587
Қазақтың бүркітші қызы туралы фильм моңғол жұртшылығына таныстырылды
Қазақтың бүркітші қызы туралы фильм моңғол жұртшылығына таныстырылды
Қазақтың саятшылық өнерін әлемге танытуға өз үлесін қосқан Моңғолиядағы қандасымыз Айшолпан Нұрғайыпқызының қызықты өмірі жайлы "The Eagle Huntress" деректі фильмінің моңғол елінің астанасы Ұланбатырда ресми таныстырылымы болды. Бұл туралы ulgiinews.mn сайтына сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады.
Бүркітші қыз туралы фильм әлемдік деңгейде құрметке бөленіп үлгерсе де еліміздің азаматтарына тамашалаудың сәті енді түсті. Бүркітші қыздың ертегідей өмірінен сыр шертетін аталмыш туындыны еліміз көрермендеріне ұсыну үшін ресми рұқсатты МҰХ мүшесі Л.Болд басқаратын "Жаңа Моңғол бастамасы" бейресми ұйымы іске асырған.
Фильмнің Ұланбатырдағы бұл ашылу салтанатына Айшолпанның әкесі Нұрғайып, сондай-ақ "Бүркітші қыз" киносын жарыққа шығаруға айтарлықтай үлес қосқан Мәдениет, спорт, туризм министрлігінің экс-басшысы Ц.Оюунгэрэл қатысты.
Шараға қатысушы МҰХ мүшесі Л.Болд: "Елімізді ғаламға жарнамалаушы "Бүркітші қыз" фильмі әр моңғол азаматы тамсанып тамашалайтын фильмдердің бірі болмақ", - дейді.
Ал моңғол елінің бұрынғы Мәдениет, спорт, туризим министрі: «Сіздер мен біздер фильмді көруге қол жеткізіп отырмыз. Бұл фильм ғаламды тамсантып, ондаған кино фестивальдеріне қатысып, марапаталды. Бүркітші қыз Айшолпан да еңбегінің жемісін көріп, кинодан түсетін табыстан өз үлесін алмақ. Тіптен ол кейінде осы тақырып аясында жасалатын мультфильмдер мен баспа арқылы шығатын әрбір туындыдан үлес алып отырады», - деген жағымды жаңалығын фильм көрермендерімен бөлісті.
Қызын жас күнінен ұлттық өнерімізге тәрбиелеп, талаптанған жасөспірімді мақсатына жеткізген бүркітші қыздың әкесі - Нұрғайып бала тәрбиесінде бастапқы қадамның маңызды болатынын айтты. «Әр баланың арманы болады. Ал соған жету үшін бастапқы қадам маңызды болмақ. Мен бүлдіршінімнің арманына құлақ асып, оған жететін алғашқы қадамына қолдау көрсеткен әкемін. Баланың арманына құлақ асып, талабын ұштап, яғни «бетінен қақпай, белін буса» қандай таңғажайып жетістікке жететінін қызым арқылы көз жеткізіп, кеудемді шаттық кернеуде. Әр ата-анаға балаларыңыздың арманына мән беріңіздер деп айтқым келеді", - деді фильмнің ашылу рәсімінде Айшолпанның әкесі Нұрғайып.
Қайсар қазақ қызының қағылездігі мен сүйкімді қылықтары, сондай-ақ таңғажайып дала табиғаты бейнеленген деректі кино моңғолиялық көрерменнің көңілінен шықты.