558
Туымыз бен Елтаңбамызға - 25 жыл!
Туымыз бен Елтаңбамызға - 25 жыл!
Еркін елдің егемендігін айқындап, тәуелсіздігін тұғырлы ететін не? Шекарасы, әскері, төл валютасы, тілі мен ділі деп тізбектей беруге болады. Алайда бір ел екінші елдің дербестігін ең әуелі мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы, Әнұранына қарап таниды. Бір қиырынан екінші қиырына дейін ұшқан құстың қанаты талып, жортқан аңның тұяғы шағылатын ұлан-ғайыр даланың иесі де, киесі де қазақ екенін дәлелдеп тұрған төл нышандарымызға биыл 25 жыл толып отыр. Тәуелсіздіктің ажырамас белгісіне айналған тұғыры биік Туымыз, ұлт ұлықтайтын Елтаңбамыз, асқақтата әуелеткен Әнұранымыз ширек ғасыр бойы мемлекеттің мерейін үстем етуге қызмет етіп келеді.
Мемлекеттік нышандарымыз осыдан тура 25 жыл бұрын, 1992 жылдың 4 маусымында бекітілген болатын. Сол күні көгілдір түсті туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан елтаңбамыз бүкіл әлемге Қазақстан Республикасы атты тәуелсіз мемлекеттің бейнесін паш етті. Елдің еңсесін тіктеп, рухын биіктеткен айрықша күн шежіремізге алтын әріптермен жазылып, жыл сайын ҚР мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтіледі.
2007 жылы 4 маусымда Астана қаласында Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 15 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» республикалық жастар форумында сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Бұл рәміздер біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер», – деген болатын.
Расында да, мемлекеттік рәміздері еліміздің бетке ұстар құжаты сияқты халқымыздың тағылымды тарихын, мәдениетін, кие тұтатын ұлттық құндылықтарын өз бойына жинақтаған. Отансүйгіштік сезімнің бастау көзіне айналған көк Туымыздың бейнесі белгілі суретші Шәкен Ниязбековтің қылқаламынан туса, Елтаңбамыз – танымал сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың еңбегі.
Елтаңбаға көз тастағанда ең әуелі назарымыз шаңыраққа түседі. Шаңырақ – қазақ үшін отбасының берекесі мен тыныштығының белгісі. Оның ортасындағы түндіктен көгілдір аспан көрінеді. Барлық тарабына тең тараған уықтар – өмір мен жылулықтың бастауы. Яғни, Елтаңбамыз еліміздегі барша халықтарды бір шаңырақтың астына шақырып, ортақ үйіміз –Қазақстанның мықты уықтарына айналуды үндейді. Төл нышанымызда алтын қанатты, мүйізі ай тәріздес тұлпарлардың бейнеленуі тарихтан тамыр алады. Арғымақтың бейнесі геральдистер тілінде терең мағына мен мазмұнға ие. Ол дұшпанға қарсы шыққанда қорқыныштан ада арыстанды, сұңқардың самғауын, өгіздің күшін, бөкеннің шапшаңдығы мен икемділігін, түлкінің тапқырлығын білдіреді екен. Сондай-ақ, арғымақтардың қанаттары бидайдың буылған алтын сабақтарына ұқсас. Бұл еңбек бар жерде молшылық пен тоқшылық, ырыс пен ынтымақ бар екенін меңзейді.
Тудағы көгілдір түстің таңдалуында да үлкен мағына жатыр. Бұл түс еліміздің бұлтсыз келешегіне, ортақ аспан астында өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың бейбіт те берекелі тіршілігіне деген сенімді бейнелейді. Көгілдір түс – аспан мен өмір нәрі – судың да түсі. Халықаралық ауқымда алып қарасақ, саясатта ашық көк түсті ту көтерген халық барынша сеніммен, түсіністікпен қабылданады және біркелкі түс мемлекеттің тұтастығын, тұрақтылығын меңзейді. Өмір бастауы мен қуаттылықтың нышаны – алтын күн, халқымыз үшін киелі құс – бүркіт те егемендік алып, еңсе тіктеген жас мемлекетті әлемдік өркениеттің биігіне жетелеп тұрғандай.