Алашқа ант бергендер

Алашқа ант бергендер

Алашқа ант бергендер
ашық дереккөзі
1034
Мемлекеттің қуаты экономикасы һәм саяси әлеуетімен ғана өлшенбейді. Әлемнің түкпір-түкпірінде соғыс өрті маздаған бүгінгідей алмағайып уақытта бір елдің екінші елден артықшылығы қарулы күштерінің  қауқарымен бағалананатынына жаһандық тәжірибе көзімізді әбден жеткізді. Сондықтан Елбасы мемлекеттің айбыны – әскеріміздің әлді болуын басты назарда ұстап келеді. Тәуелсіздіктің елең-алаңында құрылып, ширек ғасырдан бері ел қауіпсіздігіне қалқан болған ҚР Қарулы күштерінің қауқары қандай десе, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп ұялмай көрсете алатын күнге жеттік. Мемлекет басшысының 1992 жылы 7 мамырдағы Жарлығымен жасақталған ұлттық армия биыл 25-ке толып отыр. 7 мамыр – ел тарихындағы айтулы күн. 1992 жылы дәл сол күні Қазақстан Президенті, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» және алғашқы қорғаныс министрі етіп генерал-полковник (1993 жылдың 9 мамырынан армия генералы) С.Қ. Нұрмағамбетовті тағайындау туралы жарлықтарға қол қойды. Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық армиясы құрылған күн бүгінде мемлекеттік мереке – Отан қорғаушылар күні ретінде атап өтіледі. Мерекенің мәнін жете ұғыну үшін ресми деректермен қатталған тарихымызға үңіліп, егеменді еліміздің айбынды әскері қалай құрылғанын еске түсіріп көрелік. Қарулы Күштерді құру қадамы 1991 жылдың күзіне қарай қолға алына бастады. Яғни, тәуелсіз елдің қалыптасуы да, оның дербес әскерінің құрылуы да аса күрделі геосаяси үдерістермен қатар жүріп жатты. Шебі сетінеп, керегесі ыдырай бастаған Кеңес Одағының шаңырағы құлаудың сәл алдында тұрды, ал осындай күйреуден кейін бірқатар өңірлерде қақтығыстар да белең ала бастаған. Оның ішінде Орталық Азия мемлекеттеріне Ауғанстандағы соғыс анық әскери қауіп тигізетіндей еді. Кавказда Әзірбайжан мен Армения арасында соғыс тұтанып, басқа аймақтарда да қақтығыс қаупі күшейген шақ-тын. Дәл осындай кезеңде мемлекеттік саясаттың әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы алғашқы қадамдарының бірі – ҚР Президентінің 1991 жылғы 25 қазанда шыққан «Қазақ КСР-і Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлығы болды. Ал содан кейін 16 желтоқсанда Мемлекеттік Тәуелсіздік туралы заң қабылданып, онда «Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын күзету мақсатында өз Қарулы Күштерін құруға құқылы» екені атап көрсетілді. Кейіннен генерал Сағадат Нұрмағамбетов басшылық ететін Мемлекеттік қорғаныс комитеті ауқымды жұмыстар атқарды. Кешегі кеңестік кеңістікте болып жатқан оқиғаларға талдау жасалып, Қазақстан аумағында орналасқан әскери бөлімдерге, қару-жараққа, әскери техникаға, полигондардың мүлкі мен ғылыми-техникалық жабдықтарына, әскери зауыттардың өндірістік жабдықтарына түгендеу жүргізу жөнінде шешім қабылданды. Қазақстан өзінің дербес армиясын құруға заңды құқығын ел Президентінің 1992 жылғы 7 мамырда қабылдаған «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығы арқылы іске асырды. Көңілде алаң, көкейде сауал көп кезде жасалған тарихи шешімді Елбасы былайша еске алады: «Ол кезде бізде қазақстандық жаңа әскер қандай болуы керек, әскери құрылыстың қандай жолдарын таңдаған жөн деген сұрақтарға дайын жауап болмады. Кеңес Одағының ыдырауы қордаланып қалған саяси, этностық және әлеуметтік қарама-қайшылықтарды жалаңаштап берген кезең еді, содан барып «югослав сценарийінің» мүмкін болатын қатері туындады, ал бұрынғы КСРО-ның жекелеген өңірлерінде, өкінішке қарай, сол қарама-қайшылықтар тікелей қарулы қақтығыстарға ұласты. Екінші жағынан, жаңа саяси нақтылықта дербес өмір сүру күн тәртібіне Қазақстанның әскери саладағы егемен саясатын әзірлеуді шығарды. Бізде кадрлар болмады, тәжірибе жоқ еді. Егемен Қазақстанның әскері қандай болуы керек дейтін түсінік болмады. Осындай жағдайда республика аумағындағы Орта Азия және Түркістан әскери округтері мен Ауғанстандағы соғыстан шыққан 40-шы армиядан қалған барлық бөлімшелерді Қазақстан Қарулы Күштерінің бөлімдері деп жариялауға шешім қабылданды. 