617
Жаңа оқу жылында алматылық 38 мектеп үш тілді білім беру жүйесіне кіріседі
Жаңа оқу жылында алматылық 38 мектеп үш тілді білім беру жүйесіне кіріседі
Алматы қаласы Білім басқармасы биылғы оқу жылы аяқталған уақытта үштілді білім беру бойынша жеткен жетістіктерімен бөлісті, деп хабарлайды sn.kz.
2019 жылғы оқу маусымынан бастап 10-11 сыныптар информатика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде меңгеретін болады. Ал толықтай көп тілді білім беру жүйесіне еліміз 2022 жылдан бастап ауысуды жоспарлап отыр. Алматы қаласы бойынша биыл 4 орта мектеп пен қазақ-түрік лицейлерінде 7-11 сыныптың 1113 оқушысы математика, физика, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыған.
Айта кетерлігі, ағылшын тілін үйрететін жаздық лагерьлер де ұйымдастырылыпты. Мәселен, 2016 жылы 5-6-сыныптардың 22462 оқушысы демалыс уақытында тіл үйрену курсына қатысқан. Еріктілер тобы да балалардың ағылшын тілін меңгеруіне белсене атсалысып келеді. Одан бөлек, 2016-2017 оқу жылында «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқып келген мамандар «Star Club» клубын ұйымдастырып, кездесулер мен дөңгелек үстелдерді, шеберлік сабақтарын ағылшын тілінде өткізген.
Қалалық Білім басқармасы берген мәліметке сәйкес, жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту әдістемесін үйрету үшін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы, «КАТЕV» қоғамдық қоры және Педагогикалық шеберлік орталығы бірігіп 188 мұғалімді арнайы курс бойынша оқытып жатыр.
«2019 жылдан бастап 10-11-сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқыту елбасының халыққа жолдауында да айтылды. Бұл – біздің алдымызда тұрған үлкен міндет. Сондықтан, физика, биология, химия, информатика пәндерінің оқытушыларына ағылшын тілі мен ағылшын тілінде оқыту әдістемесін үйрету күн тәртібіне қойылған. Бұл мұғалімдеріміздің көштен қалмай, заман ағымына ілесуіне көмектеседі» деп үштілді білім беру жүйесінің артықшылығын Білім басқармасындағылар атап өтті.
Енді 2017-2018 жаңа оқу жылында жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндерді үш тілде оқыту жүйесі қаланың тағы да 38 мектебінде енгізілетін болады.