Түрлене бер, TÚRKISTAN!

Túrkistan газеті. Газет қазір аға қалыптаған нұсқасынан да жанданып, жаңа­ра түскен. Ойы ширап, бойы нығайған. Отызға толып, ордасы кеңей­ген. Меніңше, бая­ғы балғын басылым­ды қанатын қата­й­тып, ел сөзінің мінберіне айналдыра білген шы­мыр шәкірттеріне Қалтай ағаның рухы риза болуға тиіс.

Түрлене бер, TÚRKISTAN!
1371

Биыл Túrkistan газетінің шыға бастағанына 30 жыл толады. Біз осыған орай, «Túrkistan – 30» айдарымен басылымымызда бұрын қызмет еткен қызметкерлердің естеліктерін жариялай бастаймыз. Бүгінгі нөмірде Túrkistan-ның алғашқы құрамында болған белгілі ақын, талантты журналист Абзал Бөкеннің мақаласын ұсынып отырмыз. 

Қазақ қалжыңының қара нары, са­ти­ра­сы­ның сардары Қалтай Мұхамед­жа­новтың қа­рамағына қызметке келерден бұрын үш жұ­мыс орнын шиырлаппын. Оның алғаш­қы­сы – «Жалын» баспасы. Өлеңдерінде өзін­­дік өрнек бар деп білген олар 1985 жы­лы Жез­қазған облысы, Приозерный аудан­дық «Ленин жолы» газетінде қызмет етіп жүр­ген мені ауыстыру әдісімен өз қара­мақ­тарына ал­ған. Әрине, баспанамен қамту жа­ғы мін­детіне кірмеген. Бұл – үлкен қала­лар­да тұрақ­та­ғысы келетін жастардың ең осал жері. Әйт­кенмен, бөтендердің боса­ға­сы­нан бос орын тауып, қоңыр тірлікті бас­тап кеткен­біз.
Екі жыл өтті ме, өтпеді ме, бір күні жұ­­­­мысқа келсем, директордың алдында отыратын хатшы қыз ертеңнен бастап «Социалистік Қазақстан» газетіне ауысасыз, жо­ғарыдағылардың пәрмені солай, – демесі бар ма?! Мұндайда жұмысқа алушы жақ пен барушы жақтың алдын-ала хабарласып алуы болушы еді. Мына жерде ол жоқ. Сон­дық­тан мен таңғалысымды ішіме жасырып, ер­теңіне айтылған жұмыс орнына кете бар­дым. Бір жағынан баспана тұрғысынан бір үміт шырағы жана ма деген дәме де жоқ емес. Бірақ ол ойым ақталмады. «СҚ»-ның өзім көрген үшінші басшысы Шерхан аға­ның тұсында ұжымда қанаттас қызмет етіп жүрген журналистиканың жүйріктері Ер­бол Шәймерденов, Қайнар Олжай, Жұ­ма­бек Кенжалин, Рысбек Сәрсенбаев секілді алғыр жанр­дың ақмылтығы болмасам да, асықпай жүріп анық басқан біраз материалым бас редактордың көңілінен шықты. Жұмабек Кен­жалинді «Халық кеңесі» газетіне алып кеткенде «бір керегемді қопарып әкетті» деп күйін­ген Шерағаңның, мені Бексұлтан аға «Па­расат» журналына тартқанда «сүбе қа­быр­ғамды суырып алдың» деп мұңаятыны, ал Бексұлтан ағаның «апыр-ай, Абзал, Шә­кең сені қандай жақсы көреді» деп таңыр­қай­тыны осы тұс. 
Бұл 1989 жылдар болар. Дегенмен өмір ағы­ны мені атақты Қалтай ағаның қара­ма­ғын­да қызмет етуге жақындатып келе жат­қан. Журналдың кезекті нөмірін басып шы­ғару қамымен «Дәуір» баспаханасында жүр­гем. Түнгі уақыт. Кенет белгілі ақын әрі әде­биет сыншысы, бір кездегі «СҚ-дағы» бас­­тықтарымның бірі Әбіраш Жәмішов аға­мен кездесіп қалдым. Ол кісі де бір басы­лым­ды өткізу шаруасымен жүрген сияқты.
