Бақытты отбасы – ел берекесі

Бақытты отбасы – ел берекесі

Бақытты отбасы – ел берекесі
ашық дереккөзі
405
«Отбасын қолдау апталығы» республикалық акциясы шеңберінде, сондай-ақ «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» партиялық жобасын іске асыру аясында Қостанай қалалық мәслихатының депутаты, №8 орта мектебінің директорының орынбасары Бәтима Әбдірахманова көпбалалы Баяхметовтар отбасымен кездесті. Салтанат Баяхметова бес баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Баласының ең үлкені 16 жаста болса, кішісі енді 10 айға толған. Отбасы асыраушысынан айрылған азаматша балаларына үкімет тарапынан төленетін 45 мың теңге жәрдемақыға күн көріп отыр екен. Көпбалалы отбасы қалалық әкімдік 2007 жылы берген баспанада тұрып жатыр. Салтанат Баяхметованың айтуынша, 1 бөлмелі пәтер 6 адамға тар, сонымен қатар онда жөндеу жасалмаған, жылу өткізілмеген. Жалғызбасты ананың басты мәселесі мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу. Белгілі болғандай азаматша 2004 жылдан бастап үй кезегінде тұр. Қалалық мәслихат депутаты Бәтима Әбдірахманова көпбалалы ананы тыңдап, «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» партиялық жобасы, мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында әлеуметтік осал топтарға, оның ішінде көпбалалы отбасыларына қандай көмек көрсетілетіні туралы айтып берді. – Бірінші кезекте, сізге жұмысқа орналасу мәселесін ойластыру қажет. Партия тарапынан жұмысқа орналастыру бойынша түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Мамандықтар бойынша қайта даярлау курстарына орналасуға көмектеседі. Сіздің мәселеңізді бақылауға аламыз, – деді депутат. Көпбалалы отбасы партия филиалының бақылауына алынды және Салтанат Баяхметова қала әкімінің қабылдауына жазылатын болды. Қала тұрғыны бұл қабылдау отбасының тұрғын үй мәселесінің шешілуіне ықпал етеді деп үміттенеді. Алматы облысында да «Отбасын қолдау апталығы» аясында игілікті істер атқарылуда. Облыстың барлық аудандық, қалалық партия филиалдарында тақырыптық кездесулер ұйымдастырылды. Шараға «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, көпбалалы және жас отбасылары қатысты. Кездесуге келгендер отбасылық құндылықтар туралы өзара пікір алмасып, көп жылдық неке құпияларымен бөлісті. Еркін тақырыпта әңгіме өрбітіп, жалпы бүгінгі замандағы отбасының адам өміріндегі орны туралы көп ой қозғалды. – Қоғамның дамуында отбасының рөлі ерекше. Өйткені отбасы – мемлекет тұрақтылығының негізі, қоғамның құрамдас бөлігі. Еліміздің мақтанышы болар бала тәрбиелеп, төрт құбыласы түгел, шаңырағы биік, іргесі берік көпбалалы отбасының беделін нығайтуға тиіспіз. Жастар арасында отбасының мәртебесі мен қажеттілігі жайында жиі айтып, жас отбасыларына қолдау танытуымыз керек. Осы орайда мұндай игі шаралардың көмегі зор, – дейді «Нұр Отан» партиясының Қапшағай қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Нұрқадыров. Бүгінде жас отбасылар арасында ажырасу саны күрт көбейген. Алматы облысының өзінде 2016 жылы 15 мың жас отбасы құрылса, оның 5 мыңнан астамы ажырасып кеткен. Сондықтан, партия тарапынан отбасы құндылықтарын насихаттауға баса көңіл бөлінген. Ұйымдастырушылар осы бағытта партия түрлі іс-шаралар жоспарын құрып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде екенін атап өтті.  

Серіктес жаңалықтары