907
«Мұзбалақ» пен «Күлтегін» - 50 жылдыққа тарту
«Мұзбалақ» пен «Күлтегін» - 50 жылдыққа тарту
Бүгінде тәрбиенің құралы, қоғам айнасы деп экраннан күнде тамашалап жүрген кино мен мультфильмдерді айтамыз. Әлем бізді осы сиқырлы дүниесімен-ақ жаулап алды десек, қателеспеспіз. Ал, бұл салада біздің менмұндалап тұрған туындыларымыз саусақпен санарлық. Елімізде анимация саласы бүгінде өзінің даму жолын енді тауып келе жатқандай. Бұл салада соңғы уақытта табысты туындылар да жоқ емес.
Қазақ мультфильмінің тарихы Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмінен бастау алады. Әйгілі қазақ ертегісінің желісі бойынша «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген бұл фильмге 70 жылдан асса да біздің ел бұл салада кенже қалғандардың санатында. Сондықтан болар, соңғы кезде экранымызды өзге елдің қисапсыз қанға толы, жер бетінде жоқ темір кейіпкерлерге толы туындылары жаулап алған.
Ұяда не көрсе ұшқанда соны ілетін жас балдырғандар үшін еліміздің телеарналарында көрсетілетін бірегей отандық туындыларымыздың маңызы зор. Бұл ұлттық дүниетанымды қалыптастыруға әрі қазақы мәдениет пен салт-дәстүрге балалардың бесіктен бастап сусындауына зор септігін тигізеді. Осыған орай, қазақ анимациясының бүгінгі жәй-күйінен хабардар болу үшін, «Қазақфильм» киностудиясының аниматорлары Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы ағаларымызбен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
– Қазіргі қазақ анимациясының жай-күйіне, оның ішінде өздеріңіздің жасап жатқан жұмыстарыңызға тоқталып кетсеңіз?
– Командаларды салыстыра отырып, жасалып жатқан жұмыстар жайында, ақсап тұрған тұстары жайында да айта кетуге болады әрине. Алайда бәрін жоққа шығаруға болмайды. Бұл орайда министрлік тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға да тоқтала кеткен жөн. Өйткені екі бірдей толық метрлі мультфильм жұмыстарының қатар жүруі – қазақ анимациясындағы тарихи дүние.
– «Мұзбалақ» пен «Күлтегін» толықметражды фильмдері шетелдік мамандардың қатысуымен жасалды ма, әлде толықтай отандық өнім болмақ па?
– Осы «Мұзбалақ» фильмін 2015 жылы жобадан тыс өтініш жазып жүріп, аз қаржымен бастаған болатынбыз. Қырғызстан, Қытай, Беларусия елдерімен байланысқа шықтық. Бірақ теңге құнының күрт түсіп кетуіне байланысты, олардың курстарымен есептегенде, біздің ақшамыз аздық етті. Алдағы уақытта Ресей және көршілес басқа да мемлекеттермен әдіс алмасып, бірігіп, жоба жасау жоспарымызда бар. Дегенмен, барлығы қаржы мәселесіне келіп тіреліп отыр.
– Шығармашылық топқа тоқтала кетсеңіз. Мамандардың көбі жастар ма, әлде еңбек өтілі көп мамандар ма?
– Шығармашылық топтың құрамы өте мықты мамандардан құралған десек болады. Өйткені Қазақстан бойынша ең білікті деген аниматорлардың біразы дерлік біздің құрамда. Аға буындардан Әмен Қайдаровтың шәкірті, Сақ студиясының аниматоры, біздің бас аниматорымыз Әміржан деген ағамыз қызмет жасауда. Қалған мамандардың көбі өзіміздің Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлектері.
– Ал «Мұзбалақтың» жұмыстары қай кезеңге таяды?
– Алла қаласа, «Мұзбалақ» - қазақ анимациясына өз жаңалығымен келетін дүние. Ол «Күлтегіннен» бұрын басталғандықтан, қазіргі кезде фильмнің жартысы дайын. Музыкасы жазылу үстінде.
– «Мұзбалақты» биылғы, «Күлтегінді» келесі жылдың еншісіне қалдырмақсыздар ғой?
– Жоқ, әзірге белгісіз. Күлтегін дайындық кезеңінен өтті. Өндірістік кезеңге енді жіберіледі. Министрлік биыл бітіруді тапсырғанымен, жұмыстың аяқталуы біздің еңбек күшімізге байланысты. Сондықтан, нақты уақыты белгісіз.
– Ал қазақ анимациясының ертеңі жайлы не айтасыз?
– Майданда жүрген әскерлерге соңынан көмекші әскер келмесе, алдыңғы шеп әлсіреп қалады ғой. Міне, үлкен жобаны қолға алғаннан кейін, біз де осындай мамандарға деген мұқтаждықты сезіндік. Қазақ «Көш жүре келе түзеледі» дейді. Бірақ, көштің тым ұзақ жүріп кеткені де қиын. Біз біраз жерге жетіп, түзелетін жеріне келдік деп ойлаймын. Фильмді жасау тек бір ғана адамның қолында емес қой. Оның артында жаңа технологиялармен мамандандырылған үлкен шығармашылық команда болуы керек. Сондықтан, анимацияға мейлінше көп грант бөлініп, елімізден білімді де білікті аниматорлар шықса, Ресей, Қытай, Америка елдерімен тәжірибе алмасып, жаңа реформа жасаса деген тілек бар. Осындай үлкен мәселелер оқу орындарынан бастап шешімін табар болса, қазақ анимациясының болашағының зор болары хақ.