Мұндайда «Ассалаумағалейкумнен» кейін­гі сөз «үй алдың ба?» болады. Мен «жоқ» деймін. Апыр-ай, ә, Бекең бір ыңғайын кел­тіремін, – деп еді ғой дейді Әбекең алаң көңіл­мен. Солай абдырап тұрды да, сен бы­лай ет, – деді. Қалтай Мұхамеджанов ағаң ела­ралық «Заман – Қазақстан» газетін ашып, жан-жақтан жақсы кадрларды жа­сақтап жатыр. Мен ол кісіге сен жөнінде ай­тайын. Жаңадан құрылған мекеме ретін­де екі-үш пәтер, қызмет машиналарын бе­ре­­тін түрі бар. Менен хабар күт. – Жақсы, – дедім мен.
Бұл әңгіме ұмытыла бастаған бір күн­дері алдымдағы ақ телефон шыр етті. Әбіраш аға екен. «Тезірек кел, бас редакторға алып кірейін» болды сөзі. Көкбазардың қар­­­­­сысындағы шыны ғимарат пен «СҚ» ор­наласқан үйдің арасы алты-ақ аттам жер. Бар­дық. Қалағаңды бұрын сыртынан көріп-біліп жүргеніммен, жақыннан жанасуым бірінші рет. Жайдары қарсы алған аға өзінің мен­шікті сөзіне айналып кеткен «Ой, жол­барысым-айымен» бір көтермелеп алды да, бұл балаға не жұмыс бересің, – деп Әбекеңе қа­рады. Түген деген бөлім бос тұр, соған мең­геруші етсек, – деді Әбекең. Онда бұй­ры­ғыңды дайында, – деді бастық. Осы сәтте «Па­расаттың» әдебиет-мәдениет бөлімін бас­қарып отырған Асқар Сүлейменов аға­ның мені шығарып салар шәй үстінде «Ақ­сақалға тәуірлеу қызмет бер» деп айтайын ба дегені есіме түсті. Әрине, мен ол ұсыны­сы­нан бас тартқанмын. Не жұмыс берсе де қа­нағат сезімімен атқара беремін дегенмін. Енді Қалағаңның жомарт жүрегінің ар­қа­сында Асекең айтсам деген ұсыныс өз-өзі­нен орындалып жатқандай көрінді. Жалпы, Асқар аға маған екі мәрте жазып жүрген қа­ла­мын сыйлаған. Алғашқысын ұқыпсыз­дық­пен жоғалттым. Екіншісін осы жолы ұсын­ды. Қара сия толтырылып, әбден іс көр­ген қалам. Бұл қалам қазір де менің жеке мү­ліктерімнің қатарында тұр.
Мен көргенде Қалағаң алпыстың мол үстіне шығып, сәл шау тарта бастаған. Бірақ соған қарамастан, жаңа басылымның ұшы-қиырсыз ұйымдастыру жұмысына білек сы­бана кірісіп, република баспасөзінде аты мәшһүр Дидахмет Әшімханов, Бейбіт Са­паралин, Көлбай Адырбекұлы, Жұмагүл Сол­тиева секілді қаламы жүйріктерден шы­ғармашылық ұжым құра бастады. Редак­цияның материалдық-техникалық базасын жақ­сартуда да тынымсыз тірлік атқарды. Ол кісінің атақ-абыройы сол кездегі барша деңгейдегі кеңселердің есігін еркін ашуда же­тіп артылатын еді. Бір емес, бірнеше қыз­меткеріне жаңа салынған, жақсартылған жо­бадағы үйден пәтер әперіп, шексіз қуа­ныш­қа бөледі. Сол санаулы бақыттылар ішін­де біз де бар едік.
Қалтай аға жаңа ұжымның керек-жара­ғын түгендеумен қатар, оның басына хан са­райындай жеке ғимарат тігуде ғаламат күрес­керлік танытты. Бұрын Балық шаруа­шы­лығы министрлігінің мекені болған осы же­кежайға көзін сүзушілер аз емес-ті. Алай­да соттан сотқа жүгініп, таразы басын өзіне тарт­қысы келген тараптар арасында Қала­ғаң­ның мерейі үстем болды. Еларалық ба­сы­­­лым «Заман – Қазақстан» еңселі ғима­рат­қа еніп, сүбелі сөзі ел құлағына жетіп, еңсесін көтере бастаған.
