Сусамыр болған науқастар тендерге телміріп отыр

Сусамыр болған науқастар тендерге телміріп отыр

Сусамыр болған науқастар тендерге телміріп отыр
ашық дереккөзі
1669
Жуырда  Қазақстан диабет қауымдастығының өкілдері дабыл қақты. Олардың айтуынша, елімізде қант диабетінің ауыр түріне шалдыққан науқастарға 8 айдан бері инсулин жеткізілмей отыр. Тендерді бюрократиялық созбалаңға салғаны үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен «СҚ-Фармация» компаниясын айыптаған қауымдастық дерті асқынған науқастардың жағдайына алаң. Бүгінде қант диабеті ауруына шалдыққандар санының өсуі – әлемдік медицинаның ең өзекті түйткілдерінің бірі. Ғаламшарымыздың 400 миллионнан астам тұрғыны осы дерттің құрығына ілінген. Нақтырақ айтсақ,  Халықаралық диабет федерациясының есебінде 415 млн адам тіркеулі. 2005-2015 жылдар аралығында қант диабетімен ауыратын науқастардың саны 130 пайызға өскен. Өткен жылы ересектердің бірінші типтегі ауруға шалдығуы 3,1 пайызға артса, балалар мен жасөспірімдерде ол 4,5 пайызға өскен. Жаһан дәрігерлерінің болжамынша, 2040 жылға қарай әлемде қант диабетіне шалдыққан адамдардың саны 642 миллион адамға жету қаупі бар. Біздің еліміздегі жағдай да мәз емес. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің штаттан тыс эндокринологы Лаура Даниярованың айтуынша,  290 мыңнан астам қазақстандыққа «қант диабеті» диагнозы қойылған. Олардың саны жыл сайын 12 пайызға өсіп келеді. Ресми деректер бойынша 2015 жылы  дерттілердің қатары 30 мың 346 адаммен толықса,  2016 жылы бұл ауруға  тағы  26 мың 524 адам шалдыққан. Олардың  90 пайызы – екінші типті диабетке шалдыққандар. Бұл – тек тіркеуге алынғандардың есебі. Дертті екенін білмей жүргендер қаншама. Денсаулық сақтау мамандарының зерттеулеріне қарағанда, елімізде қант диабетімен ауыратын науқастардың нақты саны 700 мыңнан асып кетеді. «Науқастардың көбі қант мөлшерінің көбейіп кеткенін біле бермейді. Қант диабетінің бірінші типімен ауыратындар есінен танып құлап қалады. Ал екінші типке жататын дерт көпке дейін белгі бермейді. Сондықтан көп адамдар қант диабетіне шалдыққанын өте кеш біледі», – дейді Қазақстан диабет қауымдастығы президенті Лейла Жұбандықова.

«Семіздікті қой ғана көтереді»

Дәрігерлер 45 жастан асқан, дене салмағы ауыр адамдар мен гипертонияға шалдыққан жандарға қант диабетіне ұдайы тексеріліп отыру керегін ескертеді. Дерттің бұл түрі тұқым қуалайды. Сондықтан туысқандарының бірі қант диабетімен ауырған адамдар да тексерістен жиі өтіп тұрғаны жөн дейді мамандар. Қант диабетін алдын ала байқау мен дер кезінде емдеуге бұл дертті туғызатын себептердің нақты анықталмай отырғандығы кедергі болып отыр. Алматы қалалық 10-емхананың эндокринолог дәрігері Ғалия Сейтматованың сөзінше, диабеттің 1-типтік түрі инсулин өндіретін асқазан безінің реакциялары бұзылған жағдайда пайда болады. Ауруды тудыратын бірнеше себеп бар: вирустар, жеткілікті түрде ана сүтін ембеу және баланы сиыр сүтімен ерте тамақтандыру, құрамында азотты заттардың, тамақ пен суда токсиндердің болуы. Ал мамандар 2-типтегі диабеттің таралуын тоқтатуға болады деп есептейді. Ол үшін дене салмағын азайту, физикалық жүктемені ұлғайту, дұрыс тамақтану секілді қарапайым дағдыларды ұстану қажет. Яғни, батыстық өмір салтын түбегейлі өзгерту керек. Балалардың 25 пайызы семіздіктен қасірет шегетін Египет, Мальта және АҚШ сияқты елдер диабеттің алдын алу үшін артық салмақпен күресті мықтап қолға алуда. «Қант диабетін тудыратын негізгі факторлар –  дұрыс тамақтанбау және стрестік жағдайлар. Құрамында көмірсуы көп тамақ түрлерін, тәтті бәліш, кәмпит, балды мейлінше шектеген жөн. Фаст-фуд, майға қуырылған картоп, қытырлақ нанды да аздап жеу керек. Спортпен шұғылданып, көп қозғалу қажет. Егер ауыз құрғап, көп шөлдесеңіз бірден дәрігерге баруға кеңес береміз», – дейді Ғалия Сейтматова.

