Едіге Нәбиев: Күй – ұлт тарихының баяны

"Тұяқ­берді Шәмеловпен бірге жүрдік, та­­мылжытып тартатын күйді. Қаршыға Ах­медияров ағамыз күмбірлететін. Ал Рысбай Ғабдиев ағамыз өте мықты күйші еді. Күйді жыл­дамдатып тартқанның өзінде тың­дау­шысына сіңіріп жіберетін ғажап өнерпаз болатын. Ондай қылып күй тартатын адам өте сирек қой. Әсіресе, Құрманғазының «Төремұратын» ол кі­сідей орындайтын күйші жоқ шығар. Сол сияқ­ты Әзидолла Есқалиев те мықты болды, өзіндік өрне­гімен әсерлі орын­дайтын. Тірлігінде дара туған өнерпаздардың қадіріне жете бермейміз ғой, Әзи­долла аға өмірінің соңғы кезінде төсек тартып жатып қалды. Атырауда панел үй­дің бі­рінде тұрды. Сүйегі содан шықты".

Едіге Нәбиев: Күй – ұлт тарихының баяны
1240

Қазақтың күй өнерінің бүгінге бұзылмай жетуіне көптеген дәулескер домбырашы себеп болды. ХХ ға­сыр­дың бас кезінде Оқап Қа­биғожин, Құбыш Мұхитов, Қали Жантілеуов, т.б. домбырашыларды айтпағанда, бергі дәуірдегі Рысбай Ғабдиев, Әзидолла Есқалиев, Тұяқберді Шәмелов, Қаршыға Ахмедияров, Кәрима Сахарбаева, Сержан Шәкіратов секілді көптеген күйші қазақ өнерінің деңгейін тү­сірмей, дәстүрлі ұлттық му­зыкамыздың биік деңгейін сақтап, дамуына зор үлес қосты. Міне, осылардың қатарында «Үкілі домбыра» рес­публикалық байқауының жеңімпазы, Махамбет атын­дағы сыйлықтың лауреаты, Орал қа­ла­сының құрметті азаматы, күйші Едіге Нәбиев те бар. Танымал домбыра­шымен сұхбатымызда қазақ күйінің өткені мен бүгіні және өз шы­ғармашылығы жайында сөйлескен едік.

МАМАНДЫҒЫМ – СПОРТШЫ

– Едіге Қуанғалиұлы, кез келген өнерпазға отбасының әсері болады деп жатады ғой, сіздің де өскен ортада дәстүрлі ұлттық музыкаға деген құр­мет ерекше болған шығар?

– Әрине, қазақ «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» дейді ғой. Өскен ортаңның тәрбиесі болашағыңа әсер етпей тұрмайды. Негізгі мамандығымның өнерге қатысы болмаса да, жаныма жастайымнан серік еткен домбырамды тастамай, өнерге азды-көпті үлесімді қостым-ау деп ойлаймын.
Бұрынғы қазақ жері, қазір Ресейдің құрамындағы Астрахан облысы, Қарабайлы ауданы, Баста ауылында дү­ниеге келдім (Сол маңда Бату ханның ордасы болған. Ол маңда ханға арналған музей бар, оған дү­ние жүзінен туристер келіп тұрады). Ауы­лымдағы 8 жылдық қазақ мектебін бітірген соң, 9-10-сыныпты аудан орта­лығында оқыдым. Ол кезде ол жақта қазақ көп еді, кейін мектеп жабылып қалды ғой. Әйтеуір, өзім орта мектепті қазақ тілінде бітіруге үлгердім.
Әкеміз Қуанғали күй тартатын, жыр жырлайтын. Тесіктамақ Сабыр (Сабыр Мұқашев) дейтін күйші досы болды. Ол кісі тамағы бітеліп ауырып, кеңірдегіне ота жасап тесік жасаған, содан демалатын, сөйлегенде әлгі тесікті саусағымен басып тұратын. Шебер күйші еді, марқұм. Әкем екеуі ел аралап өнер көрсеткен, атақты Дина Нұрпейісованың тәлімін алған өнер­паздар. Міне, соларды көріп өскен соң біз де домбыра тартуға жастайы­мыз­дан қызықтық. Домбыраның әліппесін үй­реткен Ертай Ғұбайдуллин ағам. Ол маған домбыраны қалай ұстауды, қа­ғысты, пер­нені дұрыс басуды көрсетті. Әкем сола­қай еді, менің де домбыра тар­туым сол кісіге ұқсайды. Ол кейін дом­быра жа­сайтын шеберге ертіп барып, өзіме арнайы дом­быра жасатып берді. Сөйтіп, арнаулы білім алмай, күйді құй­мақұлақтықпен үйрендім.