Алайда «шығасыға иесі басшы» деген бар. Иенің негізгісі – басылымның шығуына қар­жы беріп отырған түрік бауырлар бо­ла­тын. «Тау мен тасты жел бұзады, адамзатты сөз бұзады» дегендей, арада сөз жүргізушілер болды ма, әлде басқа нәрсе бар ма, құрыл­тай­шы мырзалар мен Бас редакторымыздың ара­сына сызат түсті. Құрылтайшы тарап, қар­жы мәселесін былай қойғанда, ұжымның шы­ғармашылық еркіндігіне, редакция ұста­нымына дейін иелік етуге кірісті.
Оларда біздегідей айлығыңды қол қойып алатын бухгалтерлік жүйе болмай­тын. Ме­желі уақытында жалақыңды сұрасаң, шал­барының қалтасына қолын салып жіберіп, саусағына не іліксе, соны беретін. Бұл аз ба, көп пе, сұрап та жатпайтын. Мұны адамды қор­лау актісіндей сезінгендіктен бірнеше ай бойы оларға жоламай, айлық та сұрамай, түлкіқұрсақ тірлік кешкенім есімде. Содан олар өзінше қорытынды жасап, мені «Қал­тай­дың адамы» қылып, есепке алуды да до­ғар­ған.
Сол тұста арандатуға ұқсайтын әре­кет­тер де болмай қалған жоқ. Бірде, мереке тұ­­­­сында болар, құрылтайшы бір бастық Қа­лағаңа бір шаруаға жаратарсың деп бір­шама доллар ұсынады ғой. Дүрдараз кездің дол­лары дүмпу болып жарылуы да мүмкін. Осы­ны ескерген Қалтай аға әлгі түрік бас­тық­тың өзін қатыстыра отырып жедел жи­на­лыс шақырып, ол ұсынған долларды бәрі­мізге қылдай тең етіп бөліп бергені есім­де. Бас редактордың бұл «жүрісі» дұрыс бол­ғанын кірме бастықтың бағжаңдаған кө­зінен байқағанбыз.
Тоқсан үшінші жылдың жазына қарай бо­лар, редакция тіршілігі ауада ілініп тұрған жағдайға жетті. Газет бұдан былай өмір сүре ала ма, жоқ па деген сұрақ күн тәр­­­тібінде көтерілді. Дәстүрлі баспасөзге жа­зылу әрекеті тоқтады. Бұл бәрімізге алда­ғы жылы газетіміз баспасөз индексіне ілік­пей­тінінің хабаршысындай болып көрінді. Күз болып қалған. Бір күні республикада шы­­ғатын газет-журналдардың атаулары мен индексі жазылған жаңа кітапша қо­лы­мыз­ға тиді. Міне, ғажап. Белгілі басылымдар қа­тарында халықаралық «Түркістан» деген га­зет тұр. Бұл не басылым дейміз. Сөйтсек, біз уайымның ұйығына ба­тып жүр­генде, қабылан мінез Қала­ғаң қарап жат­папты. Баспасөз министрімен ке­лісе отырып, береке таптырмаған ела­ра­лық газетті жауып, орнына қаржы жағынан же­кеге тәуелсіз халықаралық «Түркістан» га­зетін тіркетіпті. Міне, бүгінде жасы отызға то­лып отырған абыройлы газетіміз өмірге осы­лай келген. Жаңа басылымның тұсауы ке­сіліп, жаңа тірлік басталды. Қайтадан қыз­мет бөлістік. Ағаның іс-жоспарларының жү­зеге асуында орынбасарлары – Бейбіт, Ди­дахмет, Шәмшидден көп қолғанат болды. Қа­тардағы жауынгерлер, біз де хал-қада­ры­мызша үнқағазымызды үлгілі өнім етуге күш салдық. Осы уақыт аралығында Бас ре­дак­торымыздың ағалық, әкелік қам­қор­лығынан ұжымның бір мүшесі де қағас қа­л­ған жоқ деп ойлаймын.
