1845
Гарри Поттер туралы кітаптар қазақ тіліне аударылуы мүмкін
Гарри Поттер туралы кітаптар қазақ тіліне аударылуы мүмкін
«Меломан» ЖШС бас директоры Вадим Голенко Джоан Роулингтің Гарри Поттер туралы кітаптарын қазақ тілінде шығаруға ниетті. Бұл туралы ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.
«Біз әлемдік студиялардың өнімдерін қазақ тіліне көбірек бейімдеуге ниеттіміз. Бұл ретте тек студиялардың ғана емес, сонымен қатар кітап баспаларының өнімдерін қазақшалауға мән берудеміз. Мысалы, Джоан Роулингтің жаңа кітабын қазақ тілінде басып шығаруды армандаймын. Егер де оның Гарри Поттер немесе басқа да жобалары бір мезгілде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып жатса, бұл өз кезегінде үлкен оқиға болады деп санаймын»,-деді В. Голенко.
Осы тұрғыда ол тиісті кітаптарды басқа тілдерде қайта басып шығаруға рұқсатты баспалардан сатып алынса, ал Гарри Поттер туралы серияларды басу құқықтарын тікелей Джоан Роулингтен алу керектігін түсіндірді. Бұл бағытта келіссөздердің өзіне ұзақ уақыт жұмсалатын көрінеді.
«Әрине, бұл мәселені Роулинг ханыммен талқыласақ, оның бізге сенуі үшін қызықтыра түсуіміз керек. Өздеріңіз білесіздер, оның кітаптары миллиондаған данамен басылып жатыр. Сондықтан да біз қандай да бір дәлелдерді келтіруіміз қажет. Осы орайда мүмкін «Болашақ» қауымдастығымен бірлесе отырып, Роулингке оның туындылары Ұла Даланың ең көне тілдерінің бірінде басылатынын түсіндірген жөн болар. Бұл ретте ол бізге сенім артып, өз рұқсатын беруі ықтимал»,-деп ойымен бөлісті «Меломан» басшысы.
Сонымен қатар ол қазіргі кезде компания бірқатар шетелдік авторлардың туындыларын қазақ тіліне аударуға келіссөздер жүргізіп жатқандығын айтты. «Бүгінде Францияда басылған авторлардың кітаптарын қазақ тілінде шығару үшін француздық баспамен келіссөздер жүргізудеміз. Осы рәсімдер айтарлықтай көп уақытты алатыны түсінікті»,-деді Вадим Голенко.