Алматы жұртшылығы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Алматы жұртшылығы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Алматы жұртшылығы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды
ашық дереккөзі
445
Ұлтымызға үлкен қасірет әкелген саяси қуғын-сүргіннен  миллиондаған адам жазықсыз жапа шекті.  Алматыда талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шаралары жыл сайын ұйымдастырылады. Соның бірі- Бостандық ауданы әкімшілігінің ұйымдастыруымен Алаш ардақтысы Ораз Жандосовтың ескерткішінің алдында өтті, деп хабарлайды Алматы телеарнасы Жазықсыз жапа шеккендердің қатарында мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосов та бар. Көптеген ірі қызметтерді атқарып, қай жақта жүрсе де, қазақтың мұңын мұқтап, жоғын жоқтаған азаматтың есімі қазір көп айтыла бермейді. Ораз Жандосов, Нығмет Нұрмақов, Сұлтан Қожановтар сияқты сол кезде нағыз саясатпен араласқандар қазір шет қалып, ұмытылып бара жатқандай. «Әкем жастайынан ауқымды істерге араласқан, жетекшілік қызметтерді атқарды. 1932-1933 жылдың қысында Сарысу өзені бойындағы ел аштықтан қырылғанда Ораз Қиқымұлы оларды көшіріп, Жамбыл облысындағы Байқадам ауылына жеткізуді ұйымдастырып, ажалдан арашалаған. Бұл үлкен іс. Қазіргі жастар соның бәрін біле бермейді, ол кісінің тарихта алатын орнын жіті сезінбейді»,- деді Ораз Жандосовтың ұлы, Әли ЖАНДОСОВ. Биыл Алаш арыстарын жазықсыз «халық жауы» деген жаламен оққа байлаған 1937-38 жылғы сталиндік репрессияға 80 жыл толып отыр. Қазақ санын 42 пайызға бірақ қысқартқан сол зұлмат заманды қазіргі қоғам қорқасоқтап еске алады. «Қазақстан бойынша жалпы 130 мыңдай адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астам адам атылған. Ең өкініштісі, сол адамдардың қай жерде жерленгені туралы ешқандай дерек қолымызда жоқ. Білетініміз - жаппай жерленгендер бар. Оралбай ауылының жанында Қандысайда жерленген 25-ші ақпан күні атылған 39 адам. Соның ішінде Нығметолла Сырғабеков, Сәкен Сейфуллин, Жанайдар Сәдуақасов, Құдайберген Жұбанов, Темірбек Жүргенов секілді қазақтың ұлы тұлғалары бар»,- деді Саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы, Жұмабек АШУҰЛЫ. Қазір Бостандық ауданында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған алаш қайраткерлерінің 300-ге тарта ұрпақтары бар екен. Олардың әкелеріне, аталарына арнап кітап шығаруына, бейнефильм жасауына аудан тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде қаладағы білім ошақтарында сол жылдары атылған ардақтыларымыздың ұрпақтарымен кездесулер ұйымдастырылады.  

Серіктес жаңалықтары