– Мектептен соң қай бағытта бі­лім алдыңыз, өнердің оқуын оқы­мадыңыз ба?

– Жоқ, орта мектепті бітірген соң Орал қаласындағы педагогикалық институтына түсіп, оны «Дене тәрбиесі» мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Спортқа жас­тайымнан жақын болдым. Несін жасы­рамыз, Хрушевтің кезінде қазақтар тұра­тын жерлерге өзге ұлт өкілдері қаптады ғой, сондықтан олармен шекісіп қалатын кезіміз аз болмады, сондықтан өзіңді қор­ғау үшін спортпен шұғылдану қажет еді. Сөйтіп, о баста өнерге жақын болға­ныммен жоғары білімді спорт саласы бойынша алдым. Ұзақ уақыт бойы спорт саласында еңбек еттім. Бірақ қайда барсам да қа­сымнан домбырам қалмады.

– Спорттағы жолыңыз туралы айта кетсеңіз?

– Спортшы ретінде жеңіл атлетикамен шұғылдандым. Жүгіруден республиканың үш дүркін чемпионы атандым. Қазақ­станның олимпиадалық құрамасында жеңіл атлетикадан жаттықтырушы бол­дым. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасы кезінде спортшыларымыздың жанында жүріп, олардың барлық жағдайы үшін жауапты болдық. Денсаулығын, тамақ­тануын, демалуын, дайындығын үнемі бақылап отырдық. Мәскеу Олимпиадасында Кеңестер одағы 80 алтын медаль алса, соның алтауына қазақстандық спортшылар (күрестен Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков, ауыр атлетикадан Виктор Мазин, су добынан Сергей Котенко, бас­кетболдан Надежда Ольхова, жеңіл ат­летикадан Владимир Муравьев жеңімпаз болды) қол жеткізді. Сол сияқты, күрестен Анатолий Быков, бокстан Серік Қонақбаев пен Виктор Демьяненко тағы басқалар күміс, қола медаль алды. Жалпы, бізден Олимпиадаға қатысқан 20 спортшының 16-сы жүлдегер болды. Міне, осылардың бәріне Алматыдан пәтер берілді. Ал рес­публикалық спорт комитетте еңбек етіп жүрген біз секілділерге кезегі жақындап тұрса да үй берілген жоқ. Осыдан кейін бір­неше адам тұрмыстың қиындығынан басқа қалаға, басқа салаға кетуге мәж­бүр болды. Мен Оралға кеттім. Ол жерде қаланың спорт комитетін басқардым. 

– Спортта еңбек ету күйшілігіңізге кері әсер етпеді ме?

