738
ОҚО шаруалары қаракөл терісін Италияға жөнелтеді
ОҚО шаруалары қаракөл терісін Италияға жөнелтеді
Оңтүстік Қазақстан облысында қаракөл қой тұқымын көбейту жұмыстары қарқынды түрде қолға алынуда. Өйткені шаруалар қаракөл қойынан келер табыстың мол болатынын айтуда. Негізінен қаракөл шаруашылығын шөл және шөлейітті аймақтарда көбейтіп, дамыту қолайлы болып келеді. Сондықтан да Арыс ауданының Байырқұм ауылдық округіндегі «Байырқұм-Агро» шаруашылығы қаракөл өсіруді қолға алып, оның санын көбейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Жайылымдық жері 4900 га болатын шаруашылықта бүгінде 2000 бас қаракөл тұқымы өсірілсе, жыл соңына дейін 20 мың басқа жеткізу көзделіп отыр. Бүгінде құнды болып есептелетін қаракөлдің терісін Италия еліне экспорттау үшін келісімшарт жасалған. Өсімтал болып келетін бұл қойдың терісі нарықта 100 АҚШ долларына бағаланып отыр. Ал бұл қой тұқымы ұзақ қашықтықта жайыла алады. Яғни, жай қойлар 3-4 шақырым жерге дейін барып жайылса, қаракөл тәулігіне 10-15 шақырымға дейінгі қашықтыққа кетіп жайыла алады.Сондай-ақ, ішілген судың жоғары минералдануын және ауа температурасының күрт ауытқуын жақсы көтереді. Ал, шаруашылықта 5 бірлік МТЗ-80 тракторы мен 3 автокөлігі және 8 адам еңбек етуде.
Қаракөл қойын дамыту үшін шаруашылық мемлекеттен 35 млн. теңге субсидия алған. Сонымен қатар, Созақ ауданындағы «Құмкент» және «Қарақұр» өндiрiстiк кооперативi де осы қаракөл қойын өсiрумен айналысып келеді. Олар өткен жылы қаракөл тоқтысын Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiне экспортқа шығарып, тиiмдi бағада сатты. Шетелдiктердiң қой алудағы талаптарынан толықтай шыққан кооператив тағы да бiрқатар қаракөл қойын шетелге сатуды жоспарлауда.