От кешкендердің ортақ тағдыры
Иә, өткен ғасырдың соңғы он жылдығы кезінде майдангерлердің қатары сирегенмен қарасы көзге көрінерліктей еді. Әңгімелесе қалсаң, олардың бәрі де жастық шақтарының қандай қиындықпен өткенін мұңлы баяндап берер еді. Оны кезінде білген білді, білмеген қызықпады. Дегенмен журналистік қызметімде соғыс көрген жазушы-ғалымдармен тілдесіп, олардан соғыс кезінде көрген-білгендерін сұрап, жазып алғаным бар еді. Бүгін сондай үш кісінің айтқандарын назарларыңызға ұсынып отырмын.
Екінші дүниежүзілік соғыстың адамзат тарихында алапат соғыс болғаны, 70 миллионнан аса адамның өмірін жалмағаны тарихтан мәлім. Оның аяқталғанына да биыл 79 жыл толғалы тұр. Демек, соғыстың соңғы жылында армияға алынып, қан майданның шет-жағасын көріп қалғандардың ең жасының өзі биыл 97 жасқа шығады деген сөз.
Иә, өткен ғасырдың соңғы он жылдығы кезінде майдангерлердің қатары сирегенмен қарасы көзге көрінерліктей еді. Әңгімелесе қалсаң, олардың бәрі де жастық шақтарының қандай қиындықпен өткенін мұңлы баяндап берер еді. Оны кезінде білген білді, білмеген қызықпады. Дегенмен журналистік қызметімде соғыс көрген жазушы-ғалымдармен тілдесіп, олардан соғыс кезінде көрген-білгендерін сұрап, жазып алғаным бар еді. Бүгін сондай үш кісінің айтқандарын назарларыңызға ұсынып отырмын. Бұлардың ішінде академик Досмұхаммед Кішібеков аман-есен ортамызда өмір сүріп жатыр, ал тарихшы ғалым Уахит Шалекенов осыдан 4 жыл бұрын, жазушы Қалмұқан Исабай 9 жыл бұрын дүние салған еді.
Уахит Шалекеновтің әңгімесі:
1942 жылдың көктемінде әкем қайтыс болып, арада үш ай өткенде, тамыз айының орта шенінде, әлі орта мектептің соңғы класында оқып жүргеніме қарамастан Қызыл Армия қатарына шақырылдым. Шамасы, менің Ресейден келгенім әрі орысша білетіндігім ескерілсе керек, мені жаяу әскер сапына жібермей, офицерлер дайындайтын Өзбекстанның Наманган қаласына көшіріліп әкелінген Харьков әскери училищесіне даярлыққа әкеп қосты. Әжептәуір үлкен қала. Маған таңсық нәрсе көп. Қарақалпақстанның солтүстігінде күн кешіп, орталығында болып көрген мен ол жерде өзбек ұлтының адамын көрмегем (өзбектер, негізінен республиканың оңтүстік аудандарында ғана тұрады ғой). Мына жердің бәрі өзбектер. Ежелгі салттарынан әлі де қол үзе қоймаған олар маған әрі қызық, әрі жат көрінеді. Бірде мынадай да қызық болған: мен көшеге шыққанда оқта-текте бетіне жапқан пердесі беліне түсетін әйелдерді көріп қалам. Неге екенін сірә түсінбеймін. Сосын ойлаймын, осылардың мұрны пұшық немесе көздері қисық шығар, әйтпесе неге сонша бүркенеді деп. Сол ойымның дұрыс-бұрысын тексергім кеп бірде бетіне паранжа бүркеген бір әйелдің бетпердесін серпіп кеп жібермесім бар ма. Пұшық түгілі бәлесі жоқ, үріп ауызға салғандай өзбектің майысқан әдемі келіншегі! Мен таңырқап, аңырып қаппын. Ал ол паранжасының пердесін шалт түсіріп жіберді де, асыға басып кете барды. Сол кезде бір өзбек жігіті ашулана айқайлап, маған қарай жүгіргенін көріп қалдым да, істің насырға шапқанын біліп тұра қаштым. Қайта әскери училищеден онша ұзамаған екем, тез жеттім де, қақпадан еніп кеттім...