– Қаннан берілген өнер өшпейді ғой. Спортта жүрсем де, концерттерге қатысып күй тартатынмын. Нақты санаған жоқпын, бірақ тартатын күйлерімнің ұзын саны 50-ден асады-ау деп ойлаймын. Жоғарыда айтып өттім ғой, күйлерді құлақпен аламын. Концерттерге қатысар алдында бір-екі қайталап жадымды жаңғыртып аламын да, шертіп кете беремін. 
Негізі, домбырашылар өз қабілетімен күйді еркін тартуы керек қой, бірақ қазіргі домбырашылар нотаға үйреніп қалған, сол бойынша тартады. Ол дәстүрлі домбыра­шылықты дамытпайды, ор­кестрдің му­зыканттарына тән нәрсе. 
Бұрынғы күйшілер күй тартар алдында күйдің авторы туралы, күйдің шығу тарихы туралы айтып болып қана күй бастайтын. Қазір пәленнің пәлен деген күйі дейді де тартып кете береді. Оның тыңдаушыға әсері аздау болады. Себебі күйдің не туралы екенін білмеген тыңдарманға барлық күй бірдей қабылдана береді. 
Мәселен, Тесіктамақ Сабыр күйдің тарихын айтып барып тартатын, сосын көңіл күйіне байланысты орындайтын. Егер тыңдаушысының селқостығын сезсе, күйді қысқартып барып, тоқтата салатын. Соларды көріп өскендіктен мен де нота үйреніп, күйді нотамен тартуға қызық­падым. Нота бәрін қалыпқа салып тас­тайды, сондықтан нотамен күй орындау да өнерпаздың музыкант ретіндегі өзгешелігін, еркіндігін шектейтіндей әсер етеді. 
Мәселен, күйді еркін тартатын маң­ғыстаулық күйші Сержан Шәкі­ратовты көрсеңіз, ол кісіні күй шертуі, дом­быраны ұстауы, қағысы, сау­сақ­та­рының пернеде ойнауы еркін, өзінше ғажап. Күйді де көңіл күйіне байланысты орындайды. Күй де, күйшілер де өзі тамыр тартатын өлкесіне ұқсайды. Мысалы, Аты­рау, Маңғыстау, Орал, Алматыны алып қа­раңызшы, адамдары мінез-құлқымен де, өнерімен де өзгешеленіп тұрады. Күйі де, күйшілері де, әні де, әншілері де бір-біріне мүлде ұқсамайды. Бүгінгі оқыған домбыра­шылардың орындауы бір-біріне қатты ұқсап тұратын болса, бұрынғы күйшілер күй тарту мәнері жағынан бөлектеніп, стилі жағынан дараланып тұратын. Өнер дегеннің өзіне даралық тән ғой.

