526
Қазақ ата кәсібіне орала ма?
Қазақ ата кәсібіне орала ма?
Ежелден мал шаруашылығын кәсіп еткен қазақтың қорасы қарадан, қазаны еттен босаған емес. Қызыл тістемесе ас ішкен құрлы болмайтын халқымыз «ет дегенде бет бар ма» дейді әзіл-шынын араластыра. Десе де, соңғы уақытта ел тұрғындарының ет тұтыну көрсеткіші айтарлықтай кеміген. 2015 жылы Қазақстанда жан басына шаққанда 58,6 келі ет желінсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 53,8 келіге дейін азайған. Мамандар мұны 2016 жылы ет бағасының күрт қымбаттауымен түсіндіреді. Жуырда еліміздің 9 облысынан Қытайға жылқы, сиыр еті тонналап жөнелтіле бастайды. Яғни ет құны тағы да көтеріледі деген сөз. Бұған нәсібін осы кәсіптен тауып отырған шаруалар қуанғанымен, етті базардан келілеп сатып алатын қарапайым тұтынушылардың уайымы күшейді.
Алматы қалалық статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың сәуір айында ет және ет өнімдері 2,2 пайызға қымбаттады. Атап айтқанда, қой еті – 6,4 пайызға, сиыр еті – 3,6 пайызға, жылқы еті – 1,5 пайызға өсті.
Ет бағасының қымбаттауы өзге қалалар үшін де таныс жағдай. Бұрын еліміздегі ет құны ең арзан шаһар Талдықорған болса, қазір қымбатшылық ондағы жұрттың да қалтасын жұқартты. Өткен жылдың күзінен ақырындап 1 келі-сі 150-200 теңгеге өскен ет, көктемде шарықтап 1600 теңгеге бірақ жетті, яғни шамамен 25 пайызға қымбаттады. Бұл – сиыр мен қой етінің бағасы. Ал нарықта жылқы еті бұрыннан қымбат. Сондықтан қазақ оны күнделікті тұтына бермейді, мереке күндері, той-томалақта сыйлы қонағының алдына ғана қояды.
Ақтөбеде де ең өтімді сиыр еті 400-500 теңгеге дейін қымбаттаған. Қымбатшылық Қарағандыны да айналып өткен жоқ. Мұнда 400 теңгеге өскен сиыр еті 2000 теңгеден сатылуда. Ал жылқы етінің бір келісі – 2,5 мың теңге. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі бойынша елімізде көш бастап тұрған Оңтүстік Қазақстан облысында да ет өнімдерінің құны өскен. Қой, сиыр, жылқы етінің келісі 200 теңгеге көтерілген. Баға өскелі Шымкент базарларында ет іздегендердің қарасы сейілген көрінеді.
Ет бағасы Астанада да аспандап тұр. Өзге өңірлермен салыстырғанда мұнда сиыр еті бұрыннан айтарлықтай қымбат болатын. Өткен жылы 1400-1500 теңгеден сатылған ірі қара етінің бағасы қазір 2 мыңнан асып кеткен. Ал павлодарлықтар бүгінде сиыр етінің бір келісін 1500-1600, жылқы етінің келісін 2500-2700 теңгеге сатып алады. Яғни, еттің бағасы өткен жылғыдан 300-400 теңгеге қымбаттаған. Елдің қалтасы мұндай салмақты көтере бермейтіндіктен, кейбірі ас мәзірінен ет қосылған тағамдарды азайтса, енді бірі қоғамдық орындарда тамақтанудан бас тартуда. Себебі жағдайды пайдаланған асхана иелері түскі, кешкі астың құнын шарықтатып жіберген. Мысалы, бұған дейін мантының бір данасы 90-120 теңге аралығында болса, бүгінде 110-140 теңгеге дейін қымбаттаған. Ет қосылған өзге тағамдарда да осындай айырмашылық байқалады.
Ауылдағы ағайын мұның себебін жем-шөптің қымбаттығымен түсіндіреді. «Шыны керек, ауыл тұрғындарының барлығының дерлік етті базарға апарып, сатуға мүмкіндігі жоқ. Ол үшін тиісті құжаттар қажет екені белгілі. Сол себепті сатып алушылар ұсынған бағаға келісеміз. Жаңа жыл қарсаңында сиыр етінің бір келісін 900-950 теңгеден тапсырсақ, ақпан айынан бері 1100-1200 теңгеден өткізіп жүрміз. Өткен жылы шөп аз шығып, оны қымбатқа сатып алдық. Шаруалардың көбінің қорасында мал азығы ерте таусылып қалғандықтан, қайтадан қымбат бағаға сатып алуға тура келді. Ет құнының өсуінің бір себебі осы, – дейді Павлодар облысы Ақтоғай ауданының тұрғыны Төлеген Адамов.
