Үздік газет, үлгілі редакция
Ағалар салған абыройлы жолдан айнымауды, аманатқа қиянат жасамауды ойлап, Túrkistan-ды сол биігінен түсірмеуге тырыстық.
Айтылуға тиіс, ескерусіз қалдыруға келмейтін сәттер, оқиғалар болады. Әсіресе, баспасөздің тарихына қатысты жайттар елеусіз қалмауға тиіс. Биыл Túrkistan халықаралық газетінің жарыққа шыға бастағанына 30 жыл толды. Елдің, егемендіктің тарихымен етене болған еларалық басылымның орны, жөні әркез бөлек. Túrkistan газеті туралы сөз еткенде, басылымның негізін қалаған қазақтың сақа қаламгері Қалтай Мұхамеджановтың, қатар, қанаттас еңбек еткен, бүгінде дүниеден озған Әбілмәжін Жұмабаев, Нұрқасым Қазыбеков, Әбіраш Жәмішев, Дидахмет Әшімханұлы сынды атпал азаматтардың есімдерін айтпай кету әбестік болар.
Осыдан бес жыл бұрын Túrkistan-ның ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында басылымға өлшеусіз еңбегі сіңген алдыңғы толқын ағаларға, өткенге құрметімізді білдірмек ниетте бұрын газетте жарияланған материалдарды іріктеп, жинақ етіп шығардық. Архив ақтарып, сарғайған, шаң басқан газет тігінділерін қайта парақтап отырып, небір кестелі сөз, көшелі ойдың алтын кеніне кез болғандай күй кештік. Әрбір материалды қызыға, құныға оқып шықтық, сонда. Осы ісіміз кейінгі жоспарымызға да жол сілтегендей болды. Ағалар салған абыройлы жолдан айнымауды, аманатқа қиянат жасамауды ойлап, Túrkistan-ды сол биігінен түсірмеуге тырыстық.
Журналистеріміз ел арасында қордаланып қалған түйінді мәселелер жөнінде өндірте жазды. Әсіресе, атажұртқа қоныс аударған қандастардың мұң-мұқтажы туралы өткір-өткір мақала, сұхбатты дүркін-дүркін жарияладық. Артынша газетте көтерілген мәселе бойынша тиісті мекемеге хат жолдап, оң шешілуіне ықпал етіп отырдық. Бір ғана мысал, Астанадағы Нұрбесік шағын ауданының тұрғындары көп жылдан бері құжаттарын рәсімдей алмай, бармаған жері, ашпаған есігі қалмаған еді. Осы мәселені бірнеше рет газет бетінде қозғап, құзырлы орындарға табанды түрде хат жазғанымыздың арқасында сең қозғалып, қандастардың құжаттары реттелетін болды. Осылайша, өзіне тиесілі мал-мүлкіне қолы жетпей қиналған, құжатын реттей алмай сенделген, жазықсыз жапа шеккен, тағы сондай қиын, күрделі жағдайға тап болған жандардың көңіліне шама-шарқынша газет арқылы демеу бола білдік деп ойлаймын. Осы «Атажұрт» айдарын тұрақты жүргізген тілшіміз, жазушы Бақытбек Қадыр бірнеше байқауда жеңімпаз атанды. Солардың ең соқталысы – «Алтын тобылғы» әдеби байқауында бас жүлдеге ие болуы.
Газетіміз шетелдегі қазақтармен де үнемі байланыста болып, олардың тыныс-тіршілігі туралы үзбей жазып тұрды. Әлемнің түпкір-түпкірінде, Google, Apple, Facebook секілді тағы басқа алпауыт компанияларда жұмыс істеп жүрген қандастардың өмір жолы, еңбек тәжірибесі жөніндегі қызықты, тағылымды сұхбаттары да оқырмандар тарапынан оң бағасын алып жатты. Осы айдарды бірнеше жылдан бері тұрақты жүргізіп, бір кітапқа арқау боларлық материал жазған тілшіміз, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Әлия Тілеужанқызы Президенттің Жарлығымен «Шапағат» медаліне ие болып, «Шаңырақ» байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
Айтпақшы, сол Әлияның бір сұхбатына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі назар аударып, Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшісі мен екі министрге арнайы тапсырма берді. Сеулдегі Хангук шет тілдер университетінің Орталық Азия факультетінің қызметкері кәріс қызы Цой Ен Сон Túrkistan газетіне берген сұхбатында «Қазақ-кәріс сөздігін құрастыруға көмектесетін маман іздеймін» деген болатын. Аталған оқу орнында қазақ тілін оқыған ол елге, тілге деген ықыласын білдіреді сол сұхбатта. Есімін қазақша Нұрай деп атағанды қалайтын Ён Сонға Президент арнайы хат жолдап, ол хатты Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев табыс етті. Мемлекет басшысының хатында «Сенің Túrkistan газетінде жарияланған сұхбатыңды ықыласпен оқып шықтым. Қазақ тілін жетік меңгеріп, өзгелерге, әсіресе жастарға жақсы үлгі көрсеткенің үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақ-кәріс сөздігін әзірлеу туралы игі бастамаңмен танысып, еліміздің Сыртқы істер министрі мен Білім және ғылым министріне тапсырмамды бердім» делінген.
Сонымен қатар редакция қызметкерлері газет шығарып қана қоймай, қоғамдық жұмысқа да жиі араласты. Айталық, қырғыздың Ыстықкөлінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультеті Túrkistan газетімен бірлесе ұйымдастырған Жазғы медиа мектепте біздің қызметкерлер жас журналистерге дәріс оқып, көршілес елдерден келген сала мамандарымен тәжірибе алмасты. Үстел теннисінен, боулингтен журналистер арасында жарыс ұйымдастырып, өзге ақпарат құралдарындағы әріптестердің ынтымақ-бірлігін нығайтуға үлес қосты.
2021 жылы Túrkistan халықаралық газеті URKER ұлттық сыйлығында «Жылдың үздік газеті» аталымын жеңіп алды. Әріптестеріміздің ұзақ жылдан бергі еңбегі ескеріліп, Таңсұлу Алдабергенқызы, Ахмет Өмірзақ, Динара Мыңжасарқызы, Бейбіт Тоқтарбай, Ділдә Уәлибек, Әлия Тілеужанқызы, Арайлым Жолдасбекқызы сынды бірнеше қызметкеріміз Президенттің, сала министрлігінің, қоғамдық ұйымдардың атаулы марапаттарына ие болды.
Túrkistan газетінің отыз жылдық мерейтойы қарсаңында барлық әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Әсіресе, осындай толайым мүмкіндікке жол ашып, бізге сенім білдіріп, зор жауапкершілік жүктеген сол кездегі басшымыз Ләззат Танысбайға алғысым шексіз.
Баспасөздің маңайында жүрген әріптестерім біледі, бүгінгідей құндылығы қым-қиғаш қоғамның талабы мен талғамына сай газет шығару да оңай іс емес. «Осы газеттер кімге, неге керек?» дейтіндер де табылады. Таралымы азайып, «шықпа жаным, шықпалап» отырған басылымдар қаншама, тіпті жабылып қалғаны да жетерлік. Осы тұрғыдан алғанда Túrkistan газетін уақыттың тезінен оның әу баста берік қаланған негізі, мызғымас абырой-беделі, мұқым түркіге ортақ қастерлі атауы мен басылым қызметкерлерінің жанкешті еңбегі сақтап келе жатыр деп ойлаймын.
Мереке құтты болсын, әріптестер!
Қуат Әуесбай,
Túrkistan халықаралық газетінің
2019-2022 жылдардағы
бас редакторы