1992 жылғы 7 мамырда мен қол қойған Жарлық осындай болатын», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев Қарулы Күштердің 15 жылдығына арналған сөзінде. Шындығында, тәуелсіздікке енді ғана қолы жеткен, буыны бекімеген, тәжірибесі толыспаған ел үшін ұлттық әскерін жасақтау оңай болған жоқ. Түйткілді мәселелер көп болды. Оның ең бастысы – кадр тапшылығы еді. Өйткені, Одақ ыдырап, оның аясында қызмет еткен түрлі ұлт өкілдері өз еліне кетіп жатқан тұс еді. Мәселен, сол кездегі деректерге қарағанда, 1991 жылдың соңына таман Қазақстан аумағында КСРО Қарулы Күштері әскерлерінің жалпы саны шамамен 200 мың адамды құрады. Ал арадағы 2,5 жыл ішінде, яғни 1992 жылғы мамырдан 1995 жылғы қаңтарға дейін офицерлердің кетуі тізімдік құрамның 89 пайызына жеткен. 1993 жылдың соңына таман негізгі құрамалар мен бөлімдердің офицерлермен жасақталуы 50-60 пайыз шамасында болса, кейбір полктер 40, ал Георгиев елді мекеніндегі мотоатқыштар полкі тек 27 пайыз ғана жасақталыпты. Үшарал гвардиялық мотоатқыштар полкінен 1992-1995 жылдар аралығында командир, штаб бастығы, командирдің қару-жарақ, тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасарлары, киім-кешек, азық-түлік, жанар-жағар май материалдары, радиациялық, химиялық және бактериологиялық қорғау қызметтерінің бастықтары кетіп қалды. Алматы мотоатқыштар полкінің батальондарында бірде-бір штаб бастығы, бірде-бір батальон командирінің орынбасары болмаған екен. Бәрі әскерді тастап, өз елдеріне кеткен. Алайда тынымсыз әрекеттің арқасында Қарулы Күштер құрдымға кетпей, керісінше аяғынан нық тұра алды. Бастапқыда офицер құрамы жетіспеушілігін толтыру үшін 3-тен 9 айға дейінгі мерзімде кіші лейтенанттарды даярлау курстары ашылды. Қорғаныс министрлігі армияда қызмет ету тәжірибесі бар прапорщиктер мен мерзімінен тыс әскери қызметтегілер қатарынан осындай курстарға кандидаттар іріктеуге айрықша назар аударды. Кадрларды іріктеу ұқыптылықпен жүргізіліп, оларды орналастыру сауаттылықпен іске асырылды, алғашқы әскери басшылық қалыптасты. Ел Президентінің жарлықтарымен және өкімдерімен Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы белгіленді. Көптеген офицерлер нағыз патриот ретінде Отан үніне құлақ түріп, ұлттық армияның қатарын толықтырды. Олар бұрынғы одақтық республикалардан өздерінің Отанына қызмет етуге әзір екендіктерін іс жүзінде дәлелдеп, туған елге бет түзеді. Сол кезден бастап қазіргі Қазақстан армиясының іргетасы қалана бастады. Оның құрамына Қорғаныс министрлігі, Бас штаб, Құрлық әскерлері, Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері кірді. Келесі маңызды қадам – жаңа Қарулы Күштердің мақсаты мен міндеттері белгіленген нормативтік-құқықтық база жасау болды. 1992 жылдың 22 желтоқсанында Қазақстан Республикасы қорғанысын ұйымдастыратын негіздемені белгілейтін, мемлекеттік билік пен басқарушы органдарға өкілеттілік беретін «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Заң Қазақстан қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жалпы жүйе бойынша Қарулы Күштердің рөлін, орны мен міндеттерін белгіледі. