Головкин-Альварес жекпе-жегінің құны қанша?

Головкин-Альварес жекпе-жегінің құны қанша?

Головкин-Альварес жекпе-жегінің құны қанша?
ашық дереккөзі
290
Қазақстандық Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) мен мексикалық Сауль «Канело» Альварес (48-1-1, 34 КО) жекпе-жегінің қанша тұрады? Бұл кездесудің мексикалық боксшы үшін қаншалықты маңызды? Бұл сауалдардың жауабын Forbes журналы іздеп көріпті. и «Егер «Канело» Чавестен айласын асыратын болса, онда Геннадий Головкинмен кездесу өткізуге ештеңе кедергі болмайды. Бұл кездесудің құны оншақты миллион доллар болуы мүмкін. Егер «Канело» бұл кездесуден бас тартатын болса, онда оның абыройына нұқсан келеді», - деп жазады Forbes. «Канело» 6 мамыр күні Лас-Вегаста отандасы кіші Хулио Сезар Чавеспен (50-2-1, 32 КО) кездесу өткізеді. Осы кездесуден кейін Альварес қыркүйекте Головкинмен жекпе-жек өткізуі ықтимал. Қазір екі боксшының командасы келіссөздер жүргізіп жатыр. Негізі «Канело» мен Головкиннің кездесуі 2016 жылы өтуі мүмкін еді. Өткен жылдың мамырында «Канело» Әмір Ханды жеңгеннен кейін жұртшылықтың алдында Головкинді жекпе-жекке шақырды. Кейін баспасөз жиынында мексикалық боксшы Головкинмен күзде жекпе-жек ұйымдастыратынын айтқан еді. Өткен жылдың тамыз айында «Канело» сол кездегі WBO тұжырымының чемпионы, британдық Лиам Смитпен (23-0-1, 13 КО) өткізетін жекпе-жек орта салмақтағы соңғы кездесуі болатынын айтып, бірінші орта салмаққа ауысқан еді. Енді ол орта салмаққа Чавеспен өткізетін жекпе-жектен кейін қайта оралатынын хабарлады. Жекпе-жектің қаржылық құнына келетін болсақ, мексикалық боксшының жұмыстарымен айналысатын Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясы қыркүйекте жоспарланып отырған жекпе-жекте Головкинге нақты бір соманы ұсынып отыр. Бастапқы сыйақының құны 10 мың доллар болған еді. Одан кейін бұл көрсеткіш 15 миллион долларға дейін өсті. Ал Головкиннің командасы болса бұл кездесуден түскен пайданы пайыз бойынша бөлісіп алуды талап етті. Дегенмен Головкин мен Джейкобс арасындағы жекпе-жектің PPV сатылымынан кейін (ақылы көрсетілім) «Канелоның» промоутерлері әу баста жасаған екі ұсынысын да кері қайтарып, түскен пайданы пайыз бойынша бөлісуге көшті. Golden Boy промоутерлік компаниясы «Канело» мен Головкин жекпе-жегінің PPV сатылымы олар күткендей көрсеткішке жетпей қалуы мүмкін деп қауіптенеді. Сондықтан да олар енді қазақстандық боксшыға нақты белгіленген сыйақы ұсынбайтынын айтып отыр. SportNewsExpert порталының мәліметі бойынша, «Канелоның» командасы Головкинге соңғы рет табыстың 75 пайызы Альвареске, 25 пайызы Головкинге деген ұсыныс жасапты. Ал Головкиннің промоутері Том Леффлер «Канелоға» 60, қазақстандық боксшыға 40 пайыз түрінде бөліс жасағысы келеді. Головкин қыркүйектегі Альвареспен өтуі мүмкін жекпе-жек үшін британдық Билли Дж Сондерспен жұдырықтасудан бас тартты. Бұл жаңалық «Канелоның» промоутерін қуантқан еді. Қазақстанның Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Ерлан Бекхожин бұл қадамды құптаған болатын. Өйткені Головкин «Канеломен» жекпе-жек үшін алатын сыйақы көлемі 100 миллион долларға жетуі мүмкін. Дегенмен Головкин мен «Канело» жұдырықтаспауы да ғажап емес. Golden Boy Promotions компаниясының президенті Эрик Гоместің сөзінше, Альварес мамырдағы жекпе-жекте жеңіліп қалған жағдайда, барлық келіссөздердің маңызы болмайды. Golden Boy Promotions қыркүйекте «Канелоға» жекпе-жек белгілеп қойған. Дегенмен Альварестің қарсыласы кім болатынын жасырып отыр.

Серіктес жаңалықтары