Мектеп басшылығынан тепкі көрген шымкенттік мұғалім Президенттен араша сұрады

Мектеп басшылығынан тепкі көрген шымкенттік мұғалім Президенттен араша сұрады

Мектеп басшылығынан тепкі көрген шымкенттік мұғалім Президенттен араша сұрады
ашық дереккөзі
343
Шымкент қаласындағы Н.Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназия­дан шу шықты. Осы мектептің Гүлжан Сәлімбаева есімді мұғалімі басшылардан зәбір көрдім деп интернет арқылы тікелей Мемлекет басшысы Н.Назарбаевқа шағымданды деп хабарлайды Замана басылымы.  Мұғалімнің шағымы «Қасым.кз» сайтында және басқа да электронды ақпарат құралдарында жарияланды. Өзінің Президентке жолдаған шағымында мектеп мұғалімі былай дейді: «Құрметті Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың назарына! Мен – Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласындағы №38 мектептің мұғалімімін.  Сізге бүгінгі таңда аталған мектеп директоры мен оның орынбасарлары тарапынан өте қатты қысым көріп жатқанымды мәлімдегім келеді. Жоғарыда аты аталған мектеп басшылары бізді осы жылдың 4 – 12-сәуір аралығында  негізсіз жұмысқа жұмсады. Тұрғындардың статусын анықтадық, жұмыс істейтін-істемейтінін, хабар-ошарсыз жоғалғандарды, сот тергеуінен жасырынып жүргендерді анықтадық. Осы тапсырманы бітіргеннен кейін, 8-сәуірде анамның халін білуге ауылға кеткен болатынмын. Алайда осы күні мектеп директорының орынбасары телефон шалып, әкімшілік тарапынан тағы да жұмыс түскенін, жұмыс­қа келуім керегін айтты. Жағдайымды түсіндірген едім, айқайлап, таксимен келсең де тез жет, әйтпесе бастықтың алдына апарамын деді. Бірақ мен ол күні қалаға жете алмадым. Сол себепті 10-сәуір күні директор мені өз кабинетіне шақырып алып, орынбасарларының алдында ар-намысыма тиіп, құқымды таптап, қатты сөкті. «Бұл менің емес, қалалық білім бөлімі басшысының тапсырмасы», – деп одан әрі намысыма тиетін сөздер айтты. Келе алмаған себебімді түсіндірейін десем, тыңдамады, тыңдағылары да келмеді. Енді ісім сенімен болсын, сабағыңа кіремін деді. Содан кейін мені тыңдамастан кабинетінен шығарып жіберді. Арада бір сағат өтер-өтпесте директордың орынбасарлары сабағыма кіріп, оқушылардың дәптерлерін жинап әкетті. Сосын олар кабинетіне шақырып алып, жазылған актімен таныстырды. Түсініктеме жаз деді. «Тапсырылған жұмысты орындадым ғой, не үшін акт толтырдыңыз?» – деп едім, жазбасаң тағы да акт түземіз деп қорқытты. Амал жоқ, неге келе алмағанымды айтып түсініктеме жазып бердім. Бұдан кейін де сабағыма қайта-қайта кіріп жиі мазамды алу басталды. Мен мұндай қысымды көтере алмадым, болып жатқан жайды  әріптестеріме де айтып жеткізе алмадым. Содан көп өтпей қан қысымым 170/120 болып, есімнен тандым. Мектеп әкімшілігі маған көмек бермеді. Есесіне аяусыз қорлады. Директордың орынбасарларының бірі бүйірімнен тепті, екіншісі есік-терезелерді жауып, мені видеоға түсірді. Менің осы күйімді көрген басқа мұғалімдер «жедел жәрдем» шақырды. Мен ауруханаға түстім. Менімен бірге ауруханаға мектеп әкімшілігінен ешкім еріп бармады, тіпті үйіме де ескертпеді. Мен ауруханада өзімнің аты-жөнімді атай да алмадым, аяғымнан тұра алмадым. Дәрігерлердің бақылауында 17 күн болдым. Маған «Ситуационный нев­роз» деген диагноз қойылды. Осы қағазды апарғаннан кейін маған қысым жасауды доғарар деп ойлағанмын. Бірақ олай болмады. Мен бұл жағдай жөнінде министр Сағадиевке де шағым жазған болатынмын. Бірақ ол жақтан бүгінге дейін жауап жоқ. Қазір менің халім өте ауыр. Мен хатты Қазақстанның шағым кітабына да жолдадым. Оған қатысты көп комментарийлер, яғни пікірлер түскен. Енді мені сол үшін де қысымға алып жатыр. Әріптестерімді де менен алыстатып жіберді. Оқушыларым мен олардың ата-аналарын да маған қарсы үгіттеп, ұстаздық қадіріме нұқсан келтіріп жатыр. Менің алдымда тек жұмыстан ғана емес, өмірден де айырылып қалу қаупі тұр. Біздің мектепте заңсыздықтар өте көп. Біз бірдеңе дей қалсақ, басшымыздың әкесі билік саласында, күйеуі құқық қорғау органында істейтінін айтып, құқымызды таптап, жігерімізді жасытады. Аса құрметті Елбасы, маған көмек беруіңізді күтемін, сұранамын. Менің үмітім мен тағдырым сіздің қолыңызда. Маған көмек беріңізші!» …Өзінің басындағы ахуал жайында интернетте жариялаған мұғалім осылай деп мұңын шақты. Мұны аз ғана уақыттың ішінде мыңдаған адамдар көріп, өз пікірлерін білдірді. Қазір жұртшылық арасында бұл оқиғаға қатысты таралып жатқан әңгіме көп. Яғни мәселе жалпақ жұртқа жария болды, енді онымен құзырлы органдар айналысып, тиісті бағасын берер деп ойлаймыз.

Серіктес жаңалықтары