жатқан Гонконг тұмауы – тыныс алу жолдарының ауруы. Бұл ауру өз атауын 1968-1969 жылдары Гонконгта миллионға жуық адамның өмірін қиған пандемиядан кейін осылай атала бастаған.
Ауру тыныс алу және ас қорыту жүйелеріне әсер етеді. Негізгі белгілері: құрғақ жөтел, тамақ ауруы, бас ауруы, қатты әлсіздік және ас қорытудың қиындауы.
Тұмаудың бұл түрі қысқа инкубациялық кезеңмен, аурудың жедел басталуымен және тез қалпына келетін жылдам циклдік ағымымен сипатталады. Ауыр тұмау тыныс алу жеткіліксіздігінің белгілерімен, өкпе ісінуі, қан тамырларының коллапсы, церебральды ісіну, геморрагиялық синдром және қайталама бактериялық асқынулардың қосылуымен төменгі тыныс жолдарының зақымдалуымен бірге жүреді.
Ал тұмау – А, В және С типті вирустар тудыратын, ауа-тамшылары арқылы жедел тарайтын, өте жұқпалы респираторлық вирустық инфекция. Бір қызығы, 2020-2021 жылдары тұмаумен аурырғандар аз болды. Ғалымдар мұны COVID-19 көптеген вирусты «ығыстырды» деп түсіндіреді. Алайда бұл инфекция 2023-2024 жылдары қайта оралады деген болжам да бар.
Екі жыл ішінде тұмауға қарсы иммунитеті жоқ адамдардың үлкен популяциясы қалыптасты, сондықтан тұмау вирусын асқынуларға алып келуі мүмкін.
Оқырмандарға айтар кеңесім, тұмауды жеңу оңай емес. Сондықтан төсек режимін сақтап, көп сұйықтық ішу қажет. Егер ауру басталған 3-4 күн ішінде жағдайыңыз жақсармаса, дереу дәрігерге хабарласыңыз.