294
Париж келісімі: Трамп шешімінің жаһанға қаупі қандай?
Париж келісімі: Трамп шешімінің жаһанға қаупі қандай?
Дональд Трамп сөзінде тұрды. Өзінің сайлауалды бағдарламасында бүкіләлемдік климаттың жылыну мәселесі жөніндегі «Париж келісімінен» бас тартуға уәде берген президент айтқанын орындауға кірісті. Өткен аптада Ақ үйде сөйлеген сөзінде ол аталған келісім АҚШ экономикасына зиян келтіретінін айтты. Трамп өз мемлекеті үшін қолайлы шарттар енгізе отырып, жаһан елдерімен жаңа келісім жасауға ниетті. Алайда Еурокомиссиясы президенті Жан-Клод Париж келісімінің шарттарын еске салып, одан қалаған уақытта шығып кету мүмкін емес екенін ескертті. Көпке ортақ тәртіпке бағынуды ұнатпайтын Трамп Обама қол қойған құжаттың ережелерін елей қояр ма екен?
1 маусымда Ақ үйде сөйлеген Трамп «Американы және оның азаматтарын қорғау туралы қасиетті міндетімді орындау үшін АҚШ климатқа қатысты Париж келісімінен шығады. Бірақ келісімге АҚШ үшін, оның бизнесі, халқы мен салық төлеушілері үшін әділ мүлдем жаңа шарттар енгізіп барып қайта қосылу жөнінде келіссөз бастайды», – деді.
Ауаға парниктік газдары шығаруды азайтып, ғаламдық температураның жоғарылуына қарсы іс-қимылдар жасауды қарастыратын келісімге өзге 193 мемлекетпен бірге 2015 жылы АҚШ-та қол қойған болатын. Барак Обама үкіметі 2025 жылға дейін парниктік газдардың шығуын 2005 жылмен салыстырғанда 26-28 пайыз азайтамыз деп сендірген еді. Алайда Трамп Обаманың АҚШ атынан берген уәдесін орындаудан бас тартатынын мәлімдеді. Бұл ойын ол алғаш рет сайлауалды бағдарламасында-ақ айтқан болатын. АҚШ-тың одақтастары Трампты келісімнен шықпауға көндірмек болды, бірақ дегенін істемей қоймайтын президент райынан қайтқан жоқ.
Дональд Трамптың айтуынша, Париж келісімінен шығу арқылы АҚШ өндірісіне тың серпін беруге болады. «Бұл келісім – климат жөніндегі емес, өзге мемлекеттердің АҚШ есебінен жағдайларын жақсарту жөніндегі келісімі», – деді АҚШ президенті. Ол мысал ретінде Қытай мен Үндістанның көмір өндірісін тілге тиек етті. Трамптың пікірінше, АҚШ келісім талабы бойынша көмір өндірісін шектеуге мәжбүр болса, Бейжің мен Дели осы саланың арқасында табысын арттырады. «Егер Париж келісімі жүктеген міндеттерді орындасақ, 2025 жылға қарай АҚШ 2,7 миллионға жуық жұмыс орнынан айрылады», – деп мәлімдеді ол.
Дональд Трамп БҰҰ-ның Жасыл климаттық қорына да шүйлікті. Оның айтуынша, дамушы елдерге, жаһандық климаттық өзгерістерден зардап шегіп отырған мемлекеттерге көмектесу мақсатында қорылған бұл қор АҚШ-тың миллиардтаған қаржысына ауыз салуда. Кедей мемлекеттерге онсыз да жеткілікті жәрдем көрсетіп отырғанын міндетсіне мәлімдеген Трамп мырза америкалықтардың қаржысын жоқ-жітікке бөліп беруге құлқы жоқ екенін ұқтырды.