Диабеттің ақыры – зағиптық

Аурудың ақыры неге апарып соғатынын білмейтіндер дәрігерлердің ескертуіне құлақ аса бермейді. Диабет асқынып кетсе өте қауіпті. Ақ халаттылардың сөзіне сүйенсек, жүрекке қан таситын тамырлардың аурулары диабетпен ауыратын 45 жастан жоғары адамдардың 20 пайызында байқалады. Бұл аурудың даму қаупі басқаларына қарағанда 2-4 есеге артық. Диабеттің бұл түрі дамыған елдердегі науқастардың мүгедектігі мен өлімінің негізгі себебі болып отыр. Диабетпен ауыратын адамдарда инсульттің даму қаупі 2-4 есеге жоғары және 2-типті диабеті бар адамдардың 15 пайызы осыдан қайтыс болады. Сусамырдың ағзаға тағы бір зияны – микроқантамырлары аурулары арқылы пайда болатын нефропатия ауруына шалдықтырады. Бұл бүйректің жұмыс істеуін нашарлатады. Соның салдарынан асқынулар жиі болып, соңы қайғылы жағдаймен аяқталып жатады. Зерттеулер диабетпен ауырған адамдардың 2 пайызы 15 жылдан кейін зағип болып қалатынын дәлелдеп отыр. Сау адамдарға қарағанда, зағиптық қант диабетіне шалдыққандарда 25 есе көп кездеседі екен. Сусамырмен ауыратын әрбір науқастың ерте ме, кеш пе, көру қабілеті нашарлайды. Ол ауру мерзіміне, қандағы қанттың мөлшеріне, дұрыс тамақтануға, үнемі офтальмолог пен эндокринологтан тексерілуден өтуге тікелей байланысты. Көп жағдайда көз қарығуы, блефарит, теріскен сияқты көз аурулары диабеттің белгілері болуы мүмкін. Егер көзді шел басып, қозғалмалы дақтар пайда болса, ауру қауіпті фазаға өтті деген сөз. Медицина тілінде мұны диабеттік ретинопатия деп атайды.

