295
БҚО-да өндірілетін қара алтын Финляндияға жөнелтіледі
БҚО-да өндірілетін қара алтын Финляндияға жөнелтіледі
БҚО-да «Конденсат» АҚ-ның зауыты ҮИИД бағдарламасының аясында өте қысқа мерзім ішінде мұнай айыру секциясын іске қосты. Жаңадан іске қосылған секцияда өндірілетін өнімнің алғашқы партиясы Финляндияға жөнелтілмек. Бұл туралы «Конденсат» АҚ бас директоры Эдуард Жүнісов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданындағы «Конденсат» АҚ-ның зауыты өте қысқа мерзім ішінде, нақтырақ айтсам, 1 жыл 1 ай ішінде мұнайды вакуумда айыру секциясының құрылысын аяқтады. Енді жаңа құрылғы мұнай өнімдерін қайта айырып, шығаруға мүкіндік береді әрі өнімді экспорттайды. Яғни, енді қара май өнімі мен газ майлы дизель отынын қайта шығаруға мүмкіндік бар. Бұл жоба мотор майларының өндірісін кеңейту мен жаңғырту жөніндегі инвестициялық жобаның кезекті кезеңі»,-дейді Эдуард Жүнісов.
Бас директордың хабарлауынша, секцияның құрылысы бір жылдың ішінде аяқталған. Бір ай бойы құрылғыны іске қосу жұмыстары атқарылған. Секцияның құрылысына 16 шақырым құбыр, 1000 тонна металл пайдаланылған. Құрылғының қуаттылығы - жылына 250 мың тонна қайта өңделген мұнай өнімдері.
«Вакуумда қайта айыру әдісінің арқасында мұнай өнімінің қайта өңдеуге жарайтын тереңдігі ұзарады, сондай-ақ, сатылатын өнімнің түрі көбейеді. Жаңадан іске қосыған секцияда 1000 тонна қара май өндіріп үлгердік. Бұл өнімнің наықтағы сұранысы өте жоғары, өйткені, жол құрылысына көп пайдаланылады. Сондай-ақ, 2500 тонна ваккум газ майлы дизель отынын өндірдік. Болашақта бұл өнімді Қазақстанның кәіпорындарынан тыс, Ресейге және шетелге шығаруды көздеп отырмыз. Ал, алғашқы партиясы Финляндияға экспортталады»,-дейді Э.Жүнісов.
Айта кетейік, жалпы құны 168,6 млн долларды құрайтын жобаны «Қазақстанның даму банкі» АҚ қаржыландырған.