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің Әскери антының мәтіні жасалып, Президенттің 1992 жылғы 25 тамыздағы Жарлығымен іске асырылды. 1992 жылдың күзгі әскерге шақыруынан бастап жас сарбаздар Қазақстан Республикасына ант берді. Ант қабылдау армия тарихында жақсы дәстүрге айналып, әскери бөлім үшін мереке күні болып хабарланды әрі салтанатты жағдайда өткізілді. 1993 жылы Қазақстанның алғашқы Әскери доктринасы қабылданып, ол Қарулы Күштердің қалыптасуы мен орнығуы кезеңінде Қазақстанның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің шаралар кешенін айқындады. Президентінің 2000 жылғы 10 ақпандағы Жарлығымен Қазақстанның екінші Әскери доктрина негізінде төрт әскери-аумақтық құрылымдар – «Шығыс», «Оңтүстік», «Орталық» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтары құрылып, негізгі әскери құрылымдардың үш тегі қалыптасты. 2002 жылы әскерде бюджеттік қаржыландыру ішкі жалпы өнімнің 1 пайызынан кем болмауы тиіс деп белгіленді. Мұның өзі әскери дайындықтың интенсивтілігін елеулі түрде арттыруға, материал­дық-техникалық қамтамасыз ету проблемаларын шешіп, әскери қызметшілердің ақшалай қамтылуын ұлғайтуға мүмкіндік берді. 2007 жылғы келесі Әскери доктринада мемлекеттің әскери ұйымын дамытудың негізгі бағыттарының бірі өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің белгіленген жауаптылық аймақтарында әскери қауіпсіздік міндеттерін шешу мәселелеріндегі нақты дербестігін қамтамасыз ету және әскерлердің стратегиялық бағыттардағы жеткілікті топтастықтарын құру болып айқындалды. Ал 2011 жылғы 11 қазанда бекітілген төртінші Әскери доктринаға «Әскери қауіпсіздік саласындағы ағымдағы жағдайды талдау» тарауы қосылған. Онда әскери қауіпсіздік саласындағы еліміздің әскери мекемесі қызметінің қорытындылары, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту үрдісі және нәтижелері баяндалған. «Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудің әскери-саяси негізі» тарауында халықаралық ынтымақтастық және бітімгерлік мәселелері қамтылды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 12 шілдедегі «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» № 354 Жарлығымен еліміздің Қарулы Күштерінің жаңа құрылымы бекітілді. Жарлыққа сәйкес Қарулы Күштерді басқаруды жоғарғы әскери-саяси органы болып, соғыс уақытында Қарулы Күштердiң барлық қызметiне жалпы басшылық жасауды және оларды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы арқылы басқаруды жүзеге асыратын Қарулы Күштерге жоғары басшылық жасаудың әскери-саяси органы – Жоғарғы Бас қолбасшылық (Жоғарғы Бас қолбасшылық Ставкасы) болып табылады. Қарулы Күштердің құрылымы Жоғарғы Бас қолбасшылық, әскери басқару органдары, Қарулы Күштер түрлері, арнайы әскерлер, Қарулы Күштердің тылы, әскери оқу орындары мен әскери-ғылыми мекемелерінен тұрады. Әскери басқару органдары: стратегиялық – Қорғаныс министрлiгi және Бас штаб, жедел-стратегиялық – Қарулы Күштер түрлері бас қолбасшыларының, Қарулы Күштер тылы бастығының басқармалары, Қарулы Күштердің бас басқармалары, жедел-аумақтық – өңiрлiк қолбасшылықтар әскерлері қолбасшыларының басқармалары, жедел-тактикалық – әскер тектерi, Қарулы Күштер түрлерi қолбасшыларының басқармалары, тактикалық – құрамалар мен әскери бөлiмдердiң басқармалары, жергiлiктi – қорғаныс iстерi жөнiндегi департаменттер, басқармалар мен бөлiмдеріне бөлінеді. Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерінің шекарасы шегiнде «Астана», «Шығыс», «Батыс», «Оңтүстiк» өңiрлiк қолбасшылықтардың жауапкершiлiк аймақтары айқындалды.