Менің ұғымымда газеттің бет-бей­не­сі – оның дизайны. Бұл ретте сек­ре­тариат жетекшісі болған, бүгінде белгілі қа­ламгер Көлбай Адырбекұлы мен белгілі су­ретші, карикатураның шебері Еркін Нұраз­хановтың ізденістерін айтпай кетуге болмайды. Еркін қиялының жемісі ретінде га­зеттің маңдайшасына тайқазанның суреті шы­ғарылды. Сонда алдында тарап кеткен га­зеттің экс-құрылтайшысының бірі «бүкіл түр­кі дүниесіне ортақ тайқазанды газетің мен­шіктеп алыпты» деп Мұхамеджановты мұ­­­қатқысы келмей ме. Сонда Қалағаң жұ­лып алғандай, «бүкіл әлемге ортақ ай мен күн­ді туларыңа тәуелдеп алған сендердің тай­қазан жөнін тәпсірлеу нелеріңді алған» деген екен. Түрік тұтығып қалыпты.
Жалпы, «Түркістан» газеті туралы сөз­ді Қалтай аға туралы сөз десек қа­телеспейміз. Оның жайдары мінезі, жай­саң қылығы, даладай кеңдігі, таудай биіктігі, теңіздей тереңдігі қалың кітапқа қатық бо­лар қасиеттер ғой. Қасында жүріп көп та­­­ғы­лым алдық. Тоқсаныншы жылдар ты­ғы­­рығы кезінде өле жемей, бөле жеудің дұ­­­рыс­тығын да сол кісіден дарыттық. «Нан­да­рыңа жағатын майларың қалыңдау бол­сын­шы» деп, артық бөлмелерді жалға беріп, түс­кен тиын-тебенді тең бөліп беріп отыр­ған әкелік қамқорлығы да естен кетер емес. Қыс­қасы, барша ұжым кеңсе түсінігінде қыз­­меткері, тұрмыс түсінігінде балаларын­дай едік.
Қалағаң – қаламгерлігі мен қайраткерлі­гін қа­тар алып жүрген қажырлы тұлға. Ол ел тағ­­­дырына қатысты мәселелерге келгенде бұғып қалмай, кесімді сөзін дер уақытында ай­татын нағыз ақмылтықтың өзі еді. Оның Пар­ламент қабырғасында мемлекеттік тіл мә­селесі тығырыққа тірелгенде, оны бұра тар­тушы ғалым Смет Кеңесбаевқа жолдаған Ашық хатындағы «Сізден шындық күткен­ше, піскен жұмыртқадан балапан алу оңай» іс­петті тотияйын тұздықтары немесе мүф­ти­мен арадағы ой жарысында ойнақы юмор мен сарказмды сарқа пайдалану тәсілі сол кез­дегі қазақ айтқыштық өнерінің қайта жаң­ғырған жамбысындай жарқырап еді. Қал­тай аға Бас редактор ретінде халыққа не керек екенін үнемі тап басып танып, жа­­­­зармандарын сол тарапқа бағыттап оты­ра­тын. Бұл ретте оны ұлтының көзін ашуда ке­шегі Алаш арыстары «Қазақ» газетін қалай пай­даланса, «Түркістан» газетін солай тиім­ді пайдаланған күрескер тұлға деп танысақ, еш жаңылмаймыз.
Бүгінде уақыт табымен сарғайған, Қа­ла­ғаң қол қойған сол басылым тігінділерін па­­­рақтай отырып, қозғалмаған тақырып­тың кемде-кем екеніне таңғаласың. Онда тәуел­сіздік те, экономика да, мәдениет те, салт-дәстүр де, тарих, таным да, тіл, діл, дін мә­селесі де нақты талдауымен, берік бай­лауы­мен шежіре-сыр болып тұнып тұр. Осын­дай сәтті бір нөмірді тамашалап отыр­ға­нымызда Президенттің өзі телефон ша­лып, ағамызға ажарлы газеті үшін алғыс айт­­­­қаны бар. 
Қалағаң өзі негізін қалаған халықаралық ба­сылымын нығайтуда көп еңбектеніп, қыр­уар қиындық кешкенін айттық. Әрине, оның негізгісі – қаржы мәселесі. Кеңес им­пе­риясының бас құйқасы тырыса бастаған тоқсаныншы жылдары дербес ғимаратты жүдетпей ұстап тұру да ол кісі үшін оңайға соқ­қан жоқ. Әсіресе, үйдің төбесі тесіліп, ше­кемізді су тамшысы шерте бастағанда, қала әкіміне неше мәрте барып ақша сұра­ды. Әкім бар болғыр бермеймін демейді, бір­ақ мәселе сиырқұйымшақтанып созыла береді. Сөйтіп жүргенімізде газетімізде әкімнің шамына тиетін бір материал жа­рия­ланып кетпесі бар ма?! Қалабасы ша­бы­на шоқ түскендей тулаған. Тау қозғалса қоз­­­­ғалмайтын Қалағаңның «тышып-сиіп жүріп жинаған абыройымды бір-ақ сәтте құрттыңдар, енді төбені жөндейтін қар­жыны қайдан аламыз?» деп таусыла сөйлей­тіні сол кез.