Ал делдалдардың уәжі басқа. Талдықорғандық саудагерлердің айтуынша, ет құнының қымбаттауына экспорттың ұлғаюы себеп. «Елімізде ет азая бастады. Себебі сыртқа көп жіберіле бастады. Мысалы, Ресейге, Қытайға. Тіпті АҚШ-та Қазақстаннан келген ет өнімдеріне әуес деп естідік. Экологиялық таза өнім деп бағалайды екен біздің етті. Шетел тұрмақ, мына тұрған Алматының өзі етті Талдықорғаннан алып кетіп жатыр. Бізде Алматының төңірегіндегі ауылдардан гөрі еттің көтерме бағасы арзанырақ. Сондықтан алматылық алыпсатарлар біздің етті көтеріп алып кетеді. ЭКСПО-ға келетін туристер үшін де Талдықорғанның еті тонналап тасымалданбақ. Өйткені бізге келетін фермерлердің ет өнімдері сапасы жөнінен өзге өңірлерден көш ілгері. Бұл облыс шаруалары үшін тиімді-ақ. Алайда ет азайған сайын ішкі баға көтеріле береді», – дейді Құралай Амангелдиева есімді саудагер.
Мақсат – қытайлық нарыққа 50 мың тонна ет шығару
Ет бағасының шарықтауы қазіргі деңгеймен тоқтап қалмайтын сияқты. Мамандардың болжамынша, сиыр етінің бір келісі базарда жеті доллардан, яғни 2300 теңгеден сатылуы мүмкін. Өйткені Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің 9 облысынан Қытайға сиыр етін жіберуге сақадай сай отыр. Мақсат – қытайлық нарыққа 50 мың тонна ет өнімдерін шығару. Ведомствоның мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау бағытында атқарған шаруалары жөнінде өткен аптада Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов есеп берді. Ол тоңазытылған сиыр етін Қытайға жіберуге кедергілердің жойылғанын жеткізді. Яғни, еліміздің 9 облысынан мал шаруашылығы өнімдеріне аусылға қатысты шектеу алынды. Ал әзірге Қызылорда, Оңтүстік пен Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары бұл тізімге енгізілмей отыр. Себебі онда алдыңғы жылдары мал ауруы көп тіркелгендіктен, вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Халықаралық эпизоотиялық бюро аталмыш өңірлерде қолданылатын шараларға тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы 2017 жылғы 25 мамырда Парижде ХЭБ Бас Ассамблеясының отырысында қаралады. Егер халықаралық эпизоотиялық бюро рұқсат берсе, еліміздің барлық аймақтары әлемдік нарыққа өз өнімдерін шығара алады. Ветеринарлық қауіпсіздікті күшейту арқылы сыртқы нарықта қазақстандық ет өнімдеріне сұраныстың артуына қол жеткізіп отырмыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі арнайы әзірленген Экспорт бойынша жол карталары шеңберінде импорттаушы елдер – ҚХР, Иран, Израиль, Сауд Арабиясы, БАӘ және Кувейт талаптарына сәйкес отандық регламенттер мен сертификаттарды үйлестіру мәселелерін реттеді. 2017 жылдың сәуірінде қытайлық сарапшылар ветеринарлық қызмет аудиті мен Қазақстан кәсіпорындарына тексеру жүргізді, соның нәтижесінде Қытайға асыл тұқымды жылқылар мен омарташылық өнімдерін экспорттауға рұқсат алынды. Жыл соңына дейін министрлік қытайлық нарыққа мұздатылған қой етін жеткізу бойынша талаптарды келісуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, салқындатылған қой етін экспорттау бойынша келіссөздер жалғасуда. Мұнымен қоса, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Қайрат Айтуғановтың айтуынша, Иранға қой еті мен тірі қойларды экспорттауға ветеринарлық талаптарды келісу шаралары аяқталуға жақын. Біріккен Араб Әмірліктерімен ірі және ұсақ қара мал, тауық жұмыртқасын экспорттау үшін ветеринарлық сертификаттар келісілген. Үкімет отырысында айтылған бұл жаңалықтарды БАҚ арқылы естіген саудагерлердің көңілі алаң. Қазірдің өзінде базарда малдың да, еттің де бағасы аспандап тұр. Ал экспортқа шығарсақ ішкі нарықта жетіспеушілік болып, ет шарықтап кетеді деп қауіптенеді. «Қытайлар еліміздің еті дәмді екенін білсе, бізден ет сұрайды да отырады. Сонда еттің құны шарықтау шегіне жетеді. Сонда біз өз тұтынушыларымызға қандай бағамен сатамыз? Халық қазіргі бағаның өзін қымбатсынып, сауда жасауды азайтты», – дейді алматылық кәсіпкер Сайлау Қожамқұлов.Мал бағу абыройсыз кәсіп пе?