               Құрлық әскерлері – құрыш қалқанымыз

ҚР Қарулы күштерінің негізгі қуаты саналатын Құрлық әскерлерінің құрамында «Астана», «Шығыс», «Батыс», «Оңтүстiк» өңiрлiк қолбасшылықтардың әскерлері, Аэроұтқыр әскерлері, Зымыран әскерлері мен артиллерия, арнайы әскерлер, сондай-ақ тылдық және техникалық қамтамасыз ету құрамалары мен бөлімдері, медициналық мекемелер бар. Аэроұтқыр әскерлері – ел Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының резерві. Әскери-саяси жағдайлардың күрт өзгеруі кезіндегі дағдарысты жедел шешуге, мемлекеттің ұлттық мүддесін қорғау мақсатында кенеттен туындаған жағдайларды орындауға және операция бағытына әскерлерді топтастыруды нығайтуға арналған. Елде және сырт жерлерде де бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау мақсатындағы Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттерін орындауға қатыса алады. Мәселен, Аэроұтқыр әскерлерінің арнайы мақсаттағы дербес инженерлік-саперлік жасағы 2003-2008 жылдар аралығында Ирак Республикасында бейбітшілік және қауіпсіздікті сақтау бойынша Коалициялық күштер құрамында бітімгершілік миссияны атқарды. Қазақ әскерлерінің жауынгерлік шеберлігі шетел мемлекеттері мен Коалициялық күштердің қолбасшылығының жоғары бағасын алды.  width=Зымыран әскерлері және артиллерия Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 7 мамырдағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің дербес әскер тегі ретінде құрылды. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2009 жылғы 21 сәуірдегі директивасы негізінде Зымыран әскерлері және артиллерия жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің құрамына кірді. Қазіргі таңда Зымыран әскерлері және артиллерия заманауи зеңбіректі, келте зеңбіректі, реактивті, танкіге қарсы артиллериямен, минаатқыштармен, сондай-ақ артиллериялық барлау және басқару құралдарымен жабдықталған. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің арнайы әскерлері Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде инженерлік қамтамасыз етуді, радиациялық, химиялық, биологиялық қорғауды ұйымдастыруға арналған. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің арнайы әскерлерінің құрамына: инженерлік әскерлер басқармасы, радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау әскерлерінің басқармасы, радиоэлектрондық күрес басқармасы кіреді. Өткен жылы Құрлық әскерлеріне 3 000-нан аса заманауи қару-жарақ пен әскери техниканың тың үлгілері келіп түсті. Олардың арасында пайдалануға берілген «Гермес», «Скайларк» және «Атлас» ұшқышсыз ұшу аппараттары бар. Өзінің сапасы мен тиімділігін көрсетіп үлгерген отандық техника үлгілерінің алар орны айрықша. Атап айтқанда, жоғары өтімді «Арлан» броньды дөңгелекті машиналары, атыс қаруына арналған оптикалық көздеуіштер мен «КАЕ» түнгі көру аспаптары, жауынгердің жеке қорғану құралдары, яғни, қазақстандық «Тыныс» АҚ өндірісінің дулығалары мен броньды кеудешелері ұлттық әскердің қалқанына айналды.

