545
Астана мешіттерінде күн сайын 1670 адамға ауызашар беріледі
Астана мешіттерінде күн сайын 1670 адамға ауызашар беріледі
27 мамырда басталатын қасиетті Рамазан айында Астананың барлық мешітінде ораза ұстаған жамағатқа күн сайын ауызашар беріледі, деп хабарлайды Sputniknews.kz.
"Қала мешіттерінің барлығында күнделікті бұқара халыққа, жамағатқа, қала қонақтарында алдын ала талон тарату арқылы тегін ауызашарлар беріледі. Сегіз мешітте шама-шарқына қарай ай бойы ауызашарлар ұйымдастырылады. Барлығы күнделікті 1670 адамға ауызашар беріледі. Мұның бәрі қайырымдылық шаралары, халқымыздың, еліміздің қолдауымен, көмегімен атқарылатын болады", — деді Рамазан айына дайындыққа арналған баспасөз мәслихатында Қазастан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бұдан бөлек, Қасиетті Қадір түнінде барлық мешітте 10 мыңнан астам адамға сәресі беріледі.
Сонымен қатар, наиб мүфтидің айтуынша, Рамазан айында мешіттерде Құран Кәрім намаз үстінде толық жатқа оқылатын болады.
"Ел ішінде хатым деп айтады, яғни қасиетті Құранды басынан аяғына дейін ай бойы бүкіл сегіз мешітте оқып шығады. Бұл тарауықты жүргізу үшін еліміздегі құранды жатқа білетін қариларымызды тарттық және шетелдік қарилер де биылғы жылы мешіттерімізде хатым оқуға қатысатын болады. Қазасқтан мұсылмандары діни басқармасы мен Түркия дін істері басқармасы арасында ынтымақтастық туралы келісім бар. Соның аясында Түркиядан бірнеше қари елімізге келеді. Бір қари Астана қаласындағы мешітте хатым оқиды", — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Астана қаласы бойынша ең ұзақ ораза 24 маусымға, яғни соңғы күнге келеді екен. Оның уақыты — 18 сағат 37 минут.
"Жалпы, шамамен орташа алатын болсақ, ораза барысында жамағат 18 сағат көлемінде ауыз бекітетін болады", — деді наиб мүфти.
Биылғы жылы пітір садақа мөлшері әр адамға 300 теңге көлемінде бекітіліп отыр. Пітір садақаны Рамазан айының басталуынан айт намазына дейін беруге болады.
"Пітір садақа мөлшері бидайдың бағасынан алынады. Шариғатта бидайдан жарты сақ, яғни 1 кг 625 грамм көлеміндегі бидайдың құнымен есептеледі. Пітір садақаны басқа да өнімдерден беруге болады, мысалы, құрма, мейіз, арпа. Бұл шариғатта бір сақ деп есептелген. Қазіргі өлшеммен алатын болсақ, 3 кг 25 грамды құрайды. Кебір адамдар пітір садақаны құрмамен немесе мейізбен беремін десе, өз еркінде", — деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.
Биыл Рамазан айының алғашқы күні 27 мамырға тура келіп отыр. Ораза биыл 29 күнге созылады. Қасиетті Қадыр түні маусымның 21-нен 22-не қараған түн. Ораза айт мерекелері – 25, 26, 27 маусым.