Әскери училищені алты-ақ айда тәмамдап кіші лейтенант шенін алған біздер, 1943 жылдың ақпанында жүк пойызымен майданға аттандық. Батысқа қарай кетіп барамыз, кетіп барамыз... Қай жер екенін айыру қайда, 19 жастағы баламыз. Ақыры, Воронеж деген қалаға жеттік. Ол жерде Воронеж деген өзен бар екен, сол өзеннен өтіп, орманның арасына кірдік. Орманның ішінде үлкен жол бар екен, сол жолмен жүріп бара жатырмыз. Ақпан айының іші, қар енді ғана еріп жатқан кез. Орманның іші сасық... дем ала алмайсың. Қыста сол жерде қырғын соғыс болып, Воронежді азат еткен екен. Қардың астында адамдар өліп жатқан болу керек, жаман иіс содан таралып жатқан сияқты. Әйтеуір, сол есімде қалыпты...
Сонымен жүріп келеміз. Арқада жүк қапшық. Қолда ДПШ деген автомат. Күндіз жатамыз, түнде жолға шығамыз. Кейде күндіз немістің самолеттері бомбылайды...
Ақпан, наурыз айларында ол жақта жаңбырдың көп болатын кезі екен, жері қара топырақты, сәл жаңбыр жауса, тізеден келетін балшыққа айналып шыға келеді. Бірақ ол бізге бөгет емес, тоқтамаймыз. Арасында сәл тоқтап, 5 минуттық демалыс береді, сылқ етіп балшыққа жата кетесің. Көзің іліне ме, ілінбей ме, «Подъем!» деген бұйрықты естіп, атып тұрып қайта жүріп кете барамыз. Ал енді сонда балшық болған киімдерімізді қалай тазартқанымыз есімде жоқ, шамасы, кепкен кезінде уқалап балшығын түсіріп, соңынан шаңын қағып жүріп кете беретін болуымыз керек...
Кейін білгеніміздей, бізді Орел-Курск доғасындағы үлкен шайқастарға дайындап жатыр екен ғой, Россия мен Украинаның шекарасында. Сөйтіп, Белгород деген қаланың маңына жиналдық. Сол жерде мені партия қатарына алды. Мен взвод командирінің көмекшісі, кіші лейтенантпын. Біздің 3-украин майданындағы 960-атқыштар полкі құрамында болғандардың біразы Өзбекстаннан барғандар еді. Көбі өзбектер. Соларға басшылық жасадым.
Сонымен 1943 жылы соғысқа кірдік. Старый Оскол, Новый Оскол, Белгород және Харьков қалаларын жаудан тазартуға қатыстым. Взвод командирінің басына жарықшақ тиіп қаза болып, орнына мен командирлік еттім. Харьков түбіндегі жан алысып, жан беріскен кезекті бір соғыста ауыр жараландым. Немістер минометпен атқылап, жарылған минаның жарықшақтары сол жағымнан аяқ-қолыма бірдей тиіп, мені сұлатып тынды... Оның соңы госпитальдан госпитальға жалғасып, ең соңғы жатқан жерім Фрунзе қаласындағы (Қырғыз Республикасының қазіргі астанасы Бішкек) госпиталь болды. Бұрын мединститут болған жерді госпи-
тальға айналдырған екен. Жол бойы жарақаттарым ауырып, қиналып келгем. Фрунзе госпиталіне келіп, олар менің жарақаттарымды тексергенде, көздері тас төбесінен шықты: жарақаттанған жерлерім иістеніп, құрт түсе бастаған екен... Несін айтасың, небір қиындық өтті ғой бастан.
Сөйтіп, 43-жылдың аяғында соғыстан алған жарақаттардың кесірінен армия қатарынан шығарылып, Қарақалпақстанға қайтып келдім.
Біздің анықтама:
Уахит Хамзаұлы Шалекенов (12.05.1924, Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Бөрлі ауылы – 18.11.2020, Алматы қаласы) – тарих ғылымдарының докторы (1967), профессор (1972). Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылым академиясының академигі (1991), Қазақстан Республикасының (1984) және Өзбекстан Республикасының (1984) Еңбек сіңірген ғылым қайраткері.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, отставкадағы полковник. Қарақалпақ мемлекеттік педагогика институтын (1948, қазіргі Нөкіс мемлекеттік университеті) бітірген. Қарақалпақ облыстық партия комитетінде дәріскер (1948-195]), КСРО Ғылым академиясының Этнография институтында аспирант (1950-1953), Өзбекстан Ғылым академиясының Қарақалпақ бөлімшесінде сектор меңгерушісі (1953-1970), Шымкент мемлекеттік мәдениет институтында кафедра меңгерушісі (1970-1972) болған. 1973 жылдан ҚазҰУ-да декан, кафедра меңгерушісі болды.