ҚҰРМАНҒАЗЫ ДОМБЫРАСЫН ТӘЖІРИБЕСІЗДІГІМНІҢ КЕСІРІНЕН 
ЕЛГЕ ӘКЕЛЕ АЛМАДЫМ
 

– Құрманғазы, Дәулеткерей, Қа­занғаптың күй мұрасы әртүрлі стильді танытып тұрады ғой, сізге қайсысы жақын?
– Олардың бәрі де мықты ғой! Әр­қайсысында өзіндік сарын, өрнек бар. Құрманғазы күйлері адуын, асау, жауға шап деп тұрған өршіл, рухты көтереді. Әр туындысында тарих, уақиға бар. Дәулет­керей күйлері тамылжыған лирика, сән-салтанаты әсем. Күйшінің өмірі мен тұр­мысын танытып тұрады. Қазанғап өмірде қиыншылықты көп көрген, сондықтан онда өмірдің терең сыры бар. Толғанысты, сазды. Бұлардың бәрінің түсінгенге берер өнегесі мол.
– Күйшіліктен басқа домбыра жасайтын қабілетіңіз де барын бі­леміз. Қайбір жылы Құрманғазы Са­ғырбайұлының домбырасының кө­шірмесін жасап музейге тапсыр­ға­ныңызды көріп едік.
– Иә, біраз жыл бойы домбыра жасадым ғой. Кейін қойып кеттім. Біреулер «зейнетке шыққан соң домбыра жасаудың не керегі бар екен, бұған не жетпей жатыр» деген әңгіме айтыпты. Сосын шеберханамды шәкірттеріме бердім. Домбыра жасайтын Сансызбай деген шәкіртім бар. 
Құрманғазы музейінде тұрған ұлы күйшінің домбырасының өлшемін алып, соның көшірмесін жасап, 2018 жылы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне тапсырдым. 
– Бұрынғы домбыралар 9, 12 пер­нелі болған деп жатады. Сіз жасаған Құрманғазының домбырасының көшірмесі де 12 пернелі екен. Сонда ол күйлерінің бәрін 12 пернелі домбы­рамен шығарған ба?
– Бұрынғы домбыралар солай ғой, Құрманғазының домбырасы да 12 пернелі болған. Оларда жарты тонды дыбыстар пайдаланылмаған. Жарты тон дыбыстар Құрмағанғазы күйлерінде жоқ. Ал Арқа әншілерінің домбырасы 9 пернелі болған, әнді сонымен айтқан. Қазіргі күйлерде жарты тон дыбыстар бар, оркестрлер де солай.
– Естуімізше, Астрахандағы Құр­манғазы музейіне ұлы күйшінің дом­бырасын сіз өткізген екенсіз, соны елге әкелуге болмады ма?
– Құрманғазының домбырасына Астра­ханда жүргенде кез болдым. Ол дом­быраны күйшінің шәкірті Ыбыр До­салиев деген кісі ұстаған. Ол кезде бір елдегі жәді­герлікті өзге елге алып кетуге болмайды деген қатаң талап бар еді. Соны білдірмей елге жет­кізудің жолын табуды ойла­мағанбыз ғой. Бірақ кейін музейде тұрған домбы­раның толық өлшемін алып, жа­садым. Құрекеңнің домбырасынан ай­рылып қалған соң ақыл кіріп, күйші Ерғали Есжановтың дом­бырасын аман-есен өзіміздегі Ықылас атындағы музейге табыс еттім.
