1165
Асанәлі Әшімов "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын алды
Асанәлі Әшімов "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын алды
Елбасы аты аңызға айналған актер, театр және кино режиссері Асанәлі Әшімовке "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын берді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі твиттердегі парақшасында хабарлады.
Даңқты актер биыл 80 жасқа толып отыр. Ол 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылма ауылында дүниеге келеген."Қазақфильм"киностудиясының және М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, режиссер, Қазақстанның халық әртісі (1976), КСРО халық әртісі (1980).
Актердің театрдағы тұңғыш рөлі М. Әуезов пен Л. Соболевтің "Абай" спектакліндегі — Айдар рөлі. Содан кейін Кебек, Шуақ (Әуезовтің "Еңлік — Кебегі" мен "Қарақыпшақ Қобыландысында"), Қозы, Қодар (Ғ. Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш-Баян сұлуында") Сәнжан (Ә. Таразидің "Күлмейтін комедиясында"), Еламан (Ә. Нұрпейісовтың "Қан мен терінде", КСРО мемлекеттік сыйлығы, 1974), Дон Жуан (М. Фриштің "Дон Жуанның думанында") сияқты әр замандағы, әр түрлі қоғамдағы әр қилы мінезді бейнелерді сомдады. Бұлардың бәрі махаббат пен терең сезімнің жымдасуынан туған тосын образдар ретінде қазақ сахна өнерінің тарихында қалды. Әшімов — қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің бірі болып есептеледі.
Оның кинодағы Бекежан ("Қыз Жібек", 1971), Шадияров ("Атаманның ақыры", 1971), Мәмбет ("Сарқырама", 1973), Қасымханов ("Транссібір экспресі", 1977, бүкілодақтық 11-кинофестивальдің жүлдесі) рөлдері нағыз актерлік шеберліктің үлгісі іспетті.