305
Нұрсұлтан Назарбаев: Ассамблея тарихы – бейбітшілік пен келісім шежіресі
Нұрсұлтан Назарбаев: Ассамблея тарихы – бейбітшілік пен келісім шежіресі
Елімізді мекендейтін ұлттар мен ұлыстардың достығы мен ынтымағы туралы сөз болса, ойымызға бірден Қазақстан халқы Ассамблеясының орала кетуі заңдылық. Өйткені Ассамблея – мемлекеттегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың киелі бесігі, Қазақстанның барлық тұрғындарын ортақ мақсатқа жұмылдыратын бірегей тетік. Кеше елордадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясында іргелі құрылымның ел тірлігін ілгерілетудегі үлесі өлшеусіз екеніне көзіміз жете түсті.
«Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» аты тақырыппен өткен ауқымды шараға 1500-ден астам адам қатысты. Еліміздің барлық өңірлерінен келген Ассамблеяның мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының басшылары, ғалымдар, қаламгерлер мен БАҚ өкілдерінің басын қосқан келелі жиынды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Ассамблеяның елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайтудағы рөліне тоқталған Президент іргелі құрылым өзіне жүктелген миссияны жоғары деңгейде орындап келе жатқанын айтты.
– Биылғы Ассамблеяның сессиясы ерекше мезгілде өткелі отыр. Еліміздің үшінші мүшелге аяқ басуымен бірге бұл аса күрделі кезең. Қазіргі әлемдегі ахуал ел тыныштығы тұрақты дамудың ең маңызды шарты екендігіне көзімізді тағы да жеткізуде. Қиын кезеңде бірлігіміздің ұйытқысы, бастауы ретінде құрылған Ассамблеямыз өзіне жүктелген қастерлі миссияны өте үлкен дәрежеде орындап келе жатыр. Бүгінгі Ассамблея тарихы ол тұрақтылықтың, татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің шежіресі болып саналады. Бірліктің киелі бесігі, елді ортақ мақсатқа жұмылдыратын бірегей тетігі, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің Ассамблея мүшелерінің алдында ағынан жарылып, көкейдегі сырын ашық айтуы жиынның мазмұнын байытып, маңызын арттыра түсті десек, қателесе қоймаспыз. «Мен сан алуан адамдардың алдында сөз сөйлеймін, көп баяндама жасаймын. Бүгін бір нәрсені ашық айтқым келіп отыр. Шынымды айтсам, мен сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеуді ұнатамын. Себебі сіздер, Ассамблея мүшелері, ең қайырымды тыңдармансыздар. Мен өзара үндестікті сезінемін. Сіздердің мені қолдап отырғандарыңызды сезіп отырамын. Сол үшін сіздерге алғыс айтамын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Президент өнер кештерінің ішінде өзіне этномәдени бірлестіктердің концерттері көбірек ұнайтынын жеткізді. «Әрине, бізде балет, опера бар. Біз оған ақырындап үйреніп келеміз. Дегенмен, оның барлығы – сырттан келген мәдениет. Ал халықтың өзінен шыққан рухани азыққа ештеңе жетпейді. Себебі ол әуен, ол музыка ана сүтімен дариды, табиғат пен жердің құдіретімен сіңеді. Сондықтан біздің Ассамблеямыз – Тәуелсіздігіміздің үлкен жетістігі деуге болады», – деп Елбасы елдегі бірлік пен бейбітшіліктің кепілі болып отырған ұйымның мәртебесін асырып, мерейін өсірді.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет алдында тұрған ең басты міндет – өркендеп өсіп, 2050 жылы ең жоғары дәрежедегі 30 елдің қатарына қосылу екенін жиын қатысушыларының есіне салып, еліміз кешенді жаңғыру жолына түскенін айтты.
– Біз әлемдік ахуал қандай болса да алға қарай ұмтылуымыз керек. Көріп отырсыздар, қанша дағдарыстан өтіп келеміз. Ешқайсысында біз сүрінген жоқпыз, экономикамызды төмен түсірмедік. Биыл еліміз кешенді жаңғыруға кірісті. Ошақтың үш аяғындай болатын экономикалық, саяси және рухани бағыттың қай қайсысы да айрықша маңызды. Қазақстанның үшінші жаңғыруы деген экономикалық түлеудің басын өз Жолдауымда айттым. Мемлекетті басқаруды жетілдіре түскен конституциялық реформалар – саяси жаңғырудың негізі. Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалаға өзек болған жобалар рухани кемелденудің бастауы, – деді Елбасы.
Президент дамудың даңғыл жолына түскен мемлекеттің алға жылжуына кедергі жасайтын мәселелер төңірегінде де ой өрбітті. «Біздің дамуымызды қандай нәрсе тежейді? Біріншіден, артқа қарап, алға қарай жүруге болмайды. Олай кез келген тасқа сүрініп, басты жарып алуға болады. Солай емес пе? Яғни, заман талабына сай келмейтін нәрседен бас тарту қажет. Біздің санамыздағы таптаурын түсініктерден де арылу маңызды. Мәселен, қазір араб елдерін алып қарайықшы, халықты орта ғасырға тартқаннан не пайда? Сол себепті мен жастарға ылғи айтамын, керітартпалық жасамау қажет. Қара орамалды жамылудың қажеті жоқ. Ол – қазаққа жат нәрсе. Осы іспетті атрибуттардан аулақ болуымыз керек. Әйтпесе, мемлекеттің дамуына кедергі жасаймыз», – деді Назарбаев.
Сөз соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының үлгісінде өзара татулық пен түсіністік идеясын кеңінен насихаттаудың маңызына назар аударған Елбасы Білім және ғылым министрлігіне Ассамблеямен бірлесе отырып Қазақстан халқының интерактивті картасын әзірлеуді тапсырды. Президенттің тапсырмасы бойынша ежелгі қазақ жеріндегі барлық ұлттардың шоғырлану процесін ашық көрсетіп, мемлекет құраушы қазақ халқының айрықша миссиясын паш ететін электронды карта келесі жылы Алғыс айту күнінде таныстырылуы тиіс.