Әуе күштерінің әлеуеті артты

Еліміздің Әуе қорғанысы күштері әуе шекарасын қорғау, мемлекеттік, әкімшілік және әскери нысандарды әуе шабуылынан қорғау, сондай-ақ, ҚР Қарулы Күштерінің басқа түрлері мен тектерін авиациялық қолдау жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындау міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Қазіргі кезде Әуе қорғанысы күштері аэродинамикалық, ұшу және жауынгерлік сипаттамалары жағынан әлемдегі ең озық техникалармен жабдықталған. Атап айтқанда, МиГ-31 тосқауылшы жойғыштары, МиГ-29, МиГ-29УБ, МиГ-23, МиГ-27 майдан жойғыштары, МиГ-27 жойғыш-бомбалаушылары, Су-25, Су-27 және Су-30СМ көп мақсатты жойғыштары, Ми-8, Ми-171Ш, Ми-17В-5 және Ми-26 әскери-көліктік тікұшақтары, «Хьюи-2» тікұшақтары, ЕС-145 «Еврокоптер» тікұшақтары мен әскери-көліктік авиацияның Ту-134, Ту-154, Ан-72, Ан-26, Ан-12 және С-295 ұшақтары бар.  width= Сондай-ақ, Әуе қорғанысы күштерінің қарамағында әуедегі және жердегі нысандарды жоятын заманауи құралдар жеткілікті. 2018 жылдың соңына дейін әскери-әуе күштерінің авиапаркі сегіз С-295 ұшақтарымен толықтырылады. Авиациялық паркті жаңартудың нәтижесінде әскерлерді, қару-жарақтар мен әскери техниканы жанармай құю үшін аралық тоқтаусыз кез келген стратегиялық бағытта жеткізе алатындай авиацияның аэротасымалдау мүмкіндіктері пайда болады.

Каспийдің қорғаны – Әскери-теңіз күштері

1992 жылы 2 сәуірде жасақталған Әскери-теңіз күштері 2003 жылғы 7 мамырдағы «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымын әрі қарай жетілдіру шаралары туралы» Елбасының Жарлығына қабылданғаннан кейін Қарулы Күштердің жеке түрі мәртебесіне ие болды. Каспий теңізінің қазақстандық секторында Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын, аумақтық тұтастығын, егемендігі мен экономикалық мүдделерін қорғау; агрессордың шапқыншылығына лайықты тойтарыс беру, қарулы қақтығыстарды оқшаулау және алдын алуға атсалысу, аймақты, мұнай кеніштері нысандары орналастырылған жасанды аралдар және платформаларды қоса алғанда сулы аудандарды күзету сынды маңызды міндеттер осы Әскери-теңіз күштеріне жүктелген. Аз уақыттың ішінде Әскери-теңіз күштері халықаралық келісімдерге сәйкес басқа елдерден жауынгерлік кемелерді жеткізуге байланысты бірқатар мемлекеттік тапсырмаларды жүзеге асырды. Астраханьнан шағын төрт күзет кемесін, Түркияның Гельчук портынан Мәрмәр теңізі арқылы шағын күзет кемесін, Корея Республикасының Чине портынан Пендик порты мен Мәрмәр теңізі арқылы кемелерді Ақтау портына жеткізді. Халықаралық деңгейдегі қызметтерін мүлтіксіз орындаған кеме экипаждарының жеке құрамы Қазақстан Қарулы Күштерінің жаһандық кеңістіктегі мәртебесін өсіріп, абыройын асырды. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі су асты және су үсті жағдайы Әскери-теңіз күштерінің жіті қадағалауында. Жауынгерлік дайындықтары жоғарылаған әскери теңізшілер бұрындары теңізде жылына 10-20 тәулік болса, қазір олар 150-160 тәулік болады. Бұған кадрларды дайындау деңгейінің көтерілуі, оқыту бағытының ұлғаюы себеп. Осыдан бірнеше жыл бұрын тек Ресей Федерациясында әскери мамандар даярланса, қазір Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея және тағы басқа елдерде теңіз мамандары білімдерін жетілдіруде. Әскери-әуе күштерінің әлеуеті артқанын дәлелдейтін тағы бір жетістік – Қазақстанның теңізшілері «Армия халықаралық ойындары – 2016» сайысында күміс жүлдеге ие болды. Мемлекет мерейін асқақтатқан теңізшілер елге Ресей Федерациясының су айдынынан жеңіп алынған «Адмирал» катерімен оралған болатын.  

Сайдың серке тасындай...