Тендерге телміргендер

Қант диабетін емдеудің негізі – дұрыс тамақтану. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, емдеудің медикаментті құралдарын қолданбастан тек диета сақтау арқылы ғана ауруды үш жылға дейін асқындырмай ұстауға болады. Одан кейін дәрігерлер науқасқа қантты азайтатын дәрі-дәрмектер тағайындайды. Олардың көмегімен 2-типтік қант диабетімен ауыратындар бес жылға дейін қанттың орташа деңгейін ұстап тұра алады. Бұдан кейін дәрі-дәрмектер мен инсулинге көшеді. Адам қанындағы қант мөлшерін  қалыпты деңгейде ұстайтын инсулин препаратын өткен ғасырдың алғашқы жартыжылдығында канадалық жас ғалым Фредерик Бантинг ойлап тапқан  болатын. 1922 жылдың қаңтарында ол тарихта тұңғыш рет қант диабетінің аса ауыр түрімен сырқаттанған 14 жастағы ұл балаға инсулин екпесін жасап, науқастың өмірін құтқарып қалды. Инсулинге патент алып, қалтасын қампайтудың  орнына Бантинг барлық құқықты Торонто университетіне берді. Одан әрі инсулинді шығару құқығы Медициналық зерттеулер бойынша Канадалық кеңеске өтті, сөйтіп 1922 жылдың соңында дәрі-дәрмектер нарығында жаңа препарат пайда болды. Бантингтің жаңашылдығы әлем бойынша миллиондаған адамның өмірін сақтап қалды. Қант диабеті бүгінгі күнге дейін жазылмас дерт болып отырғанына қарамастан, инсулиннің арқасында адамдар бұл сырқатты бақылауда ұстауды үйренді. Алайда елімізде сусамырдың ауыр түріне шалдыққан науқастарға 8 айдан бері инсулин жеткізілмей отыр. Бүгінде қант диабетімен ауыратын 18 мыңға жуық адам инсулинге зәру болса, олардың 2,5 мыңы балалар екен. Солардың бірі – Наталья Мәжитованың кенже ұлы. Екі жылдан бері қант диабетімен ауыратын баласының күтімі үшін анасы биыл жұмысын да тастаған. Өйткені инсулині таусылғалы бері науқастың жағдайы нашарлап кеткен. Ал оған балама ретінде дәрігерлер ұсынған өзге препараттар көмектеспей жатқан көрінеді. «Төрт күн бұрын бізде өткен жылдан қалған «Лантус» инсулині таусылды. Диабет орталығынан оған балама ретінде «Левимир» деген дәріні берді. Ол басқа фирманың өнімі болғандықтан, айырмашылығы көп. Тиісінше оған қайтадан бой үйрету қиындықтар туындатады. Дозасына бейімделіп, қанның нормасын қалпына келтіргенше, бала қиналып кетеді. Төрт күн болды бізде ұйқы жоқ», – дейді Наталья Мәжитова. Елімізде Наталья Мәжитованың баласы сияқты 2,5 мың бала мен жасөспірім инсулинге тәуелді. Ақуыз гармоны, яғни инсулин мемлекеттен тегін беріледі. Ақ халаттылардың айтуынша, бұған дейін шетелден жеткізілетін «Гларгин Лантус» препараты сусамыр дертіне шалдыққандар үшін ең қолайлысы. Ол ұйқы безі мен қандағы қант мөлшерін қадағалауда өзін клиникалық тұрғыдан ақтаған дәрі дейді мамандар. Бірақ өткен жылы тамыз айынан бастап осы инсулин түрі елімізге жеткізілмейтін болыпты. «Бюрократиялық созбалаңның кесірінен, міне, 8 айға созылып кетті. Тендер өткен жылы тамыз айында өткізіліп, қант диабетінен зардап шеккендерге қажетті инсулин жеткізілетін уақыт болды. Бірақ біз әлі күтіп отырмыз. Денсаулық министрлігімен, бас эндокринологпен байланыстық. Ол министрдің бұйрығының шыққанын, жақын күндері тендер өтеді деген хабарын жеткізді. Бірақ біз күтуден шаршадық», – дейді ҚР диабет қауымдастығының президенті Ләйлә Жұбандықова. Қант диабетіне шалдыққандарды өзге инсулинге бейімдеу эндокринолог дәрігерлер үшін де қиын процедура. Себебі бір инсулинге үйренген организмге басқа дәріні егу кері әсерін береді екен. Диабет қауымдастығының дерегінше, «СҚ Фармация» былтыр «Гларгин Лантус» препаратын сатып алу үшін өндірушілерге төмен баға ұсынған. Сол себепті шетелдік өндірушілер бұл инсулинді біздің елге сатпай отырған көрінеді. Сондықтан бұл мәселе тығырыққа тірелді дейді мамандар. Ләйлә Жұбандықованың сөзінше, Қазақстанда қант диабетімен ауыратын науқастардың инсулиннен басқа да мұқтажы жетерлік.  «Қант мөлшерін өлшейтін құрал жетіспейді. Әр науқасқа жылына 10 қорап өлшеу құралын береді. Бір қорапшада 500 тест жолақшасы бар. Ол бір жылға жетпейді. Өйткені науқас қан мөлшерін күніне бес рет тексеріп отыруы керек», – дейді ол. ҚР диабет қауымдастығы 2014 жылдан бері қант диабетіне мониторинг жүргізіп келеді. 2015-2016 жылдары жүргізілген мониторинг кезінде 15 аймақты аралаған мамандар еліміздегі қант диабетінің алдын алу және емдеу ісінің кемшіліктерін анықтады. – Негізгі түйткілдерге тоқталсақ, бірінші кезекте балалар эндокринологы сияқты қызметкерлердің жетіспеушілігі, одан кейін диабеттерге арналған кабинеттердің аздығы, арнайы диабетті анықтайтын мамандардың жоқтығы, мемлекеттік бюджеттен диабеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыруға қаржы бөлінбегендігі. Сонымен қатар, диабеттік орталықтардың тек облыстық ауруханаларда ғана бар екенін атап өткім келеді. Ең басты мәселе – білімді мамандардың тапшылығы, –  дейді Ләйлә Жұбандықова. Бір қарағанда тұмау тигендей жеңіл-желпі өте шығатын сырқат секілді боп көрінгенімен, қант диабеті атүсті қарайтын дерт емес. Асқынып кетсе, зағиптыққа, сал ауруына, кейде тіпті өлімге әкеліп соғуы ғажап емес. Сондықтан жеген ас, ішкен судың залалсыздығын, қозғалыстың белсенділігін қадағалау маңызды. Сусамырды емдеудің төңірегіндегі күрмеуі көп түйткілдер де созбаққа салынбай шешімін табуы тиіс.

Серіктес жаңалықтары