430
Бердібек Сапарбаев Шалқар әкімімен шұрық тесік жолды әдейі жүріп өтті
Бердібек Сапарбаев Шалқар әкімімен шұрық тесік жолды әдейі жүріп өтті
Шалқар мен Ырғыз аудандарына іссапармен барған облыс басшысы екі ортадағы сапасы сын көтермейтін жолмен жүріп өтті, деп хабарлайды «Тілші».
Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, Ақтөбе облысы республикадағы жолы нашар аймақтардың бірі.
Екі аудан орталығының арасы шамамен 160 шақырым. Алайда, жол талғамайтын көліктердің өзі екі араны үш сағатқа жуық уақытта әрең жүріп өтті.
Бердібек Сапарбаев қасына әдейі Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниевті ертіп шықты. Екі ауданның шекарасына келгенде облыс әкімін Ырғыз ауданының басшысы Мәди Елеусізов күтіп алды.
Аудан басшыларына өңірдегі кемшіліктерді көрсетіп, оны жою үшін шаралар қолға алу керектігін ескертті.
Екі ауданды қоса алғанда 7-8 ауылының тұрғындарымен кездескенде Бердібек Сапарбаев облыс жолдарына қатысты жасалып жатқан жұмыстарды да айтып өтті.
«Бүгінде Ақтөбе мен Атырау арасында жол құрылысы басталды. Шалқардан Бейнеу бағытына қарай жол салынады деп жоспарланған. Ақтау мен Астана арасына түсетін жол Ырғыздың үстімен өтеді.Үлкен қалалардың арасында жол қатынасы болу керек», — деді ол.
Облыс басшысы аудан аралықтары да жалғанатынын жеткізді.