Отандық ет өнімдеріне сырттан сұраныс артқанына саудагерлер қуана қоймағанымен, төрт түліктен нәсібін тауып отырған шаруа қожалықтарының келер күннен үміті еселене түсті. Дөңгелетіп отырған кәсібінің нәсібі көбейсе, қысы-жазы тыным көрмейтін бейнетті еңбегінің табысы көбейсе, шаруа қуанбағанда кім қуанады? Өсірген түлігін, одан алынатын өнімдерді еліміздің түкпір-түкпірінен, қала берді шетелден саудагерлер келіп келілеп емес, тонналап артып әкетіп жатса, мал баққанның ісіне қызығушылық та артар еді-ау. Екі қолға бір күрек, бір құрық ұстамай-ақ күректеп ақша тапқысы келетін жастардың ойы өзгерер ме еді, кім білсін?! Береке мен байлық Шопан ата, Зеңгі бабалардың ізін жалғағандардың шаңырағында екенін көрсе, қазақтың ата кәсібін менсінбеген, қой бағуды ар санаған, даланың дарқан жазығын қаланың қуықтай бөлмесінде айырбастап жібергендер қателескенін түсінер. Ет қымбаттаса, ел ет жемей қалады деп экспорттық мүмкіндіктерден бас тартатын болсақ, мал шаруашылығын дамытамыз, еліміздегі мал басын көбейтеміз деп жанталасу бекершілік. Асылы, стратегиялық таңдау жасағанда, ертеңін ойлайтын мемлекет көз жететін жердегі аласа асуларға емес, оның ар жағындағы биік белестерге бастайтын жолды таңдайды. Мал шаруашылығы өнімдеріне сұраныс артса, ішкі нарықта сең қозғалады. Бәсеке күшейеді, сапа артады. Тауар өндірушілер көбейеді. Тауар өндіруші деп нарық тілімен әдіптеп отырғанымыз – малшы. Қазір мал баққысы келетін жасты табам деу бос әурешілік. Өйткені ешкім таңның атысынан күннің батысына дейін дала кезіп, малдың соңында жүргісі келмейді. Кәсіптің бейнеті ауыр болғанымен, көптен көрер құрметі аз. Қой бағуға құлықтылар кеміп, мал бағымы қиындаған соң ірі қожалық иелері осы күні нәсіпті басқа саладан іздей бастағаны құпия емес. Сондай сәтте айнала қоршаған ауылда қолға құрық ұстар жан табылмағаны ма деп таңданасың. Бірақ шындығы сол. Жуырда өзінің шаруа қожалығын автоматтандырылған сүт сауу жүйесімен жабдықтаған кәсіпкер еңбекақысы 200 мың теңгелік жұмысқа маман таппағанын естідік. Яғни, заманауи шаруашылықта, басынан күн, табанынан сыз өтпейтін жайлы жерде жұмыс істеуге ешкім құлық танытпаған. Бұдан кейін ашық аспан астында мал бағу туралы сөз қозғамай-ақ қойсақ та болар. Сонда ата кәсібімізден жерігеніміз бе? Әрине, мал бағу оңай емес. Қыстың қысқа күнінде суару, жемшөбін беру, қоражайды тазалау сияқты таусылмас машақаты бар. Жазда ми қайнаған аптапта жайылымға жаясыз. Бірақ қай жұмыстың да қиындығы бар емес пе? Әлде, малшы болу абыройсыз кәсіпке айналды ма? Бір сауалдың соңынан туындаған он сауалдың жауабын бір мақаланың шеңберінен іздеген біздің әрекетіміз бос әурешілік болып көрінер, бәлкім. Мәселені жіпке тізе бергенмен, оның бәрі өздігімен шешіліп кетпесі анық. Жаманды айтып қара бұлтты төндіре бергенше, жақсыны көрсетіп, нәсібі молдың ісін көпке үлгі еткеніміз әлдеқайда пайдалырақ болар деген оймен мал шаруашылығының игілігін көріп отырған азаматтың бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданындағы ірі қара мал бордақылаумен айналысатын «Қайып ата» ЖШС-нің директоры Сырым Ертаевтың тәжірибесімен бөліскенді құп көрдік. «Оңтүстік Қазақстан» газетіне берген сұхбатында ол мал шаруашылығынан мол табыс табудың жолын айтып берді.Отыз бұқаң болса, 30 мың доллар қалтаңда!
