Асанәлі Әшімов: Бұл атақты аванс деп есептеймін

Асанәлі Әшімов: Бұл атақты аванс деп есептеймін

Асанәлі Әшімов: Бұл атақты аванс деп есептеймін
ашық дереккөзі
487
Аты аңызға айналған актер, даңқты режиссер, қазақ өнерінің абызы, қазақтың киесі – театр атты шаңырақтың ақсақалы Асанәлі Әшімов биыл 80-нің сеңгіріне шықты. Өнер майталманын осынау мерейлі жасымен құттықтау үшін Ақордаға қонақ еткен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев оған «Қазақстанның Еңбек ері» мәртебелі атағын табыстады. Салтанатты қабылдауда Мемлекет басшысы Асанәлі Әшімовті мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, шығармашылық табыс тіледі. Ашық-жарқын әңгіме үстінде Президент 12 мамыр күні Алматыда, М.Әуезов театрында мерейтой иесінің құрметіне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шараның жоғары деңгейде өткенін атап өтті. – Әріптестеріңіз және зиялы қауым өкілдері Сіздің қызметіңізге жоғары баға берді. Біз 40 жылдан астам уақыттан бері таныспыз. Содан бері, әсіресе ел тәуелсіздігі қалыптасқан күрделі жылдарда әрдайым қолдауыңызды сезініп келемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елімізді елеулі жетістіктерге жетелеген жүйрік уақыт ішіндегі ең басты табысымыз –  Тәуелсіздік екенін айтқан Елбасы: – Мен замандастарыма ризамын. Олардың арасында көптеген зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен жазушылар бар. Біз көп қиындықтарды бастан өткердік. Алдымызда халықты басқаша өмір сүруге үйрету міндеті тұрды. Көпшілігі бізді, елімізді қолдады. Солардың арасында Сіз алдыңғы қатарда тұрсыз, – деп Асанәлі Әшімовтің елдің рухани дамуына сіңірген еңбегін жоғары бағалады. Мемлекет басшысы А.Әшімовтің шығармашылық қызметі Кеңестер Одағы дәуірінде де лайықты бағаланғанына тоқталды. – Сіз КСРО-ның, Қазақстанның халық әртісі болдыңыз, ең жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталдыңыз. Кино әлеміндегі Асанәлі Әшімовтің есімін күллі Қазақстан мақтан тұтады. Сіз Қазақстандағы сан-салалы шығармашылық өнердің саңлағы атандыңыз. Сондықтан елге керек қадірлі тұлға болып отырсыз, – деді Қазақстан Президенті. Асанәлі Әшімовтің театр мен кинодағы қазіргі табысты қызметін атап өтіп, жеке өзінің және мемлекет атынан алғыс білдірген Елбасы актерге «Алтын жұлдыз» белгісін салтанатты түрде табыстады. – Мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан үлесіңізді, еліміздің әлеуметтік-гуманитарлық дамуы жолындағы орасан зор жетістіктеріңізді, белсенді қоғамдық қызметіңізді, сондай-ақ халқымыздың тілегін ескеріп, мен Сізге Қазақстанның Еңбек Ері атағын беру жөнінде шешім қабылдадым. Соған орай «Алтын жұлдыз» белгісін табыс етемін, – деді Қазақстан Президенті. Өз кезегінде театр тарланы Мемлекет басшысының ел үшін атқарып жүрген қызметін қолдайтынын және оны мақтан тұтатынын атап өтті. – Біз гастрольмен және кино түсіру мақсатымен түрлі елдерге барамыз. Барлығы біздің елдің өзіңіздей Президенті бар екеніне тәнті болып, есіміңізді құрметпен атап жатады. Бүгін иеленген атақты аванс деп есептеймін. Біздің жұмысымыз өзгеге үлгі болуға тиіс. Біз Сіздің «Тек алға!» деген ұстанымыңызға сүйенеміз. Сіз жүргізіп отырған саясатты толық мақұлдаймыз және қолдауыңыз үшін алғыс айтамыз, – деді Асанәлі Әшімов.   Сәбит Оразбаев, Қазақстанның халық әртісі:

