421
Лондонда тағы да қантөгіс: 2 терактіден 50-ге жуық адам зардап шекті
Лондонда тағы да қантөгіс: 2 терактіден 50-ге жуық адам зардап шекті
Сенбіден жексенбіге қараған түні Лондондағы көпірде және Боро базары аумағында - елдің билігі мен күш құрылымдары терактіге бағалаған екі оқиға болды. Лондон көпірінде шағын автобус шамамен жиырмадай бір топ жүргіншіні соғып өткен.
Куәгерлердің айтуынша, көліктен үш адам атып шығып, 30 сантиметрден ұзындау пышақтарымен маңайдағыларға шабуыл жасаған. Бұл Ұлыбританиядағы соңғы 2,5 ай ішіндегі үшінші теракті.
Жергілікті БАҚ жеті адамның ажал құшқанын, 20-дан астамының жарақаттанғанын хабарлауда. Бұдан басқа осы кеште Воксхолл ауданында тағы бір төтенше жағдай болды, бірақ бұл лаңкестікке жатқызылған жоқ.
Ұлыбританияның астанасында болған екі лаңкестік шабуыл салдарынан кем дегенде 48 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Лондонның жедел жәрдем қызметі. «Біз Лондондағы бес ауруханаға 48 науқасты жеткіздік және оқиға орнында жеңіл жарақат алғандарға медициналық көмек көрсеттік», - делінген қызметтің Twitter-дегі жазбасында.
Террорлық актілерден зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл жайында ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов өзінің Фейсбуктегі парақшасында жазды.
«Лондон полициясы бүгін түнде болған оқиғаны террористік әрекет деп бағалады. Осы уақытқа дейін бар ақпарат бойынша, Лондондағы шабуылдар салдарынан қаза болған және зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл алдын ала ақпарат. Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі тиісті анықтау жұмыстарын жалғастыруда», - деп жазды Әнуар Жайнақов.