84 мың жалған АҚШ долларын сатпақ болған екі шымкенттік ұсталды
Қазіргі таңда осы топқа қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда.
Шымкентте аса ірі мөлшерде жалған доллар сатпақ болғандар ұсталды, деп хабарлады turkystan.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жалған шетел валютасын өткізуді іске асырған күдіктілердің заңсыз қызметін әшкерледі.
«Жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 84 200 АҚШ доллары мөлшерінде жалған ақша қаражатын өткізу кезінде бір топ тұлға анықталды», – делінген хабарламада.
Күдікті екі адам ұсталды және оларға қатысты соттың санкциясымен 2 ай мерзімге «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.
Бұған дейін, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік ҰҚК Қырғызстан мен Қазақстан аумағында номиналы 100 АҚШ доллары болатын жалған банкноттарды өткізген трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін анықтап, жолын кескен.
Сонымен қатар, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік ҰҚК жалған долларларды өткізу күдігі бойынша Қазақстан Республикасының азаматын ұстады, ол өз кезегінде Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен тергеліп жатқан қылмыстық істің мән-жайларына қатысы бар.
Қазіргі таңда осы топқа қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды қолма-қол ақшамен операциялар мен есеп айырысуларды жүзеге асыру кезінде қырағылық танытуға шақырады.