Ерғали Атырауда туғанымен кейін Ресей жағына өтіп кеткен. Сүйегі Астрахан облысы, Құмөзек ауданы, Лебяжі (Аққулы) ауылына қойылған. Жалпы, Астрахан жерінде талай мықты өнерпаздарымыздың, хандарымыздың сүйегі жатыр...
– Ерғалидың домбырасын музейге тапсыру рәсімінде оның «Қоштасу» деген күйін тартып едіңіз, күйшінің өз домбырасымен. Сол күйдің тарихы қалай, кімге арналған?
– Сол кездің өзінде қазақтар вахтамен жұмыс істеген. Ерғали бір ретте теңіз жаққа барып жұмыс істеп келгенде Сапиолла деген баласы қайтыс болып кеткен. «Қош­тасу» – соған күйіктен шығарған жоқ­тау күйі. Зарлы әуені денені түршіктіреді.
Жалпы, Ерғалидан сегіз ұл, үш қыз туған. Қазір Ерғали өмір сүрген жерде ұрпақтары бар, көптен бері ха­барласа алмай кеттім. Кезінде Ерғалиды Ахмет Жұбанов Алматыға шақыртқан, бірақ күйші келмепті.
– Домбыраға қатысты тағы бір сұ­рағымды қояйын. Қазір домбы­ра­ның табиғи қоңыр дауысы жоғалып кетті деп жүр ғой. Ол аспаптың жасалу тех­­нологиясына байланысты айты­латын болса керек. Бұрында дом­бы­раның шегі қойдың, ешкінің іше­гінен жаса­­латын еді, сіз сондай шектер са­лынған домбыраларды көрген шығарсыз. Олардың үні қандай еді?
– Менің де қолыма домбыра ұстағаныма алпыс жылдан асып бара жатыр. Біз көрген домбыралардың ішектері ешкінің, қойдың ащы ішегінен жасалатын еді. Әуелі қойдың не ешкінің ащы ішегін теріс қаратып қырып, кептіріп, сосын ұршықпен иіретін. Одан соң тағы да тартып қойып кептіреді. Одан соң екі асықты бір-біріне қосып ұс­тап, кепкен ішекті екі асықтың арасынан өткізіп ысқылайды. Сосын біркелкі шық­қан жерін домбыраға жететіндей қылып қиып алып салады.
Қойдың ішегі қоңыр үн береді, ол күй тартуға жақсы, ал ешкі ішегінен жасал­ғанының дауысы ащылау шығады, ол әнге келеді. Тез тартылатын күйге де жақсы. Оның жасалу технологиясын білеміз, бірақ қазір оны иіріп жасау қолдан келмейді.
Бір кезде ірі қараның ішегінен жасалған кетгутты пайдаландық, ота жасағанда қолданатын. Кейін домбыраға лесканы тақтық, оның дауысы қатты шығады, әри­не. Бірақ оның ішінде немістің, жа­понның лескалары домбыраға ыңғайлы. 
Ал домбыраның шыққыштығы аға­шына да байланысты. Әсіресе, қақ­па­ғына ағаш таңдау маңызды. Домбыраның бет қақпағына ұрғашы қарағайды пайдаланса жақсы дыбыс береді.