Қарулы күштеріміздің әлеуетін әйгілейтін айтулы шара – әскери шерулер де кең көсіліп айтар әңгіменің арқауы. Еліміздегі тұңғыш парад осыдан жиырма бес жыл бұрын Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылу құрметіне орай Алматыда ұйымдастырылған еді. 1992 жылдың 7 мамырында Алматы қаласының Республика алаңында өткен бұл шараға ҚР Қарулы күштерінің әскер түрлері, Қорғаныс министрлігінің, әскери әуе күштерінің, Шекара әскері, Ішкі әскерлердің, әскери оқу орындарының, Алматы гарнизонының, әскери комиссариаттардың жинақталған полктары қатысқан. Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов қабылдаған ауқымды шеру еліміздегі әскери парадтардың ізашары ретінде тәуелсіздік шежіресінің бетіне алтын әріптермен қатталды. Егемен елдің тарихындағы екінші әскери парад азаттығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заңымыз – Конституция күніне және Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай еліміздің бас қаласындағы «Қазақ елі» монументі алдында Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтті. 2011 жылы өткен бұл шеру бірнеше ерекшелігімен ел есінде қалды. Біріншіден, әскери қызметкерлеріміз ел алдына жаңадан енгізілген әскери киім үлгісін тұңғыш рет киіп шықты. Екіншіден, қазақстандықтар бұған дейін бұрын-соңды көрмеген жасақтар мен жаңа әскери техника еліміздің бас алаңында шеру тартты. Үшіншіден, бұл әскери шеруге тұңғыш рет мергендер жасағы, құрлық әскерлерінің таулы-атқыштар бригадасының әскери қызметшілері және әйел әскери қызметшілердің екі жасағы қатысты. Қазақстан Қарулы Күштері өкілдерімен қоса алаңға Отанымыздың шебін қорғаушы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, республикалық Ұланның жасақтары сап түзеді. Сондай-ақ, шеруді тамашалаған қауым Қарулы күштер қарамағына жаңадан қабылданған техникалардың қуатына қанықты. Мәселен, жаяу әскердің жауынгерлік машинасы – БМП-2, «Стрела-10М» зенитті-зымыранды кешені, «Штурм-С» өздігінен жүретін танкке қарсы зымыранды ке­шеннің жасақтары, десантты-шабуылдаушы бригаданың Жауынгерлік туымен «Лэнд Ровері», «Хаммер» автокөліктеріне мінген «Қазбат» қазақстандық бітімгершілік батальонының арнайы мақсаттағы ротасы, оларды жетілдірілген БТР-82А бронды транспортерлері, зенитті-ракеталық С-125; С-200 және С-300 кешендері көптің көзайымына айналды. 2012 жылдың қазанында ҚР Президентінің Жарлығымен мамырдың 7-сі «Отан қорғаушы» күні болып белгіленіп, күнтізбеде оған мемлекеттік мәртебе берілді. Міне, содан бері әскери парад осы күнге орайластырылып өткізіліп келеді. 2013 жылы 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған тұңғыш парад «Жауынгерлік парад» деген атаумен өтті. Үйреншікті әскери парадта әскери қызметшілердің саптық дайындығы және техника мен қару-жарақтың кейбір үлгілері сандық жағынан таныстырылса, жауынгерлік парадта офицерлер мен сарбаздардың кәсіби дағдысы, бөлімшелердің іс-қимыл тәртібі, сондай-ақ, Қазақстан армиясының қарамағындағы қазіргі заманғы қару-жарақ пен әскери техниканың жауынгерлік мүмкіндігі көрсетілді. Сол күні Гвардейск гарнизонының полигонында әскери бөлімшелер Құрлық әскерлері мен Әуе қорғанысы күштерінің заманауи қару-жарақ пен техниканы пайдалануының мүмкіндіктерін тактикалық және тәжірибелік тұрғыда танытты. Сонымен бірге Каспий акваториясындағы Қазақстан Әскери-теңіз күштері кемелерінің жауынгерлік атысы онлайн-режимінде таратылды.  width= 2015 жылғы әскери парад Отан қорғаушылар күніне ғана емес, Жеңістің 70 жылдығына арналды. Бұл парад ел тарихындағы әскери шерулердің ең ауқымдысы болды. Оған 5 000-ға жуық әскери қызметші, 200-ден аса қару-жарақ пен әскери техника, әскери авиацияның 70 ұшағы мен тікұшағы қатысқан. Атап өтерлік тағы бір ерекшелігі, әскери шеруде қазіргі заманғы ҚР Қарулы Күштерімен қатар Ұлы Отан соғысы уақытындағы армия мен қару-жарақ түрлері көрсетілді. Әскери шеру 3 бөлімнен құралды: жаяу шеру топтарының өтуі, механикаландырылған колоннаның өтуі және әуе шеруі. Парад ҚР Мемлекеттік Туы мен осыдан 70 жыл бұрын отандасымыз Рақымжан Қошқарбаев және оның жауынгер досы Григорий Булатовтың Рейхстагқа тіккен туының дәл көшірмесі – Жеңістің Қызыл туын алаңға алып шығумен басталды. Жаяу тізбектер шеруін армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің барабаншылар ротасы ашып, одан соң екінші дүниежүзілік соғыс уақытындағы әскери киім үлгісіндегі үш парадтық топ жүріп өтті. Жалпы 24 шеру тобы салтанатты сапты құрады. Тарихи бөлімдегі әскери техниканың тізбегінде Т-34 танкі, ЗиЛ-157 сүйреткен ЗИС-2 зеңбіректері, М-30 гаубицалары, аты аңызға айналған БМ12 РС-30 «Катюша», танымал «Максим» пулеметі, Дегтярев қол пулеметі және Шпагин тапанша-пулеметтері өтті. Ал парадтың қазіргі заман бөлімінде Қазақстан армиясының қару-жарағы мен әскери техника үлгілері көрсетілді. Бұл бөлімін басқармалы қару-жарақпен жабдықталған Т-72Б танкі бастап шықты. Соңынан ілесе танктерді қолдау жауынгерлік машиналары мен соңғы жылдары қазақстандық армияның сапына алынған жауынгерлік машиналар өтті. Көптің назарын ерекше аударғаны – әуе шеруі. Әскери ұшқыштар жеке және пилотажды топ құрамында жоғары пилотаж фигураларын орындап, шеберліктерін көрсетіп, Жеңістің 70 жылдығының құрметіне көк аспанға «70» санын бейнеледі.

