332
Мемлекет басшысы Мырзатай Жолдасбековті 80 жасымен құттықтады
Мемлекет басшысы Мырзатай Жолдасбековті 80 жасымен құттықтады
Елордадағы «Қазақстан» Орталық концерт залында мемлекет қайраткері, түрколог, профессор Мырзатай Жолдасбековтің 80 жылдығына арналған «Атанғаным Мырзатай - ел арқасы» атты мерейтойлық әдеби-музыкалық кеш өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараға қатысқан ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді. «Халқыңыз өзіңізді көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, беделді ғалым, ұлтжанды абыз ақсақалымыз ретінде жақсы біледі әрі қадірлейді. Сіз кезінде ҚазМУ-ді бітіргеннен кейін, көп жыл бойы осы білім ұясында жемісті еңбек еттіңіз. Қазақ әдебиетінің өзекті тақырыптары бойынша зерттеулер жүргізіп, бертін келе үлкен академик ғалым атандыңыз. Еңбектеріңіз жұртшылықтың рухани игілігіне айналды. Өмірлік соқпағыңыз сізді жоғары оқу орындарының ректоры, еліміздің Білім министрі, Қазақстанның Мемлекет кеңесшісі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Төтенше және өкілетті елші және басқа да аса жауапты қызметтік лауазымдарға алып келді. Сіз соның бәрінен де сенім үдесінен шығып, кемел біліміңіз бен бай тәжірибеңізді еліміздің Тәуелсіздігін нығайту ісіне арнай білдіңіз. Жүйрік қаламыңыз арқылы әрдайым еліміздегі саяси тұрақтылықтың нығаюына, халқымыздың береке-бірлігінің артуына дара публицистік үніңізді қосып келесіз. Денсаулығыңыз мықты, отбасыңыз аман-есен болып, осы еңбектеріңіздің жемісін ұзағынан көріп, балаларыңыз бен немерелеріңіздің мейір-шапағатына бөлене беріңіз!» - деп атап өтілген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Мырзатай Жолдасбекұлы 1937 жылы Қаратаудың қойнауында, Таластың бойында, Ақтөбе деген ауылда дүниеге келді. «Ел тағдыры - Ер тағдыры» кітабында М.Жолдасбеков өз өмірбаянын жіпке тізген моншақтай баяндайды. 1955 жылы ол Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Ғалымның жарқын жолы осыдан басталады. Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсенбай Кенжебаев, Мұхаметжан Қаратаев, Нығмет Сауранбаев, Зейнолла Қабдолов секілді ғұлама ғалымдардан дәріс алады. Ғалым мемлекеттік қызметте, ат үстінде жүрсе де қаламын қолынан бір күн тастаған емес. Ата тарихы, ертедегі әдебиет тарихы, жыраулар мұрасы, Жамбыл және Кененді зерттеуге арналған еңбектері қазақ әдебиеттану ғылымының алтын қазынасын құрайды.