БҮГІНГІ КҮЙЛЕРДЕ БАЯҒЫДАЙ САРЫН ЖОҚ

– Күй өнері қазір де жалғасып ж­а­тыр ғой, кейінгі дәуірде шығып жат­қан күйлер туралы не айтасыз?
– Қазір де күй шығарып жатқандар бар, әрине. Бірақ көбінің заты атына сай емес. Баяғы атақты күйшілердікінде тереңдік, сарын аз кездеседі. Әбдімомын Желді­баевтың «Ерке сылқымы» сияқты бір-жар күйлер болмаса, кейінгі күйлердің көбі классикалық күй жанрының талабына жауап бере бермейді. Күй деген сөйлеп тұруы керек қой. Күйде характер болуы қажет, Құрманғазының «Адайы» сияқты, тақырыбына сай болып. 
– Сосын бір сұрағым келіп отыр­ғаны, біздің күйшілерде «Байжұма» аталатын күйлер бар ғой, ол нені біл­діреді? Жанр ма, әлде біреуге ар­налған күйдің түрі ме?
– Бүгінде «Күй атасы – Құрманғазы», «Күй анасы – Дина» деген тіркестер құлаққа әбден сіңісті болып кетті ғой. Ал бір кезде күй атасы деп танылған, бұдан екі жарым ғасыр әріде Батыс Қазақстан жерінде Бай­жұма деген күйші өткен. «Қарт Байжұма» аталатын күй бар. «Байжұма» аталатын кү­йлер сол күйге еліктеп шы­ғарылған деген пікір бар, негізінде, Құрманғазы, Дәулеткерей, Түркеш, Дина – бәрінің «Байжұмасы» сол күйшіге арналған күйлер. «Байжұма» аталған күйлердің бәрінде ор­тақ сарын бар. Мықты домбырашылардың бәрінің де «Байжұма» аталатын күйлерді тартуы да белгілі бір дәрежеде шеберліктің белгісіндей.
– Қазір бұрынғы атақты дом­бы­рашыларды еске салатын қан­дай өнерпаздарды атай аласыз?
– Ел болған соң талантты өнерпаздар табылады. Өзімізден кейінгілерді атасақ, Әбділхамит Райымбергенов ініміз Қазан­ғаптың күйлерін өте жақсы тартады. Атасы, әкесі күйші болған кісілер. Солардың өнегесін алып өскен жігіт қой. Қазанғапты жақсы зерттеді, күйлерінің бәрін нотаға түсірді. Сол сияқты Төлепберген Тоқжанов та жақсы күйші. Басқа да жақсы домбы­рашылар көп. Оның көбі елге белгілі. 
Жастардан да жақсы күйшілер шығып жатыр. Тек, бәрі нотаға байланып қалмай, бір кездегі Қали Жантілеуовтердей өз ерекшелігін танытып, үлкен күйші болуға талпынса деймін.
– Сіздің алдыңызда жақсы күй­шілер бар еді, ел өнерін сыйлайтын.
– Болды ғой талай мықтылар. Тұяқ­берді Шәмеловпен бірге жүрдік, та­­мылжытып тартатын күйді. Қаршыға Ах­медияров ағамыз күмбірлететін. Ал Рысбай Ғабдиев ағамыз өте мықты күйші еді. Күйді жыл­дамдатып тартқанның өзінде тың­дау­шысына сіңіріп жіберетін ғажап өнерпаз болатын. Ондай қылып күй тартатын адам өте сирек қой. Әсіресе, Құрманғазының «Төремұратын» ол кі­сідей орындайтын күйші жоқ шығар. Сол сияқ­ты Әзидолла Есқалиев те мықты болды, өзіндік өрне­гімен әсерлі орын­дайтын.
Тірлігінде дара туған өнерпаздардың қадіріне жете бермейміз ғой, Әзи­долла аға өмірінің соңғы кезінде төсек тартып жатып қалды. Атырауда панел үй­дің бі­рінде тұрды. Сүйегі содан шықты. Бір кезде елге өнерімен танылған, ұлттық өнерінде үлкен із қалдырған тұлғалы азаматтың жағдайының жақсы болмауы ел басқарған азаматтарды ойландырмаған ба деп өкі­несің. 
Рысбай, Әзиолла ағаларым қайтыс бол­ғанда жаназасына қатысып, өз қо­лыммен топырақ салдым... Олар қазақтың маң­дайына біткен тұлғалар еді ғой.
– Кейінгі кезде күйдің тартылуына байланысты әртүрлі әңгімелер ай­тылып жүр. Тез тартуға болмайды, күйдің мәні кетеді дейтіндер шығып жатыр...
– Күйлердің табиғатын ескеру керек, бірақ тез тартқанның жөні осы екен деп зырылдата беруге болмайды. Сонымен бірге жай тартамын деп ыбылжытып жіберу де дұрыс емес. Әр күйді өз табиғатына сай орындау керек. Тартқанда дыбыстар анық берілмесе, әдемі дыбыстар, қайырмалар жоғалып кетеді. Сосын күй тартардың алдында күй аңыздарын айтып отыру қа­жет. Мәселен, Есжан күйші қалай «Соқыр Есжан» атанды? Оның тарихы бар. Сол сияқты Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Қазанғаптың, Динаның барлық күйінің тарихы бар. Соларды біліп өскен ұрпақ өнер сырын түсініп, күйді түсініп, әсерленіп тыңдайды.
Бүгінде ұлттық музыкасын ұмытып, айрылып қалған халықтар бар. Ал бізде дәстүрлі ұлттық музыкамыз әлі жаңарып, дамып, өзімізбен бірге келе жатыр ғой, түсіне білсек, бұл – біздің хал­қы­мыздың, өнерпаздарымыздың ұлы­лығы.
– Өмір бойы күй тартып келе жат­қан адамсыз, өзіңіз де күй шығарған жоқсыз ба?
– Күй тартқанның бәрінде компо­зиторлық қабілет бола бермейді ғой, кейбірі қабілеті болған соң күй шығарады, кейбірі жақсы орындаушылығымен та­нылып жатады. Менің де бір-екі нәрселерім бар, бірақ оны өзім күй деп санамаймын. Ал Қаршыға Ахмедияров секілді бірді-екілі күйшілер күй тартып қана қоймай, өз жанынан күй де шығарды. Олардың бәрі де оқыған, талантты әрі білімді өнерпаздар еді. 
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ахмет ӨМІРЗАҚ

Серіктес жаңалықтары