346
Тұңғышбай Жаманқұлов сотта соңғы сөзін айтты
Тұңғышбай Жаманқұлов сотта соңғы сөзін айтты
Сот қудалауын тоқтауды сұраймын. «Феникс» фильміне қатысты өтіп жатқан сотта соңғы сөзін айтқан Тұңғышбай Жаманқұлов осылай деді. Фильмге бөлінген мемлекеттік қаражатты жымқырды және жымқыруға көмектесті деген айып тағылған түсірілім тобының өзгеде мүшелері де сотта соңғы сөздерін айтты. Бұл туралы Алматы телеарнасы хабарлады.
Істің басты фигуранттары - танымал актер және продюсер Тұңғышбай Жаманқұлов, фильм режиссері Талғат Жәнібеков, "Қазақфильмнің" экономика және қаржы бойынша атқарушы директоры Гауһар Ысқақова. "Жасаған іс-әрекетімде қылмыс құрамы болмағандықтан, маған қатысты сот қудалауын тоқтатуды сұраймын", - деді Тұңғышбай Жаманқұлов.
Ал "Феникс" фильмінің режиссері сотта айыбын мойындады. Гауһар Ысқақова өзі және өзге тұлғалар үшін пайда түсіру мақсатында қызметтік өкілеттігін пайдаланбағанын атап өтіп, "Рақымшылық" туралы бапқа сәйкес үкім шығаруды өтінді.
Режиссер Талғат Жәнібеков кішкентай балалары мен кәрі шешесінің барын айтып, жазаны жеңілдетуді сұрады. "Соттың маған рақымшылық жасауын қалар едім", - деді ол. Істің қалған фигурнаттары да соттан бас бостандықтарынан айырмауын өтінді. Атышулы іске қатысты үкім 30 мамыр күні шығады.