Бұл парад бұрынғыдан өзгерек

Биыл Қарулы Күштеріміздің 25 жылдығы. Сондықтан бұл жолғы парад бұрынғылардан өзгерек болмақ. Ел әскерінің ширек ғасырдағы жетістігін паш ететін жылдың ауқымды әскери шарасына дайындық бірнеше айдан бері жүргізілуде. Өткен аптада көшпелі жұмыс кеңесін өткізген ҚР Қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов қоластындағыларға 7 мамырда Астана қаласында өтетін әскери парадты сапалы ұйымдастыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. Егеменді Қазақстанның тарихында айрықша датаға, яғни, Қарулы Күштердің құрылуының 25 жылдығына тұспа-тұс келген алдағы шеруге тартылған жеке құрам мен әскери техниканың саны бұдан бұрын өткізілген парадтардан айтарлықтай ерекшеленбек. Елордадағы Тәуелсіздік алаңында шамамен 30 есептоп құрамында 5 000-нан аса әскери қызметші салтанатты маршпен адымдап өтпек. Көзтартарлық шеруге 300-ге тарта бірлік әскери техника тартылатын болады. Қазақстандық авиацияның көк аспандағы қуаты мен жауынгерлік әзірлігін еліміздің Әуе қорғанысы күштерінің шамамен 80 бірлік авиациялық техникасы паш етеді. Қазақстандықтар алғаш рет 2016 және 2017 жылдары әскеріміздің арсеналын толықтырған су жаңа әскери техниканы, заманауи қару-жарақ үлгілерін тамашалау мүмкіндігіне ие болмақ. Парадтың тағы бір ерекшелігі – Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагерлерін, Қорғаныс министрлігінің иелігіне берілгеннен кейін алғаш рет барабаншылардың (дауылпазшылардың) құрама ротасында өнер көрсететін «Жас ұлан» төрт әскери мектептің тәрбиеленушілері, аумақтық қорғаныс бригадасының ротасы, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері мен Әскери-техникалық мектептің әскери автомобильді техникасымен алаңда жүріп өтетін Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектептерінің шәкірттерінің қатысуы. Аталмыш іс-шараның негізгі түйіні әлі құпия ретінде сақталуда. Анық білетініміз, бұл шеру 25 жылда күші нығайып, ісі ілгерілеп, мемлекет қауіпсіздігінің тірегіне айналған айбынды армия ұлан-ғайыр даланың, бірлігі бекем елдің қорғанысы мықты екенін алыс пен жақынға, дос пен дұшпанға тегіс танытуы тиіс.    

Серіктес жаңалықтары