224
Астанада оралмандар мен ажырасқан азаматтар пәтер кезегінен шығарылуы мүмкін
Астанада оралмандар мен ажырасқан азаматтар пәтер кезегінен шығарылуы мүмкін
Астанада кезек бойынша баспаналы алу бұрынғыдан бетер қиындай түсуі мүмкін. Елордалық шенеуніктер кезекті қысқарту үшін талапты күшейту шараларын қарастырып жатыр. Енді ажырасқан, оралман, әскери ретінде әлдеқашан кезекке тұрғандар тізімнен шығарылмақ. Тұрғын үй басқармасы толық емес отбасы туралы түсінікті түбегейлі өзгерту керек дейді. Бұл туралы «КТК» телеарнасы хабарлады.
Исатай Оралдан Астанаға арман қуып осыдан 6 жыл бұрын келді. Үлкен қалада үй-күйсіз жүргенде, жігітті екі баласымен әйелі тастап кеткен. Қиындыққа мойымаған әке көлік жуумен жан бағып, жетектегі балаларымен қазір жұмысының жалғыз ауыз бөлмесінде тұрып жатыр. Тас еденнен сыз өткен балалары жиі ауырады.
Исатай Таумашев, жалғыз басты әке:
– Тұмауратып қаламыз жиі, жөтелеміз. Пәтерден шығып кеткелі бері ауруханадан да тізімнен алып тастады. Өзім де аурушаңмын. Балаларымның болашағы алаңдатады. Баспана болса жақсы болар еді.
Исатай Астана баспана кезегінде тұр. Алайда жалғызбасты әкеге кезек келуі екіталай. Себебі ерлі-зайыптылардың бірі марқұм болмай, ажырасқандар толық емес отбасына жатқызылмақшы. Әкімдік соңғы жылдары аталған санат бойынша үй алғандардың арасында шаршы метрлер үшін қулыққа барып, өтірік ажырасқандар көп дейді. Сондықтан, Тұрғын үй басқармасы ажырасқандардың себебін сұрап жұмысын көбейтпес үшін, оларды тізімнен біржола шығарып тастауды ойластырса керек.
Эльвира Жүргенбаева, Астана қаласы әкімдігінің ресми өкілі:
– Бірақ бұл дегеніңіз бұндай азаматтарды бірден тізімнен шығарады деген сөз емес. Қандай проблема бар екені ғана айтылды. Осы санаттағы азаматтарды тізімнен шығару үшін арнайы заң керек. Ал дәл қазір қазіргі таңда әкімшілікте ондай заң қарастырылып отырған жоқ.
Мәслихат отырысында айтылған «озық идеялардың» арасында, жалпы тізімнен әскерилер мен оралмандарды алып тастау ойы да бар. Ал қоғам белсенділері баспана үлестірудің бұндай тәсілін көзбояушылық дейді.
Мұхтар Тайжан, Болатхан Тайжан қорының президенті:
– Бәрібір кезекте тұрғандар көп болады. Ажырасқан адамдарға да баспана керек, оралмандарға да баспана керек. Мұндай шаралар меніңше жасанды.
Қазір Астанада мемлекеттің арзан баспанасынан үмітті 45516 азамат кезек күтіп тұр. Ұсыныс ішінде, оларға бас қалада үзбей үш жыл тұру міндетті талабының мерзімін тағы екі жылға ұзарту бар. Осыған қарағанда, Елордада үйлі болу арманға айналатын сияқты. Алайда шенеуніктер осы арқылы кезек күткендердің санын азайтамыз деп отыр.