Беделі биік басылым

Басылым Мұстафа Шоқайдың түбі бір түркі жұртының отын өшірмеу идея­сын, асыл арманын қайта жаңғыртты. Осы қасиетті идеология бүгінде Түркі жұр­ты­ның қара шаңырағы – Túrkistan ба­сылы­мының мұратына айналды.

Беделі биік басылым
turkystan.kz / сурет: Ділда Уәлибек
1037

1994 жылдың 28 қаңтарында  жарық көрген Túrkistan газеті – қазақ ақпарат айдынан өз орнын ойып тұрып алған пәрменді  ба­сылымдардың бірі.

Басылымның алғашқы бас редакторы Қал­тай Мұхамеджанов тәуелсіздіктің ал­ғаш­­қы жылдарындағы қаржы тапшы­лы­ғына қарамастан жаңа газет шығарды. Бі­рін­ші санынан бастап-ақ тәуелсіздік та­қы­ры­бын ту еткен бұл басылым қазақтың ғ­а­сырлар бойғы қалың мұңын сейілту ба­ғытында өткір-өткір мақалалар жариялады. Сол жыл­дары айлап жалақы алмай жүр­генд­е­рі­не қарамастан, елінің еркіндігі жолында бар күш-жігерін сарп еткен қазақ жур­на­листерін Отан үшін от кешкен саптағы сар­баздарға теңегім келеді. Олар сол күн­дер­ден бастап-ақ мемлекеттік тілдің мәр­те­бесін асқақтату мақсатында ештеңеден қай­мықпай, жанкешті күреске шықты, қа­лам-қаруларын оңды-солды сілтеді. Се­бебі жас қаламгерлердің алдында, көш бас­таған қара нардай қасқайып, қазақтың бір­туар азаматы – Қалтай Мұха­мед­жа­нов­тың өзі келе жатқан еді. Тек сол кі­сінің ар­қасында Túrkistan газеті Қазақ­стан­дағы ір­гелі басылымға айналды, қалың қа­за­ғы­мен қуана қауышты. Бұл газетте сол шақ­­тың өзінде қоғамдық өмірдің барлық са­­ласы – экономика, тарих, саясат, дін, өнер тағы басқа тақырыптар кеңінен қам­тылды. Әсіресе, Қалағаңның өз қаламынан туған, дін мен ділді, тарихты тілге тиек ет­кен пуб­лицистикалық шы­ғар­малары та­лай жыл­дардан бері тұманға бөккен оқыр­ман са­насын ойран-асыр еткендей бол­ды. 
Túrkistan газетінің журналистері ба­сы­лым жарық көрген күннен бастап, күні бү­гінге дейін тәуелсіз мемлекеттің қалып­тасуы мен ұлтты рухтандыру жолында талмай ізденісте келеді. Газет бетінде қан­шама күрмеуі қиын тақырыптар көтерілді, ел­дің тізгінін ұстаған азаматтармен бірге қан­шама қоғамдық құбылыстар тал­қы­лан­ды. Халқымыздың даңқты перзенттерінің бұған дейін толық ашылмай келген көлең­ке­лі келбеттері жаңа қырынан жарқырай түс­ті. Túrkistan газеті арқылы қазақ қоға­мын­да жаңа тұлғалардың жаңа бейнелері жа­салды. Басылым Мұстафа Шоқайдың түбі бір түркі жұртының отын өшірмеу идея­сын, асыл арманын қайта жаңғыртты. Осы қасиетті идеология бүгінде Түркі жұр­ты­ның қара шаңырағы – Túrkistan ба­сылы­мының мұратына айналды.
Бұдан отыз жыл бұрын жарық көрген Túrkistan-ның алғашқы парақтарынан бері шолу жасасақ, оның негізгі мақсаты түркі әле­міне қатысты тақырыптарды қамту бол­ғанын көреміз. Алғашқы жылдары газет сая­си және рухани-мәдени мәселелерді негізгі тақырып етіп алса, 2000 жылдан бас­тап мазмұн-мағынасында көптеген игі өзге­рістер пайда болды. Бұл ретте газеттің жаңа басшылығы 1995 жылы қабылданған ҚР Конституциясын темірқазық етіп ұс­танды. Конституция бойынша мемле­кеттік мәртебеге ие қазақ тілінің кешегісі мен бү­гінгісіне талдау жасады. Оны нақты жү­зеге асыру жолында не жасау, қан­дай әдіс-тәсіл­дер қолдану керегін көрсетуге тырыс­ты. 
1997 жылы қабылданған «Тілдер тура­лы» заңды, 1991 жылы КСРО кезінде алғаш рет тек Қазақстанда қабылданған «Бұқара­лық ақпарат құралдары туралы» заңмен салыстыра, талдай келе, республикалық те­лерадиода қазақ тілінің қолдану жүйесін тек заң аясында жүргізу қажеттігіне баса назар аударды. Сарғайған газет тігінділерін парақтау кезінде осынау тақырыптарды жан-жақты қаузаған талай-талай талда­малы мақалалар көзімізге түсті және олар әлі күнге дейін өз маңызын жоймағанына куә болдық. Бұдан кейін Túrkistan басы­лы­мы 1996 жылы қабылданған «Мәдениет туралы» заңын, 2004 жылы қабылданған «Мәдени мұра мемлекеттік бағдарламасын» басшылыққа ала отырып, ұлт тарихына қа­тысты тақырыптарға бет бұрды. Ұлт жә­не ұлттық мәдениет жайындағы мақала­лар циклі газет бетінде күн құрғатпай жарық көріп отырды. Бұлардың бәрі келе-келе ұлттық идеология елімізде қай бағытта жү­зеге асуға тиісті деген мәңгілік тақырып­тарға ұласты.
Túrkistan газетінде осы уақыт аралы­ғында театр, кино жайында жазылған ма­қа­лалар да жетерлік. Ал басылымда жарық көрген, көріп те жатқан – бизнес, эконо­мика, әлеумет, ғылым, өндіріс тақырыбын­дағы шығармалар келешекте өз зерттеуін күтіп тұр.

Серік ЖҰМАБЕКҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің аға оқытушысы

Серіктес жаңалықтары