Сырым Ертаев өз бизнесін осыдан он шақты жыл бұрын 4 серіктесімен бірігіп бастаған екен. Алғашқы қадамын олар 80 бұқадан бастапты. 80 бұқа бүгінде 5 мыңға жеткен. Соның арқасында ауылдың біраз азаматтары осында өзіне тұрақты жұмыс тапты. Қазығұрт ауданындағы Жаңабазар ауылында қазір мал бордақыламайтын отбасы аз. Өйткені бұл – өңірдегі ең несібелі кәсіптің бірі. Мысалы, бұқаның тірі салмағы 350 келіге жетсе, мемлекет сізге 20 мың теңге субсидия төлейді. Мал санын көбейтіп, өндірісті күшейте түсу мақсатында «Қайып ата» ЖШС жанынан «Ханшайым» атты ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Дәл осындай тағы 2 кооператив құрылмақшы. Серіктестік енді құрама жем шығаратын зауыт ашуды қолға алып жатқан жайы бар. – Үйде бағылатын қарапайым өгіздердің салмағын оларға жем-шөбін дұрыс берсе ғана 350 келіге жеткізуге болады. Ол кезде оның бағасы 350 мың теңгеден немесе мың доллардан кем тұрмайды. Отыз бұқа ұстасаңыз, 30 мың доллар қалтаңызда, – дейді С.Ертаев. Шымкент қаласының іргесіндегі Қайнарбұлақ ауылында ет комбинаты тұрғызылған. Шаруалар союға жарайтын малдарын осында әкеп етке өткізе алады. Ал ақшасын сол арада қолма-қол санап береді немесе арнайы есепшотына аударып жібереді. Ет комбинаты мен ауылдар арасында мал таситын арнайы көлік жүргізіледі. Шаруалар үйінде бордақылаған азын-аулақ малын осы көлікке тиеп жібере алады. – Қазір Шымкенттен арнайы орталық салғалы жатырмыз. Онда мал оқшауланып бағылады. Мұндай орталықта өндірілген еттің сапасы мен тазалығы барлық ветеринарлық талаптарға сай келетіндіктен, бұл өнімді Ресей былай тұрсын, Еуропа елдеріне экспорттауға мүмкіндік туады. Ал әзірге Өзбекстан, Иран секілді мемлекеттерге жөнелтуге мәжбүрміз. Біздің осы жобамызға 20 кәсіпкер қолдау білдіріп, инвестиция салуға дайын отыр, – дейді Сырым Ертаев. Серіктестік өткен жылы көрші өзбек ағайындарға біраз ет өткізсе, биыл ирандық кәсіпкерлер де Қазақстанның сапалы етіне қызығып, келісімшарт жасасуға өздері келіпті. Статистикаға сәйкес, 80 миллиондай халқы бар Иран елінің тұрғындары жылына 1 млн 300 мың тонна қой етін тұтынады екен. Бұдан бұрын оны Аустралия мен Грузиядан импорттаған Иран енді толықтай Қазақстан нарығына көшуді ұйғарып отыр. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан күніне 9 тонна қой, 20 тонна ірі қара мал етін сатып алғысы келеді. – Қазақстанда қазір 18 миллион қой, 6 миллион ірі қара бар. Ендеше, Иранға ет жөнелтуден қиындық көрмеуіміз керек. Ірі қараның біраз бөлігін еліміздің солтүстік, батыс өңірлерінен сатып алып келеміз. Әдетте, малды базарға сатарда алдымен бірнеше күндей күтіп-баптаймыз. Семіз мал бізде жақсы өтеді, ал ирандықтар далада жайылып өскен малдың еті дәмді әрі табиғи таза болатындықтан, өрісте жайылып жүрген қойларды арық болса да алғысы келеді екен. Олардың өз денсаулығына бейжай қарамайтыны бізді таңқалдырды, – дейді кәсіпкер. Сырым мырзаның сөзінің жаны бар. Отандық өнімге қызығушылық көбейген сайын еңбек етуге құлшыныс та арта түсуі тиіс. Қолы жыбырламағанның аузы жыбырламайтынын ұғатын кез келді.