Жердің «қызуы» көтеріліп барады
Париж келісімінің басты мақсаты – ғаламшардың орташа температурасының индустриаландыруға дейінгі кезеңдегіден 2 градусқа жоғары көтерілмеуін қадағалау, мүмкіндігінше 1,5 градусқа дейін төмендету. Ол үшін қазба отындар – газ, мұнай және көмір қолданысын шектеу керек. Отынды үнемсіз жағу және ағаштарды аяусыз кесу арқылы адамзат ауа қабатына шығарылатын көмірқышқыл газының көлемін жыл өткен сайын ұлғайтып келеді. Салдарынан ғаламшар температурасы артып барады. Қазіргі таңда ауаға көмірқышқыл газын тастау жөнінен АҚШ әлемде екінші орында. Бірінші орында – Қытай, солтүстіктегі көршіміз – төртінші орында. Егер АҚШ-тың шешімі өзге мемлекеттердің де Париж келісімінен бас тартуына түрткі болса, Жер шарының ластануына тосқауыл қою мүмкін болмай қалады. Яғни ғаламдық жылыну процесінің қарқыны арта түседі деген сөз. Мұның ақыры не боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Мұздықтар еріп, теңіз деңгейі күрт көтеріледі, шөл және шөлейт жерлердің аумағы ұлғая түседі. Қазірдің өзінде жағдай мәз емес: адамзаттың соңғы 50 жылдағы тіршілігінің нәтижесінде Арктикадағы температура -10 градустан -5 градусқа дейін көтерілген. Ал 1970-2002 жылдар аралығында арктикалық мұздар алып жатқан аумақтың төрттен бірі кеміген. Жер бетінің ауа температурасы көтеріліп келе жатқанын айтып, ғалымдар дабыл қаққалы да талай жылдың жүзі болды. Климаттың өзгеру қаупі туралы ең алғаш рет 1975 жылы сөз қозғалды. Сол жылдың 8 тамызында «Scіence» атты журналда америкалық климатолог Уоллес Брокер ауа райының күрт өзгере бастағанын алға тартып, алғаш рет «жаһандық жылыну» терминін өмірге әкелген еді. Ауа райының өзгеру құбылысын екі мың жылға тарта тарихы бар климатология ғылымы зерттеп келеді. Алайда өткен ғасырдың соңына дейін бұл ғылымның ізденістеріне адамзат қауымдастығы тарапынан аса бір қызығушылық бола қойған жоқ. Жер шары расында да қызып барады. Өткен ғасырда ауаның температурасы бүкіл дүние жүзінде Цельсия бойынша 0,7 градусқа жылынған. Ал соңғы 15 жыл ішінде температураның жоғарылау жылдамдығы 0,3-0,4 градусқа артқан. Соның салдарынан Килиманджаро шыңдарын ғасырлар бойы құрсаған қарлар еріп, теңіз түбіндегі маржанды жартастар ізсіз жоғалуда. Климатологтардың айтуынша, жаһандық жылыну үрдісі жалғаса берсе, Жер бетінде климат өзгеруінен зардап шекпеген бір де бір адам қалмайтын көрінеді. Вашингтон университетінің ғалымдары Игнатиус Ригор мен Джо Валластың соңғы 25 жылдың ішінде жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, мұз көлемінің азаюы мен жұқаруының Солтүстік мұзды мұхитындағы ағыстар мен Арктикаға ғана емес, Солтүстік Атлантикаға да әсері бар. Ғалымдар арада 30-40 жыл өткенде Солтүстік мұзды мұхиты жылдың жылы мезгілдерінде толығымен мұз құрсауынан толық босайтындығын алға тартады. Әлемнің ең биік мұзарт шыңы Гималай тауларының да мұздақтарына еру қаупі төнген. Егер дәл бүгінгі қарқынмен жалғаса берсе, онда 2060 жылдары мұздақтардың үштен екісі, ал 2100 жылдары барлығы еріп кетеді. Бұл – әлемдік экожүйеге төнген аса зор қатер болмақ. Жаһандық жылынудың ауыл шаруашылығына, экономикаға тигізген залалы әлем елдерін қазірдің өзінде тығырыққа тірей бастады. Мәселен, 2012 жылғы Еуропаның оңтүстігін қамтыған ыстық жаз Италия, Испания, Францияда жүзім өнімін жинауды 12 пайызға