700-ден астам ғылыми жарияланым, 30 монография, оқу құралдарының авторы. «Қызыл Жұлдыз», І және ІІ-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған.
Досмұхаммед Кішібековтің әңгімесі:
– 1941 жылы өгей әкеміз әскерге алынып, Орел-Курск бағытындағы майданға түсіп, сол қанды қырғында хабарсыз кетті, ізінше 1942 жылы анамыз да дүние салды. Мені 1943 жылдың ақпанында армия қатарына шақырып, Шиелі әскери комиссариаты Ташкент жаяу әскер училищесіне аттандырды. Бірақ ол жердегілер жарты жылда менен взвод командирі шықпайды деп, Самарқан қаласындағы запастағы 365-атқыштар полкіне әскери қызметін өтеуге жіберді. Онда да көп тұрақтамай, 1943 жылдың шілдесінде Ашхабад қаласындағы 7-атқыштар полкіне ауыстырылдым, алайда полкіміз қазан айында Моздок қаласына көшті. Одан Прохладный қаласына әскери қызметке ауыстырды. Ал 1944 жылдың наурызында Ростов облысы Зерноград қаласындағы ұшқыштар мектебіне қабылдандым.
Сол жылы алғаш рет «УТ-2» ұшағымен көкке көтеріліп, 700 метр биіктіктен парашютпен түстім. Сырт көзге аса күрделі іс секілді көріне бермегенмен, оның қиындығы өз алдына. Секірер алдында оң қолыңмен парашютті ашатын тұтқасынан ұстап алуың керек, өйткені аспаннан жерге құлдилағанда қолың кеудеңе жетпей қалады. Адамның бәрі бірдей емес, ұшақтан парашютпен секіруге қорқып, оқудан қуылып кеткендер де болды. Ал мен ұшақтан жерге құлдилап, ерекше сезімді бастан кештім. Жоғарыдан жерге қараған керемет қой, шабыттанған мен парашютпен қалықтап келе жатып анамның айтуымен құлағыма сіңген халық әні «Япурайды» бар дауысыммен шырқадым. Кейін жерге түскен соң командиріміз «Аспанда не деп айқайладың?» деп сұрағанда «Анамды еске алып, одан үйренген әнді айттым» дедім.
Мектепте оқып жүрген кезімде-ақ орысшаны жақсы үйренгем, сабақты да жақсы оқығанмын. Сондықтан әскерде бірдеңені түсінбей, қинала қоймадым. Ұшқыштар мектебін 1945 жылы үздік бітіргесін, Кеңес Одағының батыры А.Серов атындағы Батийск әскери-ұшқыштар училищесіне жолдама берді. Онда «Ла-5» әскери жойғыш ұшағымен ұшып, ұшқыштың қыр-сырын меңгердім. «Ла-5» – шассиі жиналатын, жабық кабиналы кеңестік бір моторлы жойғыш ұшақ. Соғыс кезінде «Ла-5» ұшағының маңызы зор болды, негізінен жау ұшақтарын жоюға арналған бұл ұшақпен үш мәрте Кеңес Одағының батыры атанған Иван Кожедуб аяғынан айырылса да, протезімен авиацияға қайта оралған, Кеңес Одағының батыры Алексей Маресьев те әуеде фашист ұшақтарын қиратқан. Мен де атақты ұшақпен аспанға талай көтеріліп, ұшу жаттығулары арқылы оны жақсы меңгердім. Бірақ біз майданға барамын дегенше соғыс бітіп қалды.
Солай, 1946 жылғы 3 қаңтарында Мәскеудің Қазан вокзалы арқылы елге қайттым. Үстімде – жасыл шинель. Айтпақшы, бұл шинельдің өз тарихы бар. Соғыс біткен кезде Англия премьер-министрі У.Черчильдің әйелі осындай жеті жүздей жасыл шинель тіктіріп, оны кеңестік ұшқыштарға өз атынан сыйлаған екен. Оны атақты ұшқыштардан бөлек әр жердегі авиация училищелеріне де таратқан. Біздің училищеге жеткен бес-алты жасыл шинельдің бірі үздік курсант ретінде маған бұйырды. Кейін сол шинельді Қызылордада оқып жүргенде Елеу Көшербаев, Дәуірхан Айдаровтай достармен бірге базарға апарып, бір орыс жігітіне 700 рубльге сатып жібергенбіз.