Содан келесі жолы әкімге барғанда жи­на­лыс өткізетін ұзын үстел бойында тізіл­ген орындықтардың есік жақ шеткісіне те­ріс қарап отыра қалып, орындықтан орын­дыққа жамбасымен жылжиды ғой. Әкім мына көрініске таңғалып: – Қалеке, мұныңыз қалай? – десе, саған қарауға бетім жоқ болған соң, артыммен жылжып келе жат­қаным ғой, – депті әнеукүнгі сын мақа­ланы меңзеп. Білімі дария, білгені мұхит аға осылай әзіл-қалжыңның да түбін түсіретін. Тек, соның көбін өз аузынан естіген бізге кей­­де кейінгі буынның аға сөзін әлсіретіп жаң­ғыртатыны қатты батады. Ол кісінің ретті бір жерінде ТМД-ны «СССР-дың сы­ны­ғы» деп қыжыртқаны да есімізде. Сонда таң­ға­ламын, ТМД, шынында да, СССР-дың сы­ны­ғы ғой деп. Бірде әңгімелесіп отырып: – Аға, кейінгі кезде кісінемейтін жылқы, үр­мей­тін ит, тышқан ауламайтын мысық пайда бола бас­тады, – десем, Қалағаң «Тышқан аулаға­ның не, сол тышқан бір жерінен тістеп оят­са, мысық басын көтеріп: «Е, сен бе едің?», – деп қайта ұйықтап кетеді, – деп күл­­­дір­гені бар. Аз мезгіл жазушы Адам Меке­баев ағамыз газет қызметінде болды. Жаздың ыстық уа­қы­ты еді. Шөлдеп, шаршап келген Қалағаң әлгі адам-хайуандарыңды алып келіңдерші де­ді. Біз аңтарыла тұрып қалдық. Сөз жо­ба­сын түсінген біреу Адам ағаны іздеуге кет­ті. Бір ғажабы, басқамыз айтсақ, тым дө­рекі естілетін осы сөз Қалағаңның ай­туын­да әзіл­ге баланып, әп-әдемі сіңіп кетті. Аға бұл жер­де өзі шаршап отырса да, бізді сергіту үшін контрасты ойнатты, антонимді әзілге бөк­тірді. Үлкен үйден «Халық жазу­шы­сы» құ­жатын алып келгеннен кейін үйде­гі тәте­міз­ге «Алло, бұл халық жазушысы Қалтай ғой» деп телефон шалып жатқанын бай­қа­ға­ным бар. Нені де болсын, айта біле­тін, ел­дің он күн ойлап таппайтынын табан ас­тында «тастай салатын» жомарт дарын еді ағамыз.
Қалтай аға аурушаң тізесінен өмір бойы зардап шекті. Мұны қаламдас інісі Шерхан Мұр­таза бір естелігінде арнайы айтып өт­кен екен. Осы кінәрат оның шығар­ма­шы­лық­­­та еркін қанат сілтеуіне көлденең кел­гені рас. Кереқарыс томдарды кертіп оты­рып жазуға оның білімі де, дарыны да, жи­ған-терген материалы да жеткілікті бо­ла­тын. Дегенмен ағамыздың шығарма­шы­лы­­ғы тым жұтаң деп те айта алмаймыз. Оның халық тілінің құнарына қаныққан қа­дау-қадау туындылары әдебиетіміздің құр­метті төрінен орын алғаны қашан. Жет­піс жасына орай жарық көрген таңдамалы үш томдығы бұған дәлел. Хас дарындарда ау­зыңа бір салсаң да жүрекке шық ететін шы­­ны майдай талғам деген нәрсе бар. Ұлы Ға­беңнің өзі кезінде шығармаларын үш том­ға топтастырып, «Осыдан азы аз, көбі көп» (Асқар Сүлейменов) деген. Қалағаңның қы­зық адам екені сол емес пе, осы үш то­мының өзін дайындауға жалқаусып, кө­мек­шілікке Әбілмәжін ағаны жеккен ғой.