– Аталмыш фильмдердің болашағы қалай болмақ? Жарыққа шыққан соң кинотеатрлар мен отандық арналарда көрсетіліп, фестивальдерде бақ сынайды ма?
– Алдымен көрсетілімге келетін болсақ, бұрынғы сұхбаттарымда да айтып жүргендей, қазақтың көрермендері отандық фильмдерді көруге көбірек құмартуы керек. Сондай-ақ, қоғам «анимация тек балалар қарайтын нәрсе» деген көзарастан арылуы керек. Бұл сондай үлкен еңбекті, шеберлікті, төзімді қажет ететін, маманның маманы отырып жасайтын нәрсе. Өйткені алпыс минуттық фильм жасау - сексен бес мың суретті талап етеді. Кей кезде образдары келмей, суреттерді қайталап салуға тура келеді. Дұрыстағаныңды қосқанда, бас аяғы жүз мыңнан асып кетеді. Алдымен суреттің толық емес нұсқасын құрастыру, актерлік қимылмен түрлі образдар шығару, оны тазалап қайта салу, бояу сынды майда жұмыстар – асқан шыдамдылықты керек етеді. Сондықтан мұндай еңбекті бағалау керек. Бұйыртса фильмдер аяқталған соң шет елдің жоғары деңгейдегі анимациялық фестивальдеріне жібереміз деген жоспар бар. Қазіргі таңда фильмнің дайындығына қарап, осында жұмыс жасап жатқан мамандар, эксперттік кеңес, барлығы жоғары баға беріп отыр. Ендігі мақсат - фильмді толыққанды аяқтау.
– Биыл аталып өтілетін Қазақ мультипликациясының 50 жылдығы қарсаңында қандай жоспар, жаңалықтар бар? «Қазақстан біздің ортақ шаңырағымыз» атты фильм топтамасы тектес жобалар жүзеге асады ма?
– Ол топтама Ассамблеяның 20 жылдығана орай тапсырыспен шыққан болатын. Онда түрлі ертегілерден тоғыз серия жасалды. Қазіргі таңда көгілдір экраннан көрсетіліп жүр. Ал, мултипликацияның мерейлі 50 жылдығына «Мұзбалақ» пен «Күлтегін» тарту болмақ. Осындай айтулы оқиға қарсаңында жұмысымыздың жеміс беруі біз үшін де үлкен мәртебе.
Ал алдымызда жоспарлар өте көп. Халқымыздың көне дастан-жырлары мен батырларымыз жайлы ертегілерді эфиге шығарсақ деген ойымыз бар. Осы аталған ойларымызға сәйкес, өнер ордаларынан да жүйелі түрде мамандар даярланса деген тілегіміз бар. Қазақфильм жобалары жыл сайын тоқтаусыз жүріп, керекті техникалар алынып, мықты мамандар ат салысар болса, қазақ анимациясы ешкімнен кем болмайды.
Елбасымыз 2008 жылы «Қазақ анимациясын жаңғырту керек» деп үндеу жасағаннан соң, жаңа техникалар алынып, бөлмелер жаңартылған болатын. Сондай-ақ, «Қазақфильм» АҚ сол кездегі президенті Ермек Аманшаевтың қолдауымен біраз жастарға мүмкіндіктер беріліп, бас-аяғы отыздай қысқаметрлі фильмдер түсірілді. Енді сол жұмыстарды жинақтап, шеттегі елді-мекендерге дейін насихаттап, қазақ анимациясы жайында мектептерге барып сабақ өтілсе деген жоспарлар болған. Алайда, бұл іс аяқсыз қалды.
– Осындай игі бастамалардың басында белсенді жастардың жүргені игі еді. Сондықтан, біз секілді студенттер арасынан волонтерлар керек сияқты. Бұған не дейсіз?
– Негізінде өзіміздің курстық, дипломдық жұмыстарымыздан жасалған жинақ бар. Ендігі кезекте өзге туындыларды жинақтап, қазақ анимациясының жарты ғасырлық ғұмырын жар салып жеткізердей диск-кітапша жарық көрсе деген тілегіміз бар. Бұл іске осы саладағы ынталы студенттер жұмылса, біз қолдан келген жәрдемімізді аямаймыз.
– Жақында көрерменге жол тартатын фильмнің сценарийіне, авторына тоқтала кетсеңіз?
– "Мұзбалақтың" негізгі сценарий авторы – Ербол Бораншы болатын. Ол нұсқа авторлыққа бір табан жақын болғандықтан, эксперттік кеңес өзгеріс енгізуді талап етті. Балаларға жақын болғандықтан, экшн жанрында болсын деген ұсыныс білдірді. Сонан соң Ербол Бораншы, Адай Әбілдинов, Тұрдыбек Майдан төртеуміз сценарий жүйесін бірге жасадық. Одан соң диалогтарын жазып, кемшіл тұстарын түзеп, фильмді бекіттік. Бас кейіпкердің көп сөйлегені көңілімізден шықпай, біраз сөздерін қысқартылып, режиссерлік шешіммен фильм біршама өзгеріске ұшырады.
Ал қазір фильм өндірістік кезеңге өтіп, анимацияның жартысын аяқтап қалдық. Әзірге баршамыздың көңілімізден шығып тұр. Әрине, бағасын беретін төреші – көрермен деп білеміз.
Сұхбаттасқандар:
Т.Жүргенов атындағы
Қазақ Ұлттық өнер академиясының
2-курс студенттері
Битай Айғана, Есенгелді Айжан