Сонымен Қазан вокзалына келсем, іші-сырты толған әскерилер. Бәрі еліне қайтқалы жүр. Ішке кіру мүмкін емес. Үстімде жасыл шинель, оған советтің погоны тағылған, вокзалдың алдында ары-бері жүргенімде қолдарында автоматы бар екі жігіт маған келіп «Қазақсың ба?» деді. «Иә» дедім. «Қайда барасың?» «Қызылордаға». «Билетің бар ма?» «Жоқ». «Онда бізбен бірге жүр, бізге билеттің керегі жоқ, кез келген пойызға отырамыз да кете береміз» деп мені қастарына ертіп алды. Арнаулы тапсырмамен Пензаға кетіп бара жатқан әскери қазақ жігіттері. Бір кезде пойыз келді. Жүрген кезде екеуі бір вагонның тепкішегіне мініп, мені орталарына алды. Пойыз кішкене жүргеннен кейін вагонның терезесін автоматының дүмімен ұрды. Оларды көрген жолсерік есікті ашып, біз тамбурға кірдік. Сөйтіп, үшеуміз Пензаға дейін бірге келдік. Ол жерден түскесін маған билет әперуге кассаға апарып еді, касса жабық болып шықты. Сосын олар кассаның есігін ұрып, іштен шыққан адамға маған билет керек екенін айтып, қолма-қол билет жасатып берді. Өздері сол арада қалды. Сол кезде жас болғандықтан ба, бауырына тартып қамқорлық көрсеткен сол екі қазақтың аты-жөнін, қай жақтан екенін сұрамаппын. Сонымен елге жеттім. Елде ешкімім жоқ, жалғыз інім көршілердің қолында екен.
Біздің анықтама:
Досмұхаммед Кішібеков (15.12.1925 жылы туған, Шиелі ауданы) – ғалым, философия ғылымдарының докторы (1965), профессор (1967), Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі (2003), Қазақ КСР Жоғарғы мектебінің Еңбек сіңірген қызметкері (1974).
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Қызылорда педагогика институтының (Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) тарих факультетін бітірген (1948). 1948-49 жылдары Қызылорда мемлекеттік педагогика институтында оқытушы, 1949-53 жылдары КСРО Ғылым академиясының философия институтында аспирант, 1953-64 жылдары Қазақ политехникалық (ҚазҰТУ) институтында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер. 1964-96 жылдары Қазақ ұлттық техникалық университетінің философия кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды, 1996 жылдан осы университеттің қоғамдық пәндер кафедрасының профессоры.
«Достық» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
580-нен астам ғылыми еңбектің, соның ішінде 47 монография, оқулық, кітаптар мен кітапшалар жазған.
Қалмұқан Исабайдың әңгімесі:
Басқа елдерін былай қойғанда, Германияның өзінде біздің әскерлерді азат етуші армия ретінде қабылдап, солай қарсы алғандар жетерлік. Мысалы, бұрынғы Германияда Отто Брозовский деген неміс отбасы Украинаның Кривой Рог қаласынан барған қызыл туды соғыс біткенше жасырып сақтаған. Соғыстан бұрын әр елдегі зауыттар арасында әріптестік байланыс болып, соның құрметіне бір-біріне өз елдерінің мемлекеттік туын сыйлап, ту алмасып тұрған ғой. Міне, соғыс басталған кезде өзі еңбек ететін зауытта тұрған Кеңестік қызыл туды әлгі отбасы тығып тастаған. Сол үшін олардың отбасындағы төрт адам да түрмеде, концлагерьде отырып шыққан...
Ейслебен деген қаладағы зауытқа фашистер КСРО-дан алып келген Лениннің ескерткішін зауыт жұмысшылары балқытуға жол бермей, оны жасырып тастаған. 1945 жылы қалаға Қызыл Армия келгенде әлгі ескерткішті орталық алаңға орнатып қарсы алған.
Тағы да сол, 1945 жылы шабуылдап келе жатқан Кеңес армиясына Германияның Грайфсвальд қаласы қарсылық көрсетпей, өз еркімен берілген. Ол шешімді қабылдаған қала коменданты, вермахт полковнигі Рудольф Петерсхаген. Тізе берсек ондай мысал көп. Бұлар туралы кезінде очерктер жазып, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі Egemen Qazaqstan) газетінде жариялағанмын.