Осы үш томымен аға жетпіс жасын дүр­кі­ре­тіп өткізді. Кілең ығай мен сығай жи­нал­ған салтанатты ортада біз де кісі сана­тын­да жүріп едік-ау. Шерағаң тойға жаңа бәй­бішесімен келген. Асанәлі аға ортаның сә­нін толтырған. Әрі қарай тізсек, дауға қа­ла­мыз. Тілімізге кілең көркем әлем ақ­сүйек­терінің бірі іліксе, бірі ілікпей қалуы мүм­кін. Сонда көм­беге жүз шақырым­нан шыр­қы­рап жеткен бәйге-баладай ар­нау өлең оқыған­быз:
«Қабылан жүрек Қалағаң, 
Қалаға келіп да­­­ладан.
 Бозбала шақта бата алған, 
Әуезов сын­ды данадан.
 Қабылан жүрек Қа­­лағаң, 
Қаң­тарда бура жара­ған. 
Жел жұлқып кеткен жұр­ты­ның, 
Жабығын жөрмеп жа­маған.
 Қабылан жүрек Қалағаң, 
Қауымға қам­қор хан адам. 
Арғын­нан тартып ағайын, 
Туыс та тапқан тамадан. 
Қабылан жүрек Қалағаң, 
Қо­ғамнан өнген жаңа дән. 
Сермеген серттің сем­сері ол, 
Қынабы күміс санадан. 
Қалаға ке­ліп даладан, 
Данаға келіп баладан, 
Жет­піске толды Қалағаң.
 Ағаның қолы береген, 
Бала­ның қолы алаған. 
Берерің жұрт­қа көп болсын, 
Береке қонған нар ағам!» 

Тақырыбы «Мақтау» деп аталатын бұл өлең енді бір үш жыл өткенде «Жоқтау» деген жырмен жал­ға­сатынын ол сәтте біл­ген жоқпыз. Бүгінде сүйік­ті газетіне жан-тә­німен қызмет еткен, алғашқы ізашарлар – Қалтай Мұхамеджа­нов, Әбіраш Жәмішев, Әбілмәжін Жұмабаев, Нұрқасым Қазыбеков, Дидахмет Әшімханов секілді аға-бауыр­ла­ры­мыз қатарымызда жоқ. Рухы бейіште шал­қығай бәрінің. Мәң­гі­­лік не бар бұл өмір­де. Бәрі өтпелі... Айна­лып келгенде, жар­қыра­ған жүзің озбайды, қал­дырған ізің озады.
Ол із – Қалағаң қалдырып кеткен ру­­ха­ни мұралар мен өзі негізін қалап, бүгінде тұң­ғыш нөмірі шыққанына отыз жыл то­лып отырған Túrkistan газеті. Газет қазір аға қалыптаған нұсқасынан да жанданып, жаңа­ра түскен. Ойы ширап, бойы нығайған. Отызға толып, ордасы кеңей­ген. Меніңше, бая­ғы балғын басылым­ды қанатын қата­й­тып, ел сөзінің мінберіне айналдыра білген шы­мыр шәкірттеріне Қалтай ағаның рухы риза болуға тиіс. Әри­не, ұшы-қиырсыз уа­қыт өлшемімен алғанда отыз жыл көп те емес. Бірақ бұл сырттай қара­ғанда ғана. Кей­де тарихтың маңызы бар жалғыз сәті жүз­деген жылдарға тати­тынын ескерсек, отыз жыл бойы ел мен есті сөз арасында ал­тын көпір міндетін атқару бір газет үшін оңай шаруа емес.
Алда талай асу бар. Ол асу – Әділетті Қа­­­­зақстанның көшін түзеп, қонысын ор­нық­тыру. Жабдығын жаңалап, дамыған жаһан жұртының тең құқықты әріптесі ету. Біздіңше, газетіміздің болашақ бағдары да осы міндет тұрғысында түзілім таппақ. Ен­де­ше, қаламың халқыңа қызмет етуден тал­­масын, түлеп түрлене бер, Túrkistan, – дей­­міз біз сөз соңында.

Абзал БӨКЕН,
TÚRKISTAN газетінің бұрынғы тілшісі

Серіктес жаңалықтары