203
Оқушы қызды құтқарған тараздық жасөспірім ажал құшты
Оқушы қызды құтқарған тараздық жасөспірім ажал құшты
Тараз қаласында болған жазатайым оқиға кезінде жасөспірім көз жұмды. Тоқ ұрған қызды құтқарамын деген 8-ші сынып оқушысының өзі тоққа түсіп ажал құшты деп хабарлайды КТК арнасы.
Электр желілері өткен құбыр үстінде ойнап жүрген екі қыздың біреуі суға құлап кеткен. Ол өзін тоқ ұрғанын айтып, жанұшыра айғайлап, көмекке шақырған. Жақын маңда жүрген Бекзат Үмбеталиев, ойланбастан суға секіріп танысын сыртқа шығарады. Алайда сол мезетте каналдың ішінде тұрған жасөспірімнің өзін тоқ ұрып, есінен тандырған.
Ал ес-түссіз жатқан 14 жастағы баланы белгісіз азамат судан алып шыққан соң, туыстарына да хабар жетеді. Дереу келген жақындары талып жатқан жасөспірімнің денесін топырақпен көміп, оның бойындағы тоқты жерге сіңірмек болған. Бірақ бірнеше сағат өткенімен, еш нәтиже болмай, 8-сынып оқушысы жан тапсырды. Оның қазасына жақындары енді электр желісіне жауаптыларды айыптауда."Тоқ бар екенін біледі. Неге қарамайды? Не белгі жоқ. Жүгіріп барсам балам жатыр, бетін жауап тастаған. Енді не істеймін, балам-ай!", - дейді көз жасын тоқтата алмаған Бекзаттың анасы Айнұр Үмбеталиева.