616
Азан үніне еліткен неміс жігіті ислам дінін қабылдап, намазға жығылды
Азан үніне еліткен неміс жігіті ислам дінін қабылдап, намазға жығылды
Неміс азаматы Александр Дымовтың мешіттен шыққан азанның үніне елітіп, ислам дініне бет бұрған. Есімін "Солих" деп өзгерткен жігіт NUR.KZ порталына берген сұхбатында мұсылман дінін қабылдағаннан кейін өмірі қалай өзгергенін айтып берді.
- Біз бұрын Қарағанды қаласында тұрдық. Бір күні түнімен қыдырып, қатты ұйықтап жатқам. Таңертең керемет дыбыстан оянып кеттім. Анама бұл не деп сұрадым, ешкім білмейді. Сол күні еш ұйықтай алмадым. Осыдан кейін өзіме не керек екенін білмей апта сайын шіркеуге барып, сыйынып көрдім. Бірақ жан дүниемде тыныштық болмады.
Екі жылдан соң ауылға көштік. Үйіміздің жанынан жаңадан мешіт ашылған еді. Ауданнан келген имам таңертең әдемілеп азан шақырды. Азанның әдемі үнінен тағы да оянып, өзімнің іздегенімді тапқандай болдым. Неге екенін білмеймін, күнде ерте оянып азанның даусын күтуді шығардым. Алланың маған берген аяны екенін түсініп, анама келіп ислам дінін қабылдаймын деп айттым. Алғашында, отбасым маған қарсы шықты. Барлығы "Сен күйзеліске түсіп жүрсің бе?", "Біреудің арбауына кіріп кеттің бе?" деп райымнан қайтаруға көп үгіттеді. Артынша менің исламға деген таза ниетімді түсініп, жақсы қабылдады - дейді Солих.
Намазды бір аптада толық үйрендім
Ислам дінін қабылдаймын деп әлгі көрші тұрған мешітке бардым. Имамның қуанғанын көрсеңіз. Ол маған мұсылман болудың жолдарын түсіндіріп, намаз оқуды үйретті. Бір аптада намазды толықтай үйреніп, сәждеге жығылдым. Алланың құдыреті, менің шын ниетімді көріп, сүрені жаттау, тілімді кәлимаға келтіру барлығын оңай болды. Артынша мешіт имамы менің жан досым болып кетті. Біз әлі күнге дейін туған бауырлардай араласамыз.
Отбасымызда мен ғана мұсылман
Менің үш бауырым және әке-шешем бар. Барлығы христиан дінінде. Отбасымызда мен ғана мұсылман. Бірақ біз бақытты, тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Орыс ұлтынан шыққан бойжеткенге үйлендім. Ол да мұсылман дінін қабылдап, қазір хиджап киеді. Атын Найля деп өзгертті. Ешкімнің бізде шаруасы жоқ. Керісінше отбасылық құндылығымыз арта түскен секілді.
Ислам дінін қабылдаған соң өмірім күрт өзгерді
Мұсылман болмай тұрып мен барлық жастар секілді ащы судан ұрттап, темекі тартып, бұзақылық жасадым. Қалай исламды қабылдадым, өмірім түбегейлі өзгерді. Керемет тұстарын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жолым ашылып, кәсібім өрге домалады. Өмірлік серігімді жолықтырдым, айта берсең барлығы бір ертегі секілді. Мен исламнан тек дінді ғана емес, өмірден бақытымды таптым десем болады.
Достарыммен бірге құран оқуды үйреніп жүрмін
Биыл жұбайым екеуміз ораза ұстаймыз. Қуана күтіп, дайындалып жүрміз. Мен үшін ислам - шегі жоқ ғылым. Әрбір сүрені, дұғаны оқып, терең ойланып жауабын іздей бергің келеді. Қазір Алматыдағы орталық мешітке барып құран оқуды үйреніп жүрмін. Қасиетті кітаптың әр әрпін оқыған сайын Алланың құдіреті мен мейірімінің шексіздігіне таң қалып, тәубеңе түсесің. Мұсылман болған күннен бастап өмірге қайта келдім десем болады. Жаңа достар таптым. Өзімді бақытты сезінемін. Олар тек мұсылман ғана емес, намазхан болды