271
Дизайнерлердің жұмысын ұнатпаған Сапарбаев оларды оқытатын мектеп ашпақшы
Дизайнерлердің жұмысын ұнатпаған Сапарбаев оларды оқытатын мектеп ашпақшы
Ақтөбеде дизайнерлер мектебі ашылуы мүмкін. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев бұл жөнінде «Әсем» лагерінің жұмысымен танысуға барғанда мәлімдеді, деп хабарлайды «Тілші» порталы.
Әкімнің пікірінше, соңғы уақытта дизайнерлер ұсынған жобалардың басым бөлігі сын көтермейді. «Бізде дизайнерлер артық ойланғысы келмейді. Ескі үлгімен жасай салады. Егер дизайнерлер мектебі ашылса, оқушыларын шетелге шығарып, қосымша білім алуға ықпал етуге болар еді. Көршілес Орынбор облысында мұндай мектеп бар. Олар өз сәулетшілерін әзірлейді. Тіпті, шет мемлекеттерге оқуға жіберіп жүр», — деді Сапарбаев.
Осы уақытқа дейін ондаған нысанның үлгісін көріп шыққан Бердібек Сапарбаев сәулетшілер мен дизайнерлердің жұмысына көңілі толмайтынын білдіріп жүретін. Қала және облыс аумағында енді салынатын көптеген нысанның келбетін өзгерту жөнінде ұсыныс айтып, сәулетшілерін сынға алып жүрді.
Сапарбаев облыстық және қалалық әкімдіктегі құрылыс жұмыстарына жауапты қызметкерлеріне де талай ұрысқан болатын. Алайда, шенеуніктер де одан нәтиже шығаруға асығар емес.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Қарғалы ауданына іссапармен барған Бердібек Сапарбаев ондағы бой көтеріп жатқан ауыл клубын «мал қораға» теңеді.