Барлық әріптестері үшін зор мәртебе

– Көп кешікпей көктем де келіп қалар, Есінетіп, есіртіп, ерікті алар. Азан-қазан аспанның қоңырауы, Жақсылықтан тұрса игі беріп хабар, – деп Мұқағали жырлағандай, көктем – жақсылыққа,  игі жаңалыққа толы мезгіл. Сондай қуанышты хабардың бірі – менің досым, оқуға бірге түсіп, өнер жолын бірге бастаған, талай жылдан бері қатар қызмет етіп келе жатқан үзеңгілесім Асанәлі Әшімовтің 80-ге толған мерейлі жасында еңбегі жанып «Қазақстанның Еңбек ері» атағына ие болуы. Мұндай мәртебелі атақты Кеңес өкіметінің уақытында театрдың негізін қалаушылардың бірі, даңқты актер Серке Қожамқұлов бабамыз алған. Одан кейін біздің замандасымыз, театрдың алтын ғасыры деп аталып кеткен ғажайып кезеңде бас режиссерлік етіп, қазақ өнерін  жоғары деңгейге көтерген қайраткер Әзірбайжан Мәмбетов алды. Сол Мәмбетовпен бірге талай спектакльді сахналаған атақты актер, режиссер, М.Әуезов театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов те 80 жасқа келгенде осынау құрметті марапатқа ие болып отыр. Бұл оның өзі үшін ғана емес, ұйымшыл ұжымы, өнер дейтін қазанда бірге қайнап жүрген барлық әріптестері, ізбасарлары үшін де үлкен қуаныш, зор мәртебе. Бұрын мұндай атақтардың тапсырылуы  салтанатты жағдайда өте бермейтін. Қазір мәдениетіміздің өскені, ақпарат құралдарының, технологияның қарыштап дамығанының арқасында Асанәлінің Ақордаға қалай кіріп, қалай шыққанын, Елбасының оны қалай қарсы алғанын, мәртебелі атақты қалай табыстағанын теледидар арқылы күллі ел көрді. Көріп отырып қуандық, мақтандық. Алғашқылардың бірі болып телефон соғып, құттықтадық. Оның 60 жылдан астам уақыт қазақтың театр және кино өнеріне сіңірген үлесі өлшеусіз.  Қайталанбас образдары, өміршең картиналары, тәрбиелеп өсірген дарынды шәкірттері қаншама. Сондықтан ол бұл атаққа әбден лайық. Құдай қуат берсе, әлі де қазақтың киелі сахнасына қызмет ете береді деп ойлаймын. Зор денсаулық, отбасына амандық тілеймін. Үміт артқан шәкірттері биік белестерден көрініп, ұстаздарының жақсы атын шығара берсін!   Есмұхан Обаев, Қазақстанның халық әртісі:

Асанәлі Әшімов – профессионалды қазақ театрының туы!

     – Бұл – күллі қазақ театрының, көрермендердің қуанышы. Қазақстанның нөмірі бірінші актері, М.Әуезов театрының ақсақалы, қазақ өнерінің абызы Асанәлі Әшімов Қазақстанның еңбек ері атағын алды. Бұл қоғам өмірінің әр саласына елеулі еңбегі сіңген азаматтарға берілетін республикамыздағы ең мәртебелі, ең жоғарғы атақ. Театр мен киноның дамуы жолында жанкешті еңбек етіп, ұлттық өнердің тасын өрге сүйреген актер атақ-марапатқа кенде емес. Өзгенің жолын кесіп көрмеген, кеуде керу, бақталасу дегенді білмейтін өнер майталманына елінің сүйіспеншілігі, көрерменінің құрмет-қошеметі де ерек. Оның барлығына қажырлы еңбектің, Алла берген талантының арқасында қол жеткізді. Бүгінде ол М.Әуезов театрының көркемдік жетекшісі, жастарға бағыт-бағдар беру, театрдың репертуарын тұшымды дүниелермен толтыру жолында қызмет етіп жүр. Оның үстіне, Қазақстан театрларқауымдастығын басқарады. Мұның бәрі  – үлкен жауапкершілік, ауыр жүк. Оны көтеру үшін күш-қуат керек. Өнер майталманының денсаулығы мықты болсын дейміз. Асанәлі Әшімов – профессионалды қазақ театрының туы! Туымыз желбірей берсін!      

Серіктес жаңалықтары