Зорлық-зомбылық жасамақ түгілі, біздің армия соғыстың кесірінен әбден тұралап, қалжыраған неміс халқына аузынан жырып азық-түліктен қарасты. Дәлел керек десең айтайын:
1945 жылы 1 мамыр күні түнде Берлинде рейхстаг төбесінде Кеңес мемлекетінің туы желбіреді. Ал қала толық алынған 8 мамыр күні КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитеті Берлин тұрғындарын азықпен қамтамасыз ету туралы арнайы қаулы қабылдап, қаланың әр тұрғынына күніне: 400-450 грамм нан, 50 грамм жарма, 60 грамм ет, 15 грамм май, 20 грамм қант; айына 20 грамм шай, 50 грамм кофе сонымен бірге картоп, көкөніс, сүт тағамдары, тұз т.б. азық-түлік мөлшерін тағайындаған болатын.
Ал 1-Беларусь майданы әскери кеңесінің Берлин халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету жөніндегі (11 мамыр күнгі) қаулысы бойынша жан басына күніне 600 грамм нан, 400 грамм картоп, 80 грамм жарма, 100 грамм ет берілетін болып, 15 мамыр – 15 маусым аралығында қала халқына 41 мың тонна ұн, 5 500 тонна жарма, 6 500 тонна ет, 500 тонна май, 4 000 тонна тұз берілген. Осының бәрі 1-2-Беларусь және 1-Украин майдандарының қорынан бөлінген.
Мен комендант болып барған кезде Ильменау – Германияның (бұрынғы ГДР аймағында) Тюрингия өлкесінің Арнштадт ауданына қарайтын 17 мыңнан астам халқы бар, ойлы-қырлы тар көшелердің екі жағына иін тіресе салынған үш-төрт қабатты үйлерден тұратын, Ильм өзені бойындағы шағын қала еді. Қазір заманға сай көп өзгерген.
Тарихта аты ХІІ ғасырдан бастап аталатын, ерте кезден-ақ әртүрлі кен орындарымен белгілі болған Ильменау қаласына соғыс жылдарында біздің елден зорлықпен әкелінген қарттар мен балалар осы жердегі шыны зауыттарында жұмыс істеген...
Фашистік Германия бар күшін шығыс майданына бағыттап, жанталасып жатқанда біздің одақтастарымыздың армиясы Эльбаға дейін жөнді қарсылық көрмей, көптеген елді мекендерді шығынсыз алғаны белгілі. Ильменауда да солай болған. Алайда 1945 жылдың маусымында Тюрингияны басып алған америкалықтар бұл өлкедегі бүкіл доңғалақты көлікті түк қалдырмай сыпырып әкеткен. Соның салдарынан көмір өндіру кәсібі тұралап, халықты отынмен қамтамасыз ету өте қиын болды.
Әлі есімде: күздің бір күнінде бізге − комендатураға бір вагон брикет-көмір келген. Біз солдаттармен көмірді түсіріп болған кезде бір кішкентай арба сүйреген қарт кісі келіп, менен брикет сұрады. Бердім. Ол арбасын толтырып ап кеткен соң жарты сағат өтпей-ақ жан-жақтан арба сүйреген, қап ұстағандар қаптап кетті. Ешқайсысының қолын қақпадым. Содан соң арада 28 жыл өткенде сол қалаға қонақ болып барғанымда, сол кезде ең бірінші болып келіп көмір сұраған қарт кісі мені танып, алғысын айтқаны бар.
Біздің анықтама:
Қалмұқан Исабай (25 тамыз 1925 жыл, Павлодар облысы Баянауыл – 4 желтоқсан 2015 жыл, Алматы) жазушы.
1943 жылдың қаңтарында 10-сынып партасынан Совет Армиясы қатарына шақырылады да, одан 1954 жылдың күзінде запасқа шығады. Екінші дүнижүзілік соғысқа қатысқан және соғыстан соң Германияның Ильменау қаласында комендант қызметін атқарған.
1954-1955 оқу жылында Алматы қаласының кешкі жастар мектебінде 10-сыныпты бітірісімен, Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетіне сырттай түсіп, оны 1961 жылы бітіріп шығады.
«Қызыл Жұлдыз» (1945), «Еңбек Қызыл Ту» (1975),«Құрмет» ордені, ГДР-дің Герман – Совет достығы қоғамының алтын белгісімен (1983), көптеген медальмен марапатталған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2005). Көптеген әңгіме-повестің, романның авторы.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