АҚШ-та 15 жыл ішінде алғаш рет сотталушы ату жазасына кесілді
Атушылар қабырғадағы арнайы саңылаулар арқылы оқ атқан, сондықтан оларды не сотталушы, не куәгерлер көре алмаған

АҚШ-та 15 жыл ішінде алғаш рет сотталған адамға ату жазасы қолданылды. Бұл туралы Оңтүстік Каролина штатының түзету мекемелері басқармасы Х әлеуметтік желісінде мәлімдеді, деп хабарлады DW басылымы.
“Брэд Кит Сигмон 7 наурыз күні, сағат 18:05-те ату жазасына кесілді. Дәрігер оның өлімін 18:08-де растады”, – делінген ресми мәлімдемеде.
Сигмон 2001 жылы бұрынғы сүйіктісінің ата-анасы – Дэвид пен Глэдис Ларкты бейсбол битасымен өлтіргені үшін өлім жазасына кесілген.
Адвокаттардың айтуынша, Сигмон өлім жазасын орындаудың әдісі ретінде атуды өзі таңдаған. Ол электрлі орындықтан және өлім инъекциясынан бас тартқан.
БАҚ мәліметінше, Сигмонды өлім жазасын орындау бөлмесіне әкеліп, орындыққа отырғызған. Атушылар қабырғадағы арнайы саңылаулар арқылы оқ атқан, сондықтан оларды не сотталушы, не куәгерлер көре алмаған.
АҚШ-та ату жазасы сирек қолданылады. Сигмонның ісі – 1977 жылдан бергі төртінші осындай өлім жазасы. Осы уақыт ішінде елде 1500-ден астам адамға өлім жазасы орындалған, олардың басым бөлігі өлім инъекциясы арқылы жүзеге асқан.
Өлім жазасы орындалмас бұрын түрме ғимаратының алдында наразылық білдірушілержиналған. Олар “Әр өмір бағалы” және “Әділдік орнатыңыз, адамдарды өлтірмеңіз” деген жазулары бар плакаттар ұстап тұрды.