төмендеткен. Температураның 35 градустан жоғарылауы жүзім өсіміне кері әсерін тигізетінін айтқан ғалымдар келешекте шарап шығарушылар мұндай қиындықтарға жиі тап болатынын ескертуде. Климат өзгеруінің ауыл шаруашылығына келтірер залалы қуаңшылық пен су басуға ғана қатысты емес. Ғаламдық жылыну қарқынының артуы тропиктік зиянкес жәндіктердің мейлінше кең аймақтарға таралуына да жол ашпақ. Ғалымдардың айтуынша, қазірдің өзінде тропикалық зиянкестердің таралуы жылына 3 шақырым жылдамдықпен солтүстікке жылжи түскен. Ал кейбір саңырауқұлақтар 6-7 шақырым жылдамдықпен жылжып келе жатқан көрінеді. Санамалай берсек, биосфераның жылынуы салдарынан туатын қатерлер шаш-етектен. Оның бәрі өзінің тіршілік әрекеттерінің нәтижесі екенін адамзат баласы ұқты. Бірақ ғаламшарымызда жаһандық жылынудың қорқынышты салдарына сенбейтіндер әлі де бар. Тіпті ғылымда бұл құбылысты сипаттайтын жеке термин де пайда болды: климаттық скептицизм. Бұл бағыттың көзқарасын қолдаушылар климаттық өзгеріс және оның адам баласының тіршілігіне әсері жайлы ғылыми ізденістердің нәтижесін жоққа шығарады. АҚШ халқының үштен бірі, ұлыбританиялықтардың 40 пайызы, ал Еуропа тұрғындарының 27 пайызы «жаһандық жылынудың қауіп-қатері жайлы болжамдар тым әсіреленген» деп есептейді.«Трамп америкалықтарды масқара етті»
Бүгінде әлемдік ғылыми қауымдастық АҚШ президентін климаттық скептицизмді жақтаушылардың ең басты өкілі деп біледі. Алайда Париж келісіміне мойынсұнғысы келмеген Дональд Трамптың шешімі әріптестерінің арасында қолдау тапқан жоқ. Одақтастары мен бәсекелестері оның келісімді қайта жасау туралы ұсынысын шетке ысырды. Франция, Германия, Италия басшылары бірлескен мәлімдемелерінде: «Біз келісім қайта қаралмайтынын ескертеміз» деді. Олар Трамптың келісімнен шығу туралы шешімін «өкінішті» деп бағалап, әлемнің қалған елдерін климаттың өзгеруімен күресті күшейтуге шақырды. Маусымның 1-і күні жасаған телевизиялық үндеуінде Франция президенті Эммануэль Макрон «Б» жоспары жоқ, өйткені «Б» планетасы жоқ. Біз келісімді қайта қарамаймыз. Оны қайта қараудың жөні жоқ», – деді. Еурокомиссия президенті Жан-Клод Юнкер АҚШ президенті Дональд Трамптың Париж келісімінен шығу туралы шешімін «үлкен қателік» деп атады. АҚШ-тың жақын одақтастары – Ұлыбритания, Германия, Жапония көшбасшылары де өндіріс қалдықтарын көп шығаратын елдің бірі – АҚШ-тың келісімнен бас тартқанына өкініш білдірді. Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, климат мәселесі бойынша Еуропа елдерімен ынтымақтасуға уәде берген Қытай үкіметі де Трамптың шешімін «жаһандық дәрежедегі қателік» деп бағалады. Десе де, Бейжің АҚШ президенті райынан қайтарына күдерін үзбеген тәрізді. Олай дейтініміз, Синьхуа жариялаған Қытай билігінің ресми мәлімдемесінде: «Дональд Трамп келісімнен шығу үшін бұлтартпас себептер керек екенін, АҚШ-тың Париж келісімінен шығуының салдары қандай болатынын түсінеді деп үміттенеміз», – делінген. Ал Ресей басшылары Трамп шешімін «құрметтейтіндерін», бірақ келісімнен шығып кетуді қолдамайтындарын мәлімдеді. Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков: «Ресей климат туралы келісімнің шарттарын сақтайды, оны жасаудың өзі кезінде үлкен шаруа болған еді. Келісім бір елдердің ғана мүддесін қорғауы керек деген талап дұрыс емес», – деді. Трамптың Париж келісімінен шығу туралы шешімі АҚШ-та да дауға ұласты. Конгрестегі республикашыл депутаттар Трамптың батылдығын қолдап, оның 194 елдің алдында қаймықпағанын құптаған. Ал Конгрестегі демократтар оның бұл әрекетін «қоршаған ортаға зиянды» және «әлемдік көшбасшы мәртебесінен бас тарту» деп атады. Былтырғы сайлауда Демократиялық партия атынан президент сайлауына кандидат болуға тырысқан АҚШ сенаторы Берни Сандерс: «Біздің планетаны болашақ ұрпаққа сақтау үшін еңбектенуден бас тартуға моральдық құқығымыз жоқ», – деп мәлімдеді. АҚШ штаттары мен қалаларының басшылары да Трамп әрекетіне қарсылық көрсетуге уәде беріп үлгерді. Олар Барак Обама ұсынған қоршаған ортаны ластайтын өндірістік қалдықтарды қысқарту жоспарын ары қарай жалғастыруға ниетті. Дональд Трамптың қылығына қырын қарағандардың қатарында АҚШ-тың сыйлы саясаткерлері де бар. Бұрынғы мемлекеттік хатшы Джон Керри Трамп шешімін «АҚШ-тың әлемдік ықпалын азайтатын, елдердің қашқақтауына себеп болатын қадам» деп бағаласа, мемлекеттің бұрынғы вице-президенті Альберт Гор «Трамптың бассыздығы АҚШ-тың әлемдегі беделіне нұқсан келтіріп жатыр», – деді. Барак Обаманың пікірі де Гордың ойымен үндес. «Трамптың бұл шешімі америкалықтарды әлем алдында масқара етеді, бірақ АҚШ штаттары мен қалалары, өндіріс орындары климаттың жылынуымен өз беттерінше күресе беретін болса, Трамп әрекетінің зияны азаяды деп сенемін», – деді экс-президент.Питтсбург үмітті ақтамады
Наразылық танытқандардың жан-жақтан жабылса да, сынға сыр алдыра қоймайтын Трамп сасқан жоқ. Өз шешімін ақтап алуға тырыспады да. «Мені Париж тұрғындары емес, Питтсбург тұрғындары сайлаған, мен солардың мүддесін қорғауға тиіспін», – деп қысқа ғана қайырды. Мұндай мәлімдемеден кейін Питтсбург мэрі президенттің сөзін сөйлейтініне сенімді болған жұрт қателесті. «Питтсбург 20-ғасырда болат қорыту орталығы болған шығар, бірақ қазір ол – «жасыл» қала және экологиялық-технологиялық прогреске ұмтылып отыр. Питтсбург әлеммен бірге Париж келісімін сақтайды», – деді Билл Педуто. Мэр Питтсбург тұрғындарының 80 пайызы Хиллари Клинтонға дауыс бергенін Трамптың есіне түсіруді де ұмытқан жоқ. Былтырғы сайлауда Трампқа негізінен АҚШ-тың ауыл шаруашылығы аудандарындағы көмір өндіретін өңірлер тұрғындары дауыс берген еді. Сайлауалды бағдарламасында «Париж климат келісімі АҚШ-тағы миллиондаған тау-кен және өңдеуші кәсіпорындардағы жұмысшылар мүддесіне қарсы» екенін айтып, «Шетелдік лидерлер енді АҚШ экономикасын қалай реттеу керек екені туралы ақыл үйретпеуі керек, оны біздің азаматтарымыз бен олардың сайлауда жеңген өкілдері шешуі тиіс», – деп ұрандатқан Дональд мырзаға сол кезде іші жылығандар бүгін одан теріс айналуда. Трамптың шулы мәлімдемесі күллі әлемді әбігерге түсірді. Бірақ бұл АҚШ Париж келісімінен бүгін не ертең шығып кетеді деген сөз емес. Аталмыш құжатқа қол қойған мемлекет одан ойына келген уақытта бас тарта алмайды. Еурокомиссия президенті Жан-Клод Юнкер мәлімдегендей, ол үшін 4-5 жыл уақыт керек. «АҚШ келісімнен оп-оңай шығып кете алмайды, Трамп келісімнің кейбір шарттарын білмейтін сияқты», – деді Юнкер. Демек, АҚШ Париж келісімінен шықса, оның соңынан өзгелер де ереді деп даурығуға әлі ерте. Келісім бойынша міндеттелген мерзім аяқталғанша Трамптың билікпен қоштасатын уақыты да таяп қалады. Ал оның екінші мерзімге сайлануы неғайбыл.